Алғаш рет зейнетақы (пенсия) төлемін тағайындаған Әзіреті Омар еді, оған түрткі болған мына бір оқиға
Алғаш рет зейнетақы (пенсия) төлемін тағайындаған Әзіреті Омар еді, оған түрткі болған мына бір оқиға
1 жыл бұрын 2735

Бұдан алдынғы жазбамызда өзінің әділдігімен, ерлігімен және даналығымен дастан болған Әзіреті Омардың жаңа туылған сәбилерге жәрдемпұл (пособие) тағайындағаны жайында әңгімелеген едік. Әйткенмен, абыз сахабаның ел басқарып тұрғандағы халыққа жасаған иігіліктері бұнымен бітпесі анық. Мысалы, ол бірде қазынадан халыққа дүние таратып береді. Оның бұл жақсылығына жұрт ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып жатады. Сонда Әзіреті Омар олардың алғыс айтып жатқандарын біртүрлі көріп: "Өздерінің ақыларын - өздеріне таратып беріп жатырмыз. Мұны менің сыйлығым сияқты көріп, не көрінді оларға?!" - деген екен абыз сахаба (радиаллаһу анһ). 

Әзіреті Омардың (Алла оған разы болсын) ел басқарып тұрғандағы тағы бір жақсылығы - алғаш болып қарт кісілерге «зейнетақы» тағайындауы еді және ең қызығы, алғаш зейнетақы тағайындалған қарт кісінің мұсылман емес, яһуди дініндегі қарт кісінің болуы еді.

Әзіреті Омардың ондай шешімді қабылдауына мына бір оқиға түрткі болған. 

Бір күні Халифа Омар Медине қаласының көшелерінің бірімен келе жатып, қайыр сұрап тұрған егде жастағы қарияны көріп қалады. Қасына барып: 

- Қария, кім боласыз? - деп сұрайды.

- Мен Яһуди бір шалмын, сендерге жизия салығын өтейтін менде ақша жоқ, міне осылай қайыр тілеуге тура келеді- деп жауап береді. 

Сонда Әзіреті Омар оған:

- Қария, сізден жас күніңізде салық алып келіп, қартайғанда қараусыз осылай қалдырғанымыз әділдік емес, - деп оған және отбасына жетерліктей азық-түлік бергіздіріп, қазына басшысына ай сайын өзіне және отбасына жететіндей айлық беріліп тұруын тапсырады.

Осыдан кейін қария жастағылардан салық алынбасын деген қаулы шығарып, есесіне оларға белгілі мөлшерде жәрдемақы беріліп тұруын әмір етеді. Осылайша Әзіреті Омар тарихта алғаш рет егде жастағыларға зейнетақы тағайындаған кісі ретінде тарихта қалады.

Әзіреті Омардан бір ғасыр кейін өмір сүрген өзімен аттас бесінші әділ халифа саналатын Омар ибн Абдульазиз есімді басқа бір әділ халифа, Әзіреті Омардың бұл үрдісін қайта жандандырып, жұмыс істеуге шамасы келмейтін егде жастағы діні бөтен қарияларға қазынадан зейнетақы бөлініп тұруына қатысты жарлық шығарады. Оның ол жарлығында қартайған құлдарға қатысты да заң бар еді, ол заң бойынша қожайыны өзінің қол астындағы қартайған құлына өлелгенше немесе азаттығын алғанша ішім-жемін қамтамасыз етіп тұруы керек болды1.

Міне тарихта осындай ұлағатты ұлы тұлғалар өткен болатын! Алла олардан разы болсын! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1  Әбу Убәйд әл-Қасым ибн Сәләм: «Китабуль Әмуәл» - жизия уәл хараж. 

Дайындаған А. Қасым

0 пікір