«Халифа Омар он екі жеріне жамау түскен шапанмен құтпа оқыды»
«Халифа Омар он екі жеріне жамау түскен шапанмен құтпа оқыды»
11 ай бұрын 4054

Әзіреті Омар (оған Алланың разылығы болсын) һидаят тауып, мұсылман болғаннан кейін өзінің ықыласы мен дінге беріктігінің арқасында пайғамбарымыздың Әзіреті Әбу Бәкірден кейінгі ең жақын досы болу мәртебесіне қол жеткізді. Әділдігімен қоса, ақ пен қараны және дұрыс пен бұрысты дәл білер қырағылығы себепті пайғамбарымыз оған «Фаруқ» деген лақап ат тақты. Әзіреті Омардың ұсынысын мақұлдаған бірнеше Құран аяттары да түскен тұғын.

Әзіреті Омар - Мұхаммед пайғамбардың «пайғамбарлық мектебінен» өткен үздік сахабалардың бірегейі. Тіпті сүйікті Пайғамбардың өзі оның зеректігі мен рухани байлығына назар аударта: «Егер менен кейін пайғамбар келетін болғанда, Омар пайғамбар болар еді» деген болатын. Алла елшісінің (с.а.у.) осы бір ғана сөзі Әзіреті Омар жайында көп нәрсені айтып тұр.

Әзіреті Омардың ерекшеліктері көп еді. Сондай ерекшеліктерінің бірі - дүниеге қызықпаушылығы мен тақуалығы және қарапайымдылығы. Деректерге қарағанда Әзіреті Омар бүкіл мұсылмандардың әміршісі болып тұрған шағында жамау-жамау шапанмен жүретін болған. Оның халифа болып тұрған шағында араб жазирасынан бөлек, парсы елі түгелімен және византияның біраз бөлігі мұсылмандардың билігіне өткен-тін. Осыдан-ақ, Әзіреті Омардың билігінің ауқымын шамалай беруге болады. Сондай, билікті уысында ұстап тұрса да қарапайымдылық пен тақуалықты ұмытпаған ол, он екі жеріне жамау түскен шапанмен жүрген екен. Тағайындаған әкімдерінен де сондай тақуалықты талап ететін. Оның есесіне халықтың әл-ауқатын жақсартып, қазынадағы артық дүниелерді халыққа таратып беріп отырған. Тарихта ең алғаш рет жаңа туылған балаға жәрдемпұл мен қауқары қашқан қарияларға зейнетақы тағайындаған патша - халифа Әзіреті Омар болған.

«Ол құтпа оқып тұрғанда, үстінде он екі жерінен жамалған шапаны бар болатын» деп жеткізеді көрген көздер. Тағы бірде бірнеше жерінен жамалған изармен (белден төмен киетін киіс) Меккедегі қағба тасты тауап етіп жүргендігін көргендер болған. Жамауларының бірі қызыл қайыспен жамалған екен.

Дәстүр бойынша жұма намазын Халифа өткізетін. Бірақ бір күні Әзіреті Омар жұмаға кешігіп келеді. Кешігіп келіп, намазды өткізгеннен кейін, келген жұрттан кешірім сұрап: «Мені кідірткен нәрсе - көйлегім болды, көйлегім жуулы еді, ол кепкенше күттім, одан басқа киіп келер киімім болмады» деген екен.

Бір кезінде қызы Хафса (оған Алланың разылығы болсын) халифа болып тұрған әкесінің тұрмысының тым нашарлығын көріп, әкесіне: «Әкетай, Алла Тағала сізге жақсылығын үйіп-төгіп берді, несібеңізді молайтты. Тағамның ең дәмдісін жеп, киімнің ең әдемісін кисеңіз қайтеді?» дейді жаны ашып. Сонда Әзіреті Омар (р.а.): «Алла елшісінің жағдайы қалай еді? Ол бұдан да қатты таршылықта өмір кешті емес пе?» дей келе, Алла елшісінің басынан өткерген қиыншылықтарын еске алып, көзіне жас алады. Қызы Хафса да шыдай алмай жылайды. Сосын Әзіреті Омар (р.а.) оған: «Менің екі досым болды, ол екеуі бір жолда жүрді. Егер мен де қиын жолда жүрсем, кім білер олардың жеткен бақытқа, мен де қол жеткізермін» деген екен. «Екі досым...» дегені - Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) мен Әзіреті Әбу Бәкір (р.а.).

Сахаба Абдулла ибн Амр ибн Рабиға Әзіреті Омардың халифа болып тұрғандағы қарапайымдылығын былай тілге алады:

«Мен Омар Хаттабұлымен қажылық жасамаққа Медине қаласынан Мекке қаласына сапарлас болдым. Сонда, жол-жөнекей аялдағанымызда оған (Омарға) не шатыр құрылмады, не бастырма тұрғызылмады. Ол аялдаған жеріміздегі кездескен ағаштың түбіне шапаны мен қайыс төсенішін төсеп жіберіп, көлеңкелеп жататын» деген.

Міне, сахабалар осындай еді (Алла олардан разы болсын). Бір кісі айтқан екен: «Пайғамбар заманында мұсылмандар аз еді, бірақ әрбірі алтыннан қымбат еді. Қазір мұсылмандар көп, бірақ темірден арзан». 

Мұса Жамал

 

0 пікір