Үйленгеннен кейін бақытты болудың шарттары
Үйленгеннен кейін бақытты болудың шарттары
8 жыл бұрын 10746

Бақытты қоғам бақытты отбасылардан түзіледі. Қоғамдық проблемалардың бір себебі бақытты отбасын құра алмауда жатыр. Қазіргі мейлінше артып бара жатқан отбасы ішілік кикілжіңдер, ажырасулар, дау-дамайлар айналып келгенде бақытты қоғам құруға жол бермеуде. Біз бүгін отбасы, сауда, қоғамдық және жеке адамдық қатынастарымызға дейін өмір сүру үлгімізді Құран мен сүннет бағытында реттей алмағандығымыз үшін көптеген проблемаларға тап болудамыз. Соның бірі үйленбей тұрып алды-артын жақсы ойламау салдарынан көптеген жас шаңырақ ажырасумен тынуы.  Нәтижеде артта өзара кінәласқандар, ата-анасымен ренжіскен балалар, бір-біріне көз алартатын құдалар мен туыстар, басқа да келеңсіздіктер қалады.

Мынаны айтуға болады, егер дүниеге, ақыретке, өмірге, үйленгенде құрған шаңырағымыздың ерекшелігіне, Құран мен сүннет өлшемдері тұрғысынан қарамасақ, қателіктерден көз ашпаймыз. Онда үйленгісі келетін жастардың бақытты шаңырақ көтеру арманы орындалмай, бақыт пен шаттықты көп іздейміз, бірақ таппаймыз. Өйткені жасауымыз керекті істерді, ескеруіміз керекті сақтық шараларын о бастан ойламадық. Сауданы бақыламаған, пайда мен зиянын салмақтамаған саудагердің саудасы кері кеткені секілді үйлену құқын, жауапкершілік пен міндеттерін білмеген жұптар да отбасылық өмірді алға сүйрей алмайды. Бұл мақалада үйленіп, бақытты отбасы болғысы келетін көптеген бауырларымызға мұқият көңіл бөлу керекті мәселелерді қолға алдық.

1. Ер-азаматтар үшін Пайғамбарымыздың «Әйелмен төрт себепті неке қиылады: тегі, дүниесі, сұлулығы және діндарлығы. Сен діндарын таңда» деген кеңесін ұмытпау керек. Хадисте аталған барлық ерекшеліктердің бір әйелдің бойында жинақталуы қиын. Бірақ бұл үйленерде әйелдің тек діндарлығына ғана қарап, басқа қырларын елемеу дегенді білдірмейді. Хадисте меңзелген жайт, ер-азаматтар бақытты отбасын құрғысы келсе, тегі, сұлулығы, бақуаттылығы секілді ерекшеліктері жеткіліксіз болса да, ең дұрысы діндар әйелмен үйлену. Жаратушы ие аятта былай дейді: «Иман етпеген жағдайда Аллаға серік қосатын әйелдермен үйленбеңдер. Аллаға серік қосатын әйел ұнаса да, мүмин күң Аллаға серік қосатын әйелден әлдеқайда артық. Иман етпеген жағдайда Аллаға серік қосатын ер кісілерге әйелдеріңді қоспаңдар. Аллаға серік қосатын азат ер кісі ұнаса да, иман еткен құл одан әлдеқайда артық. Олар отқа шақырады, Алла болса, кеңшілігімен жұмаққа әрі кешірімге шақырады. Ол адамдарға аяттарды насихат алып, ойлансын деп түсіндіреді» (Бақара, 221). Сондықтан бақытты отбасын құрғысы келген ер кісілер әйелдің діндарлығын елеусіз қалдырмауы тиіс.

2. Үйленерде отбасында құқықтық жауапкершілік болатынын ұмытпау керек. Шаңырақтың басшылары да, сәулетшілері де ерлі-зайыптылардың өздері. Шаңырақ әйелге де, ерге де өте маңызды жауапкершіліктер жүктейді. Осы себепті ол жауапкершіліктер мен міндеттерді тез арада үйреніп, не істеу керектігін жақсылап ұғынған дұрыс (Отбасы ғылымхалынан мәлімет алуға болады).

3. Үйлену – бұйрық мәселесі. Ол Алланың тағдыры мен бұйырған игілігі.  Алланың өзіңізге бұйырған ізгі жар мәселесінде нәпсі мен шайтанға еріп, бұйырғалы тұрған игіліктер нығметтерді кері қайтармаңыз. Небір адамдар бар, Алла өзіне қайырлы іс нәсіп етсе де, сыртқы сұлулық пен сыртқы кедергілерден аса алмай, өзі үшін қайырлы болуы мүмкін болашақ жарларынан бас тартқан.

4. Үйленетін кісінің сізге сай әрі тең болуына мән беріңіз. Өмір сүру стиліңіз, экономикалық жағдайдан отбасылық ерекшелігіңізге, жұмысыңызға дейін барлығына ойша шолу жасаңыз. Яғни өзіңіздің және үйленетін кісінің әлеуметтік, мәдени және экономикалық ерекшеліктерін салыстырыңыз. Көптеген тұста сәйкессеңіз, кейіннен туындауы мүмкін көптеген мәселелерді басынан болдырмайсыз деген сөз.

5. Үйленбей тұрып ақылдасуға мән беріңіз. Үйленетін кісіге қатысты міндетті түрде ата-анаңыздың разылығы мен құптауын алыңыз. Ата-анаға бағыну діни міндет болып табылады. Аллаға қарсы келмеу шартымен үйлену мәселелесінде ата-анаға бағыну да қажет. Көптеген бауырымыз үйленетін жарды анықтарда ата-анасына қарсы келіп, үлкен проблемаларға душар болуда.

Бұл мәселе айтарлықтай маңызды. Үйленетін жар қаншалықты жақсы болса да, ата-ананың разылығын алмай үйленгенде, бақытты бола алмайсыз. Оған мысал көп. Бірақ бұл ата-ана ылғи да дұрыс ойлап, дұрыс шешім қабылдайды деген сөз емес. Таңдаған кісіңіз жайлы тиісті адамдармен ақылдасып, өзіңізге сай екеніне көз жеткізсеңіз, осы таңдаған адамыңызға ата-анаңыз қарсы болса, сабыр етіңіз, мейлі өзіңіз, мейлі туыстарды араға салып ата-ананы көндіруге тырысу керек. Мүмкін кейде ата-анаңыз сізге жамандық ойламауда, алайда жеткілікті мәлімет алмағандықтан, сіз ойлаған кісімен үйленуге қарсы болуда. Қазіргі уақытта көптеген жастар ата-анасының разылығын алмастан отбасын құруда, содан барып оның зардабын тартып, бақытта бола алмай зар илеуде. Әрі ата-анасымен араластығын үзуде. Көптеген отбасының мейлі әділ түрде, мейлі әділетсіз түрде ата-анасының қысымымен шайқалғанын да ұмытпаңыз.

6. Үйленуге тым асығыстық жасап, таңдаған адамыңызды жақсы танымастан, үйленуге шешім қабылдамаңыз. Бірақ үйленуді кейінгі жылдарға да тым ысыра бермеңіз. Үйленетін адамды тануда қатты асығу да керек емес, үйленуді тым кешіктіруге де болмайды.

Жақсы ойланыңыз және мәліметтерді толық қарастырыңыз. Өмір бойы баршылықта да, жоқшылықта да бірге болып, бір-біріңізге қолдау білдіретін жанмен бас қоспақсыз. Үйлену мәселесінде жар таңдағанда, дұрыс ойлап, дұрыс шешім қабылдап, шешім қабылдағанда асығыстық жасамаңыз.

Барлық зерттеп, қарастырып және ақылдасудан кейін шешім қабылдап, артынан кім не десе де кері шегінбеңіз. Көбіне жар таңдауда табансыз, осал болғандықтан, оның атынан басқалар шешім қабылдауда, бұл жағдай болашақта шешімі қиын мәселелер туындатуда. Осы себепті үйленетін жастардың әсіресе үйленумен қатысты білімді, сезімтал, саналы болуы, үйленерде өздерінің белсенді рөл атқаратындықтарын ұмытпауы керек.

7. Үйленетін адамның діндар болуы қаншалықты маңызды болса, тегі, ажары, көркі, дене пішіні, отбасылық жағдайы, руханият пен дүниеге деген көзқарасы, материалды жағдайы да еленбей қалмауы керек. Үйленетін кісімен отбасылық өміріңіз ғұмыр бойы жалғасатындықтан, бірге тұруыңыз бірнеше ай не бірнеше жылмен шектелмейді. Үйленетін кісіде ұнатпаған, жағымсыз жайт болса, ол кейінгі отбасылық өміріңізде проблема болуы мүмкін. Ажыраспау, отбасыны құртпау үшін отбасы іргетасын мықтап қалау керек. Сондықтан алдын ала жеті рет өлшеп алуға тиіссіз.

8. Болашақ отбасылық өмірдегі өз рөлдеріңізді жақсылап анықтаңыз. Көп жастар бір-бірін қатты жақсы көріп үйленгенмен, отбасылық өмірдегі жауапты рөлдерін жақсы білмегендіктен, аз уақытта сезімдері суып, бір- бірін көргісі келмей, ажырасып тынады. Жастардың бір-бірін сүйіп қосылуы шарт, дегенмен махаббат барлығын шешпейді. Жалаң махаббат сезімі отбасын ұстап тұруға жеткіліксіз. Махаббатқа қоса құрмет, кеңпейілділік, айтқанға бағыну отбасылық өмірдң маңызды факторлары болып табылады.

Үйлену жауапкершілікті, міндеттемелер алуды білдіреді. Үйленген жандар көптеген жауапкершілікті мойынға іледі. Өкінішке қарай, көптеген отбасыларда ерлі-зайыптылар бұндай жауапкершілік пен міндеттерді алып жүре алмағандықтан, не бақытсыз, не сүреңсіз отбасылық өмірін жалғастыруда немесе ажырасуға бел бууда. 

Отбасылық өмірде егер әйел заты болсаңыз, күйеуіңізге бағыну жауапкершілігінен үй істеріне, балаларды күтуге дейін рөлдеріңізді жақсы үйреніңіз. Исламда мұсылман әйел кісі қандай болуы керек? Мұсылман әйелдің бейнесі, қасиеттері, жауапты әрі міндетті тақырыптарын жақты меңгеріп, үйленбей тұрып осыларға қанығу керек.

Ер азамат болсаңыз, жұбайыңыздан балаңызға дейін, бүкіл отбасын асырауға міндетті екеніңізді, отбасын басқару сізге тиесілі екенін, жарыңызды сыйлап, оған жақсы қарауыңыз керектігін, отбасы ішілік тыныштық пен жайлылықты ұстап тұрушы екеніңізді ұмытпауыңыз керек. Әйелден әлдеқайда күшті, мығым екеніңізді, отбасы ішілік кикілжіңдерді болдырмауда бірінші дәрежеде жауапты екеніңізді қаперде ұстауға тиіссіз. Үйленбей тұрып, Исламның мұсылман ер кісіге берген жауапкершіліктерін жақсылап ұғынып алуыңыз керек.

9. Үйлену бақытты болуды, шаттықта өмір сүруді білдіреді. Екі бақытсыз жанның қосылып түңілуін білдірмейді. Ол ұрыс-керіс, күйеуінің әйелін қорлықта ұстауы секілді қиыншылыққа тола ауыр өмір болмауы тиіс. Отбасын құрған жан діннің жартысын тәмамдағаны. Өкінішке қарай, бүгінгі уақытта көптеген кісінің отбасылық өмірі ерлі-зайыптыларға артылған жүкке айналып отыр.

10. Отбасылық өмірді қиындатпаңыздар, жеңілдетіңіздер. Қазіргі таңда қыз жағы болашақ күйеу жігітке енеден бөлек тұруын, ауыл емес қалада тұру, бақуатты болу секілді талаптар қоюда.

Үйлену ауыр жүк ретінде көрініс беруде. Алланың бұйрығы, пайғамбарының сүннеті болып табылатын бұл ең қайырлы ошақты ұстап тұру барынша қиындатылған.

Қорыта айтар болсақ, үйлену және отбасылық өмірге салғырт қарамау керек. Ол өзіндік ережелері мен жауапкершілігі, міндеттері бар ошақ. Бақытты ислами отбасы иманды, саналы, жауапкершілігін сезінетін жастар арқылы қалыптасады. Саналы, өзіндік міндеттерін дұрыс атқаратын жандардан жақсы отбасы, ал жақсы отбасылардан жақсы азаматтар тәрбиеленіп шығады. Ал жеке адамдары бақытты болса, олардың әрбірі қоғамның мықты іргетасы болып саналады.

1 пікір