Саусақ іздері туралы Құранда айтылған ба?
Саусақ іздері туралы Құранда айтылған ба?
9 жыл бұрын 8184
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

"Әрине, оны саусақтарының ұшына дейін қайта жасай аламыз" (Қиямет, 4). Саусақ іздері Құран кереметтерінің  бірі болып табылады. Әрбір адамның саусақ іздері ешқашан  қайталанбайтын бірегей құбылыс. Бұрын-соңды өмір сүрген немесе қазіргі кезде ғұмыр кешіп жатқан әрбір адамның саусақ іздерінде мүлдем ұқсастық жоқ. Тіпті ДНК құрылымы  бірдей егіздердің саусақ іздері де әрқашан түрліше болып келеді. Саусақ іздері туылғанға дейін ана құрсағында жатқанда-ақ  толыққанды соңғы пішінін қалыптастырады. Егер қолдың терісіне кез-келген зиян тигізетін жарақат болмаса, ол өмір бойы сол қалпында қалады. Сол себепті  әрбір адамның саусақ іздері оның ең маңызды ерекшелігі мен "басын куәландыратын"  құжаты десе де болғандай.

Саусақ іздерін сараптайтын мамандар әрбір адамның саусақ іздері сол адамды танудың жалғыз қатесіз әдісі деп тұжырымдайды.   Дактилоскопистер  тек 19 ғасырдың соңында адамның саусақ құрылымының осы маңызды мүмкіндікті көрсететінін мәлімдеді. Дактилоскопист – (грек тілінен аударғанда daktylos- саусақ + skopeo - қараймын)  саусақтардың тері желілері бойынша қалыптасатын үлгілерін зерделеуші сарапшылар.

Осы уақытқа дейін саусақ іздері адамдар үшін  жай ғана сызықтар ретінде белгілі болып, ешқандай мәнді ақпаратты бермейді деп есептеп келді. Ұлы Алланың сөзі болған қасиетті Құран аяттары адам құрылымында осындай нәзік ерекшеліктері бар маңызды мағлұматты жан баласы білмеген тұста адамның саусағындағы суреттің маңыздылығы жайындағы егжей-тегжейлі ақпаратты баяндап кеткен еді.

Дереккөз: fondihlas.ru
Аударған: Меруерт Бақдәулетқызы

2 пікір