Ғибратқа толы «Ухуд» шайқасы
Ғибратқа толы «Ухуд» шайқасы
9 жыл бұрын 17994
Дайындаған Абдусамат Қасым

Әбу Суфиян бастаған Мекке мүшріктері «Бәдір» соғысындағы жеңілістің қарымтасын алу мақсатында Мұхаммед пайғамбарға қарсы соғысқа қайта әзірленеді. Қалың қол жинап, мұсылмандарды түп-тамырымен жоюды жоспарлаған Меккелік «Құрайыш» тайпасына «Әхәбиш» дейтін араб тайпалары да келіп қосылады. Осылайша бас-аяғы 3 (үш) мыңға жуық әскер Ислам нұрын сөндіру үшін Медине қаласын бетке алады. (1000 әскер Құрайыш руынан, қалған екі мыңы Кәнәнә мен Тәһәмә атты одақтас тайпалардан құралады).

Мединеде Алла елшісі (с.а.у.) келе жатқан қауіпті ести сала мәжіліс құрып, сахабалармен ақылдасады. Кеңесте күн тәртібінде екі нәрсе тұрды:

  1. Қаладан шықпай, іштен қорғану әдісін қолдану ма?
  2. Әлде, қала сыртына шығып, ыңғайлы жерде дұшпанпен бет-бет шайқасу ма? Қайсысы оңтайлы?

Сахабалардың арасындағы ақсақалдары бірінші әдісті қолдаса, жастау жағы екінші әдісті құп көрді. Мединедегі екі жүзді мұнафиқтардың басы Абдулла ибн Үбәй ибн Сәлул де бірінші әдісті ыңғайлы деп санады.

Екінші тәсілді құптағандардың арасында Бәдір соғысына қатыса алмаған мұсылмандар да бар-тын. Олар, Пайғамбарымызға: «Уа, РасулаЛла! Дұшпандармен бетпе-бет келуге рұқсат бер. Біздің олардан қорықпайтынымызды, сескенбейтінімізді білсін», - деп өтінді. Пайғамбарға (с.а.у.) өтініштерін мақұлдатқанша оның қасынан кетпеді. Соңында Алла елшісі екінші тәсілді құптамаса да келісімін берді. Үйіндегі сауытын киіп, қаруын қолына алды. Алайда, сахабалар Алла елшісінің ұнатпаған әдісті мәжбүрлеп қабыл еттіргендіктеріне ұялып, пайғамбар (с.а.у.) қастарына келген тұста:

- Уа, РасулаЛла! Сіздің құп көрмеген нәрсені қабыл еттірдік. Қаласаңыз, Мединеде қала беріңіз, біз ғана барайық - деп ұялғандықтарын білдірді. Сонда Алла елшісі оларға қарап:

- Пайғамбардың киген сауытын жаумен шайқаспай жатып, қайта шешуі – оның пайғамбарлығына сын! – деп жауап берді[1].

Шешім қабылданғаннан соң, Пайғамбарымыз (с.а.у.) мың шақты әскерімен жолға шығады. Бұл оқиға Мәдинаға көшкеннен 2 жыл, 8 ай өткеннен кейін, Шәууәл айының жетінші күні, сенбіде орын алған еді[2]. (Шамамен милади жыл санауы бойынша 625 жылы).

Мұсылман әскерлері Медине мен «Ухуд» арасындағы бір жерге келгенде, мұнафиқтардың басы Абдулла ибн Үбәй келгеніне өкініп: «Мұхаммед, әлі өмірлік тәжірибесі жоқ жастардың сөзін құптап, менің сөзімді құлаққа ілмеді. Ендеше, не үшін мен басымды қатерге тігуім керек», - деп қасындағы өзге мұнафиқтарды ілестіріп, кері кетіп қалды. Осылайша мұсылман әскерлерінің саны күрт азайды. Сахабалардың кейбірі Яхуди дініндегілерден жәрдем сұрайық деген ұсыныс білдірді. Оған Алла елшісі: «Бір ширк иелеріне қарсы, басқа бір ширк иелерінен жәрдем сұрамаймыз», - деп ұсынысты қабыл етпеді[3]...

Пайғамбарымыз (с.а.у.) және қалған жеті жүзге жуық сахаба Ухудтағы «шиъб» шатқалына келіп, бекініс құрды. Мұсылман әскерлері Ухуд тауын артқы жақтарына алып, жүздерін Медине қаласына қаратып сап құрды (Суретке қараңыз). Пайғамбар туды сахаба Мұсғаб ибн Умәйрға тапсырады.

(Ухуд тауы Мәдина қаласының солтүстігіне қарай 5 км жерде орналасқан. Бұл тау шығыстан батысқа қарай созылып жатқан таулар тізбегін құрайды. Тау тізбегінің ұзындығы шамамен 7 км, еңі 3 км-ден тұрады). 

Пайғамбарымыз тұтқиылдан жасалуы мүмкін шабуылды болдырмау үшін таудың төбесіне елу кісілік садақшы әскерін орналастырады. Абдулла ибн Жүбәйірді (р.а.) садақшылардың басшысы етіп тағайындайды. Пайғамбар (с.а.у.) оларға:

«Мына жерден айырылмай, артқы шебімізді қорғаңдар. Жау жеңіліп, біз жеңіске жетіп жатсақ та осы жерде тапжылмай тұрыңдар. Тіпті, дұшпан жеңіп, біз жеңіліп жатсақ та айырылмаңдар!»[4]-деп шегелеп айтып кетеді.

Мүшріктерге келер болсақ, үш мың әскердің екі жүзі атты аскер. Бұнымен қоса, мінген түйелері мен 700 сауыттары болды. Әскерді басқарған - Әбу Суфиян. Олар әскерін екі қанатқа бөлді. Оң қанатын атақты қол басшы және ол кезде әлі мұсылмандықты қабыл етіп үлгермеген Халид ибн Уәлид басқарса, сол қанатты Әбу Жәһилдің ұлы Икрима басқарды.  

Шайқас

Шайқас басталғаннан кейін, екі жақтан да көптеген адам жер жастанады. Мұсылмандардың туын ұстап жүрген Мұсғаб та дұшпан қылышынан шейіт болады. Әзірет Әли құлап бара жатқан туды қағып алып, туға өзі ие болды. Дегенмен, мұсылмандардың арыстандай айбатынан сескенген мүшріктер жағы әлсірей бастайды. Осыны аңғарған мұсылман әскерлер одан сайын шабуылды күшейтіп, мүшріктерді ойсырата қуа жөнеледі.

Жау әскерлерінің арасында бейберекетсіздік орын алып, жеңіс туы желбірей бастаған шақта, тау төбесіндегі мұсылман садақшылары олжаға кенелуді ойлайды. Олар Пайғамбардың қатаң әмірін ескертсе де құлақ аспастан садақшылардың көбісі төмен түсіп кетеді. Тек Абдулла ибн Жүбейір және қалған бес садақшы тұрған жерінен айырылмады.  

Өзі де осыны күтіп тұрған Халид ибн Уәлид қарамағындағы атты әскермен шабуылға көшіп, қалған садақшыларды шейіт етіп, төбені айналып, мұсылмандардың ту сыртынан ауыр соққы береді.

Қалған алты садақшы табандылықпен шепті қорғайды. Дегенмен, көп әскердің легіне тойтарыс бере алмай, алтауы да сол жерде бірінен соң бірі жан тәсілім етеді.

Артқы шебі бұзылып, ту сыртынан соққы жеген мұсылмандар абдырап қаша жөнеледі. Бұл шайқаста мұсылмандар жағынан көп шығын болды. Көптеген маңдай алды сахабалар шейіт болады. Шейіт болғандардың арасында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әкесінің бауыры, ағасы Хамза да (р.а.) бар еді. 

Жеңілістен кейінгі жеңіс...

Пайғамбарымыз тірі қалған мұсылмандармен бірге сол күні Ухудтан Медине қаласына кешқұрым оралады. Түнімен мұсылмандар жарақаттарын таңып, қолдан келгенше ем-домдарын жасайды. Алла елшісі де (с.а.у.) басынан жарақат алып, тісі сынған-тын. Ертесіне жексенбі күні таң намазынан соң, Әзіреті Біләлға мына сөздерді жария етіп айтуды бұйырды:

«Пайғамбар сендерге кері қайтқан дұшпанның ізіне түсуді бұйырып жатыр. Сондай-ақ, кеше соғысқа қатысқандардан басқа ешкім қосылмасын!».

Осылайша таң намазын оқып болып, кешегі шайқастан қалған жарақаттарын ауырсынса да Пайғамбар бастаған жаралы мұсылман әскері дұшпандардың ізіне түседі. Туды Әзіреті Әли алады. Мединеден он миль қашықтықтағы «Хамрауль Әсәд» деген жерге әскерлер қайта шеп құрады. Кешқұрым Пайғамбарымыз сахабалардың әрбіріне алаулатып от жағуларын әмір етеді. Мұндағы мақсат - мұсылман санын сырттан барлап келген барлаушыларға көп қылып көрсету еді. 

Осы кезде жеңісті тойлап жатқан мүшріктердің әскер басшылары, әлденіп болып, Медине қаласына қайта шабуыл жасауды ойластырып жатқан болатын. Алайда Маъбәд ибн Маъбәд әл-Хузаи жолда көрген білгенін айтып, Мұхаммед пайғамбардың үлкен қол жинап келе жатқандығын білдіреді. Маъбаттың осы сөзі жаудың жүрегіне үрей тудырып, райларынан қайтады. Осылайша, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көрегендігінің арқасында мұсылман әскері жеңіліп тұрып, жеңіске қайта қол жеткізеді.

Алынатын ғибраттар:

  1. Өзара кеңес.
  2. Келісілген шешімде беріктік. Дұшпан атының дүбірі іргеде естіліп тұрған сәтте, темірдей тәртіп пен табандылықтың және рухани тұрақтылық пен жігерліліктің бекем болуы қажет-ақ. Ал, қабылданған шешімді кешеуілдету немесе өзгерту мұсылмандардың көкейінде сенімсіздік пен үрей туғызуы мүмкін еді. Осыны түсінген Алла елшісі: «Сауытын бір рет киген Пайғамбар дұшпанмен шайқаспайынша, оны қайта шешпейді» - дей келе, қабылдаған шешімінде табанды екендігін көрсетті.
  3. Бір мақсат, бір идеалогия. Әскерлердің бір мақсатты діттеуі – араларындағы бірлікті мекем тұтары сөзсіз. Жұмыла кірісуіне септігін тигізеді. Осы тұрғыда екі жүзді мұнафиқтардың әскерден бөлініп кетуінде де пайда бар. Мысалы, соғыстың шешуші сәттерінде әскер арасында кикілжің туғызып, өзге мұсылмандардың діңкесін құртуы мүмкін еді.
  4. Бастысы әскердің көптігі емес, иманның күштілігі. Арыстандай жүректерін иман нұрымен сусындатқан мұсылмандар сан жағынан мүшріктердікінен үш есе аз болса-дағы жауға төтеп берді.
  5. Пайғамбарымыздың көрегендігі. Пайғамбарымыздың көрегендігін соғыс стратегиясынан байқауға болады. Ең алдымен өзіне қолайлы ұрыс орнын таңдап алды - Артқы жағы мен айналасы таулар. Алда-жалда жау тарапы үстем келіп жатса, жаяу қашып шығуға ыңғайлы болатын жер. Оның үстіне қоршауда қалу ықтималдығы да аз. Екіншіден – садақшыларды қойып, артқы жақтан келуі мүмкін қауіптің алдын алуды ойлады. Өкінішке орай, садақшылар бұйрықты екі етпей, орындарында тапжылмай тұра бергенде жеңіс туы әлдеқайда ерте желбірер еді, мұсылмандардың арасында көп шығын болмас еді.
  6. Әмірге итағат (басшыға бағыну). Командалық істерде басшыға бағыну өте маңызды. Әсіресе, темірдей тәртіпті керек ететін соғыс сәттерінде басшыға бағынудың маңыздылығы орасан зор. Садақшылар, мұсылмандардың жеңіп бара жатқандарын байқай қателікке ұрынып, өздеріне берілген бұйрықты соңына дейін орындамады. 
  7.  Садақшы сахабалардың әрекеттерін Пайғамбар бұйрығына селқос қарағандық деп емес, айтылған бұйрықтың мақсат-мұратын, мән-мағынасын қате ұғынғандық деп қабылдаған жақсы. Орнын тастап кеткен сахабалар Пайғамбар бұйрығын «жау жеңілгенше» деп түсінсе, аз бөлігі «соңына дейін» деп түсінген.  

Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!


[1] Бұл оқиғаны Ибн Исхақ, Имам Ахмәд және осыған ұқсас мағынада Табари риуаят еткен. Қараңыз: Ибн Хишам, әс-Сира 2/62; Табари, Тарих 2/500; Имам Ахмәд, Мүснәд 22/52.
[2] Ибн Саад, Табақат: 3/87; Ибн Хишам: әс-Сира: 2/62.
[3] Ибн Саад, Табақат: 3/80; Ибн Хишам:  2/65.
[4] Ибн Саад, Табақат: 3/80; Ибн Хишам; Бухари.
Мақаладағы тарихи мәліметтер "фиқһус сира" атты кітаптан алынды. Авторы: Доктор Рамазан әл-Бути (р.а.). "Даруль фикр". Дамаск-Сирия. 1991 ж.
 

0 пікір