Ислам дінінде аңшылық туралы не айтылған?
Ислам дінінде аңшылық туралы не айтылған?
5 жыл бұрын 3437 kazislam.kz
Сұлтан КЕРІМ

Қансонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға.

Жақсы ат пен тату жолдас­ – бір ғанибет,

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға, – деп Хакім Абай жырлағандай, күз келіп, аңшылықтың маусымы жетіп, аңшыларымыз да сақадай сайлануда. Ауыл шаруашылығы министрлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті елімізде 1-қыркүйектен бастап күзгі-қысқы аңшылық маусымның басталғанын жариялады. Сондай-ақ, аңның бәрін бірдей аулауға болмайтынын, оның ішінде 34 сүтқоректінің, 59 құстың аулануына рұқсат берілгендігін де мәлімдеді. Онда да бір аңшы қанаттылар мен үлпек жүнділердің бір түрінен тәулігіне бесеуінен артық ауламауы керектігін ескертті.

Көріп отырғаныңыздай, әр нәрсенің тәртібі мен әдебі болады. Сол секілді шариғатта да аңшылықтың өзіндік талабы мен тәртібі бар. Мұсылман болған соң, мұны білу – әрбір аңшыға міндет. Ендеше біз сіздерге Ислам дініндегі аңшылықтың әдебінен біраз хабардар етпекшіміз.

Бір күні Қудаға тайпайсынан Әбу Сәғләбә әл-Хушәни есімді адам аңшылық жайлы ақпарат алу үшін Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен аңшылығымен танылған бір елдімекенде өмір сүремін. Аңға садақпен, аңшылыққа үйретілген итіммен, кейде үйретілмеген де итіммен шығамын. Бұлар ұстаған аңның қайсысы халал болады, осы жайында мәлімет берсеңіз», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Садағыңмен «Бисмилләһ» деп атып алған аңыңды жеуіңе болады. «Бисмилләһ» деп аңға қосқан аңшы итіңнің әкелген аңын да жеуіңе рұқсат. Ал үйретілмеген итіңнің ұстаған аңын бауыздап үлгерсең ғана жей аласың», – деп жауап береді. Міне, бұл хадистен халал болған жануардың да етінің жеуге жарамды болуы үшін шариғат өзінің тәртібін белгілеген.

Құран Кәрімде және Пайғамбарымыздың хадистерінде ауланатын аңдарды пайдалана алу үшін ең әуелі «бисмилләнің» айтылуы шарт екені білдірілген. Бұл жайлы Құран Кәрімде: «Ей, Мұхаммед! Олар сенен өздеріне нелердің халал етілгендігін сұрайды. Сен оларға айт: «Сендерге таза нәрселер халал етілді,  Алланың өздеріңе үйреткені бойынша аң аулауға үйретілген (бүркіт, тазы сияқты) жыртқыштардың сендерге ұстап бергендерін жеңдер және (аңшы хайуанды аңға жібергенде) «бисмилләһ» деп айтыңдар. Алладан қорқыңдар. Шынында Алланың есеп алуы өте тез», – делінген («Мәида» сүресі, 4-аят). Бұл аятта айтылғанындай, аңшы садағын, найзасын, мылтығын атарда немесе үйретілген аңшы итін аңға саларда «бисмилләһ» деп айту аңның халал болуы үшін бірінші шарт екенін білуі тиіс. Осылайша аңшы Алланың берген нығметін тек Оның есімімен ғана өзіне халал ете алады.

Ади бин Хатим аңға шыққан иттерін көрсетіп, олардың алып келген еттерінің жағдайы қалай болатынын сұрағанында Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үйретілген аңшы иттеріңді Алланың есімін атап салғанда ұстаған аңдарын же!» – деп жауап береді. Пайғамбарымыздың тағы бір хадисінде: «Садағыңды атарда Алланың есімін айт («бисмиллә» де)» – деуі де «бимилләні» айтудың маңыздылығына меңзеуде. Осы және өзге де риуаяттарда «бисмилләні» әдейі айтпаған жағдайда аңның халал болмайтындығын білдірсе, айтуды ұмытып кеткен жағдайда еш айыбы жоқ екені білдірілген.

Хадистерде аңға ит, сұңқар, бүркіт секілді үйретілген жануарлар және құстармен шығуға және бұлардың ұстаған аңын жеуге болатындығын білдірілген. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Ади бин Хатимге аңшылықтың негіздерін үйрету барысында: «Аң аулауға үйретілген иттеріңді «бисмилләһ» деп аңға салғанда ит аңды (буындырып) өлтіріп қойса да оның етін же. Ал ит аңды жей бастаған болса, оның етін жеме. Себебі, бұл жағдайда ит аңды өзі үшін ұстағаны. Егер аңның басында басқа да иттер жиналып алса, ол аңыңды жеме!» – дейді.

Арабтар бұрын бір ұшы өткір темір, ал ортасы қалың шоқпар боп келген «мирад» атты қаруды аңшылыққа қолданған. Сахабалар, тіпті, Пайғамбарымыздан (с.а.у.) осы қаруларының да үкімін сұраған. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл қарудың өткір ұшы тиіп өлтірілген аңның етін жеуге болатынын, ал ұшы емес, ортасындағы шоқпардай қалың сабы тиіп өлген аңның еті халал болмайтындығын айтқан. Құран Кәрімде де тас, ағаш секілді қатты нәрселермен ұрып өлтірілген хайуанның еті жеуге жарамайтындығын ескерткен. Ауырдың астында қалып бастырылып өлген хайуандардың үкімі осыған кіреді. Өкінішке қарай, бүгіндері әлеуметтік желілерден, аң былай тұрсын, көптеген мал сою пунктерінде малды ұрып өлтіріп жатқан оқиғаларды жиі көретін болдық. Соны істеп жүргендер де обал-сауапты ұмытқан мұсылмандар.

Дініміз Исламда аңның етінен, терісінен, кейбір мүшелерінен пайдалану немесе зарарынан қорғану мақсатында ғана аңшылықпен айналысуға рұқсат береді. Одан басқа аңшылықтан ләззат алуға, көңіл көтеруге оң қарамайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ешбір жандыны нысана ретінде қолданбаңдар!» – дейді. Алла Елшісі бұл әрекеттің халал болмайтындығын, керісінше лағынетке себеп болатынын ескерткен.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың мына ескертулерін де естен шығармаған жөн: «Кімде-кім ешбір себепсіз бостан-босқа бір торғайды болсын өлтірсе, қиямет күні ол торғай Алла Тағалаға: «Уа, Раббым! Пәленше мені нақақтан-нақақ өлтірді. Мені пайдасына жарату үшін өлтірмеді», – деп өзін өлтірген адамның үстінен шағымданады», – деген Пайғамбарымыз (с.а.у.). Сондай-ақ: «Ешбір себепсізден-себепсіз, нақақтан-нақақ бір торғайды не одан да үлкен құсты өлтірген адамнан Алла Тағала есеп сұрайды», – дегенінде: «Уа, Алланың Елшісі! Құсты нақақ өлтірмеудің жолы не?» деп сұраған сахабаларға Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Аңшының ұстаған аңын талапқа сай сойып, жеуі. Басын да кесіп лақтырмауы»,  – деп жауап берген. Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жануарға зәбір көрсеткенді Алла лағынет етсін!» – деген.

Ендеше, аңшылықта да шектен шығуға жол жоқ. Дініміз ауламақ болған аңды да талапқа сай, Алланың есімін атап сойып, адалынан жеуге насихаттайды. Қазақтың аңның өзіне «обал болады», «киесі ұрады» деген сөздерінің барлығы дініміздің осы бір талаптарынан алынғаны сөзсіз.

0 пікір