«Дүниелік ісіңді мәңгі өмір сүрердей жаса, ал ақыреттік ісіңді ертең өлетіндей орында».
«Дүниелік ісіңді мәңгі өмір сүрердей жаса, ал ақыреттік ісіңді ертең өлетіндей орында».
7 ай бұрын 1895

Сахаба Абдулла ибн Амр ибн Астың (радияллаһу анһу) мұсылмандарға айтқан мынадай бір кеңесі бар:

اعمل لدنياك كأنك تعيش أبداً، واعمل لآخرتك كأنك تموت غدا.

 «Дүниелік ісіңді мәңгі өмір сүрердей жаса, ал ақыреттік ісіңді ертең өлетіндей орында!»

1) Ардақты сахабаның бұл сөзінен дүниеден күдер үзбеуді түсінуге болады. 

2) «Бәрібір өлеміз ғой» деп, дүниелік тіршілікке немқұрайлы қарап, өлімді күтіп жатудың дұрыс еместігін ұғамыз.

3) Жасаған ісіңіз ертеңгі ұрпаққа мұра болып қалатындай қылып жасау керектігін түсінеміз.

4) Бізге ардақты сахабаның бұл сөзі қай істі болса да өте сапалы, жоғарғы деңгейде орындау керек екендігін үйретеді.

Осы секілді өсиеттерден шабыттанған бұрынғы ертеректегі мұсылмандар істерін өте сапалы орындайтын болған. Мысалы, олардың соққан мешіт-медреселері, моншалары, көпірлері т.б. ғимараттары қанша ғасыр өтсе де хас шеберліктің үлгісі болып, күнімізге дейін жеткенін көзіміз көруде. Қазіргідей технология жоқ о заманда қалайша өміршен мұра қалдыра алды екен деп еріксіз таңданасыз.

Сапа дегеннен шығады, өкінішке орай, қазіргі таңда еліміздегі кейбір құрылыс нысандарының сапасыз салынғанын көріп ішіңіз ашиды. Еліміздегі біраз тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейтіндігі жасырын емес. Бірер жыл бұрын жаңа салынған көп қабатты үйдің шаңқай түсте, ел аман, жұрт тынышта құлап қалғанына куә болдық. Оның бәрі ұрлық пен жемқорлықтың кесірі және патриоттықтың жоқтығы. Бөлінген ақшаны басшылар жесе, одан қалғанын құрылыс басындағылар жейді, одан қала берді жұмысшылар құрылыс материалдарынан ұрлап сатады, соның нәтижесінде сапасыз үйлер бой көтеруде.

Және мысалы, өзге дамыған елдерде бір салынған асфальт бір ғасырға дейін жараса, біздің елде жыл сайын жөнделеді. Мәселен, Германияда салынғанына 80 жыл толған асфальт жолдар кездеседі екен және неміс еліндегі көп асфальттар сонау Гитлердің кезінде төселген асфальттар деседі, бір ғасырға жуық уақыт өтсе де сапасы жоғалмай, халық игілігіне жарап тұр. Мемлекетім өміршен, елім мәңгі, туым биік болсын дейтін ұрпақ сол өзі тұрып жатқан мемлекеттің ісін де мәңгі қалатындай істеуі тиіс еді. Алайда...

Ал ақыреттік құлшылықтарды риясыз, құдды о дүниеге ертең аттанатындай шын ықыласпен орындауымыз керек. Мысалы, көбіміз намазға тұрғанда ойымыз өзге дүниелік бір нәрседе тұрады. Денеміз жайнамазда, ойымыз басқа жақта, әйтеуір оқимыз. Әрине, намазда тұрғанда шайтан түрлі ойларды салары сөзсіз және ой бұзылғанға намаз бұзылмайды. Бірақ жүректеріміз дүниеге деген махаббатқа толып қалғаны соншалықты, шайтанның да керегі жоқ шығар. Намазға деген немқұрайлылық - о дүниеге деген ғапылдықтан пайда болатын дерт. Мысалы, Құдай сақтасын, егер ертең өлесің десе, намазымызды қалай оқыр едік, ә?! Құдай көріп тұр деген сезіммен, әрбір сүрені, әрбір дұғаны асықпай оқып, әрбір намаз қимылын асықпай хушуъпен орындап, бұ дүниеде намаздан басқа ешқандай іс жоқтай, аяғымыз талып, ісіп кеткенше сағаттарша қиямда тұрар едік. Бұрын Пайғамбарымыз намазды солай оқыған. Одан кейін сахабалар мен тәбиғиндер намаздарында ертең өлетіндей сезіммен оқыған. Мәселен, сахабаның көзін көрген ғұлама Имам Ағзам Әбу Ханифаны (р.а.) алалық. Имам Ағзам Әбу Ханифаның (р.а.) түнде намаз оқып тұрып «бір рәкәғатта» бүкіл Құранды толық оқитындығы бірнеше деректе расталған. Мисъар ибн Кидәм секілді өзі ғалым, өзі хадисші ғалым өз көзімен көргенін Хафс ибн Абдуррахман есімді Хорасандық ғалымға былай деп әңгімелеп берген:

«Бір күні мешікте кіргенімді намаз оқып тұрған бір ер адамды көрдім. Оның Құран оқу әуезі құлағыма жағып, бергі жақта тыңдап тұрдым. Құранның жетіде бір бөлігін оқығанша тыңдап тұрдым. Рүкуғ жасайтын шығар дедім. Жоқ, жасамады. Құранның үште бір бөлігіне жетті. Енді рүкуғ жасайтын шығар дедім. Жоқ, жасамады. Құранның жарымына жетті. Осылайша, сол күйі тапжылмай бір рәкәғатта бүкіл Құранды оқып шықты. Кейін барып, анықтап қарасам Әбу Ханифа екен» деп әңгімесін аяқтаған4.

Міне, ақыреттік істерімізді істегенде де ертең өлетіндей істеуіміз тиіс екен.

Ендігі жерде, жоғарыда келтірілген сахаба сөзін қуаттар ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздан да бірнеше хадис жеткендігін біле жүргеніміз жөн (саллаллаһу алейһи уә сәлләм). Мәселен, Имам Суютидің хадистер жинағында орын алған бір риуаятта Алла елшісі (с.а.у.) былай деп бұйырған:

«Бір істі ешқашан өлмеймін деп ойлайтын адамша істе. Ал (Күнәдан) сақтанарда ертең өлемін деп қорқатын адамның сақтанғанындай сақтан!»1.

Тағы бір хадисінде сүйікті пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп кеңес етеді:

  َ قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : إنْ قَامَتْ السَّاعَةُ وَفِي يَدِ أحَدِكُمْ فَسِيلَةً فَلْيَغْرِسْهَا.

"Егер Қиямет қайым болып, біреулеріңнің қолында құрма ағашының көшеті тұрса, оны ексін"2.

Және басқа бір асыл сөзінде былай деген:

إن الله يحب إذا عمل أحدكم عملاً أن يتقنه

 «Сендердің әлдебір істі істегенде өте сапалы жоғары деңгейде істеулеріңді Алла сөзсіз жақсы көреді»3.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: дүниелік ісімізді де, ақыреттік ісімізді де немқұрайлылық танытпай, өте сапалы жоғарғы деңгейде жасауымыз -  төл дініміз Исламның талабы екен! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым 


1  Имам Суюти: «әл-Жәмиъус Сағир», 1201 хадис. Абдулла ибн Астан жеткен.
2  Имам Бұхари, "Əдəбуль мүфрад". Сахаба Əнəс риуаят еткен.
3  Имам Табарани, «әл-Әусат».
4  Имам Зәһәби: «Мәнәқибуль Әби Ханифа.

0 пікір