Ғибадатта материалдық мүдде көзделмейді
Ғибадатта материалдық мүдде  көзделмейді
9 жыл бұрын 2622
С. Сених

Ғибадат рухы - ықылас болып табылады. Ықылас – ғибадаттың тек әмір етілгені үшін атқарылуы. Егер қандай да бір басқа пайда мен мақсат көзделер болса, ондай ғибадат жаңсақ. Пайда мен басқа да мұрат-тілектер ғибадаттың негізгі мақсатынан тыс қосарлы нәрселер. Айталық, бес уақыт намаз оқитын адам құлшылығының мақсаты Алла Тағаланың бұйрығын орындау, өзіне міндеттелген парызынан құтылу деп емес, керісінше денсаулыққа пайдасы тиер деген ниетпен оқыса, онда оның оқыған намазы дұрыс болмайды. Сауаптан құр алақан жай ғана спорттық жаттығу болғаны. Бұны ақыл-ой қисынға да салып таразылуға болады. Мысалы, қол астыңыздағы қызметкеріңізге аса абыройлы жұмыс тапсырсаңыз, ол әлгі жұмысты сіз тапсырған үшін емес, өзінің бас пайдасына жарайтындығы үшін атқарса, я болмаса сіз оны бір жаққа тапсырмамен жұмсасаңыз, ол сіз жұмсаған жаққа тапсырманы орындау мақсында емес жай ғана қызықтап қыдырып барып-қайту мақсатында барып келсе, ол сіз айтқан міндетті лайықты түрде атқарған болып санала ма? Сіз тіпті ондай санасыз адамды есігіңіздің маңайына да жуытпайсыз, солай емес пе? Сол секілді қызметкерлеріңіз бен туған-туыс, дос-жарандарыңыз да не сізді сыйлап алдыңызда құрақ ұшса, не жай өздерінің бас пайдасын ойлап сізді маңайлап жүрген болса іштей қайсысын ұнатып, қайсысын адамгершілікке жатпайды деп бағамдар едіңіз? Міне, осы тұрғыда Ислам діні ниетке аса көп көңіл бөлген. Адам қандай да бір іс немесе діни міндетін атқарар кезде ең әуелгі ниеті Алла ризалығы болуы керек. Әр ісімізге мән беріп: апыр-ай, мен осыны Алланың разылығы үшін істедім бе, әлде өз пайдам үшін істедім бе - деп өзімізге сұрақ салуымыз керек. Егер біз өзіміздің қара басымыздың қамы үшін атқарған болсақ, онда ол істі дін үшін я болмаса Алла үшін істедім деу жалғандық. Тіпті Тозақтан құтылып, Жұмаққа бару секілді құлға пайдасы тиер ақыреттік мақсаттар дін міндетінің мұраты болып саналмағанда ондай ақыреттік пайда күту де дұрыс емес болып есептелер еді. Қай діни міндетті атқармасын тек қана Алла Тағаланың ризашылығы көзделіп, бұйырылғанды ғана орындап тыйымдардан қашу ғана болар еді. Бұған қоса, алдыңғы қатарлы мұсылмандар көзқарасында діни үкімдердің түпкілікті мақсаты болу үшін о дүниелік мақсаттардың өзі әр түрлі дәрежелерге бөлінеді.

Ғибадат пен үйреншікті дағдыны ажыратуда оның дүние мен ақыреттік пайдаларына көз салу жеткілікті өлшем болып табылады. Нақтырақ айтсақ, ақыреттік пайда үшін жасалған нәрселер ғибадат, ал керісінше дүние үшін атқарылған нәрселер күнделікті үйреншікті дағды болып табылады. Адамның тіпті діни, ақыреттік міндетті орындауда да қандай да бір пайда көздеуі оның тым пайдакүнемдік пен менмендікке салынуынан туындаса керек. Діни сенім адам жаратылысымен астасып келумен қатар, оның бойындағы барша сезімдерін жөнге салып шыңдайды, пайдакүнемдіктен арылтып жомарттыққа үйретеді. Діни үкімдерді дүниелік мақсаттарға негіздеу орынсыз. Оған ақыл-ой, қисын тұрғысынан да басқа тұрғыдан да дәлелдер жетерлік. Құранда Алла Тағала: «Кім ақырет пайдасын қаласа, оның сауабын арттыра түсеміз. Кім дүниелік пайданы көздесе оған да қалағанын береміз, бірақ оның ақыреттік нәсібі болмайды» (Шура-20).

«Кімде-кім жасаған ісі арқылы дүниелік пайданы қаласа, қалаған адамымызға тілеген нәрсесін дүниеде береміз. Артынша оны Тозаққа тастаймыз. Ол мейірімнен аластатылған кейіпте Тозаққа барады. Кімде-кім мүмин ретінде ақыретті қалап, сол үшін тырысса, олардың тырысушылығы шүкірге (қабыл болуға) лайық» (Исра-18-19). 

«Кімде-кім дүние тіршілігін және оның кісіқызығарлық ләззаттарын қаласа, біз олардың еңбегінің ақысын дүниеде сол күйі толықтай өтейміз. Бұл тұрғыда олардың есебі түгел. Бірақ олар ақыретте өздерін от күтіп тұрған, жасаған амалдары еш кеткен адамдарға жатады. Онсыз да барлық істеген істері еш» (Хұд, 15-16)

Хадисте «Қиямет күні біреу: - Алланан өзге біреу үшін кім не істесе барып содан қайтарымын сұрасын!» деп айғайлап дауыстайды.

Тағы бір хадисте: «Алла Тағала ақыретті ниет еткендерге дүние береді, бірақ дүниені қалағандарға ақыретті бермейді» делінген.

«Бухаридегі» ең әуелгі «Амалдар ниетке байланысты» деген хадис те ел арасында кең танымал.                

Діни үкімдердің қоғамдық әрі материалдық пайдаларын зерттеп, зерделеп, оларды шебер тілмен басқаларға түсіндіру, Ислам дінінің терең хикметін таныту ғалымдарымыздың иығына жүктелген міндет. Алайда бұл мәселе мұсылмандардан гөрі басқа діндегілерге қарсы қолдану тәсілі болғаны жөн. Дегенмен бұл дүниенің пайдалары мен әсемдіктерінен мұсылмандардың да хабардар болуы әрине пайдалы. Осы тұста бір айта кетер жайт, бұл мәселені тану-білу деңгейінде ғана ұстаған жөн. Неге десеңіз жоғарыда да айтып өткеніміздей егер діни міндеттерді атқаруда біз оның бізге әкелер пайдасына бола атқаратын болсақ ниетте қателікке ұрынатындығымыз. Шынтуайтында діни міндеттерді орындаудағы басты мақсат – Алла Тағаланың разылығын көздеу, Жаратушының бұйырған әмірлерін қалтқысыз орындау, ақыреттік жауапкершілігі мол міндеттен арылу болу керек. Ғибадаттың дүниелік пайдалары болса осы әуелгі ниеттен кейінгі кезекте тұрады.

1 пікір