Имандылықпен елін қорғаған Биназар Ақеділұлы
Имандылықпен елін қорғаған Биназар Ақеділұлы
4 жыл бұрын 3259
Нұрлытай ҮРКІМБАЙ

Бұдан екі ғасырдан аса уақыт бұрын ғұмыр кеш­кен бабамыз Биназар Ақеділұлы жайлы ел аузын­да сақталып қалған әңгімелер желісі саусақпен санарлық қана. Бәлкім, оның себебі, бабаларымыздың іс-әрекеттері жайлы деректердің тасқа басылып, мұрағаттарда сақталып қалмағандығынан болар. Ендеше, сол деректердің басты-бастыларына ғана тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.

Ең әуелі, Жаратқанның қолдауымен ол кісі – қазақтың елі, жерін сыртқы жаулардан яғни Қоқан хандығының шабуылдарынан қорғауға жанын салған батыр. Бұл жөнінде шежіреші қария Айдынбай ата Иманбекұлы өткен ғасырдың сексенінші жылдарында бізге былай деп баяндап берген болатын:

– Төрт ата Дулат қоқандық басқыншыларға қарсы жорыққа шыққанда Ботпайдың батыры Сыпатай: «Уа, шымыр елі, мынау әкіреңдеген қоқанның батырына қарсы жекпе-жекке енді сен шығар батырыңды!» – деген екен. Сонда әлі он сегізге де тола қоймаған бір бозбала жігіт: «Баталарыңызды беріңіздер, мен бағымды сынап көрейін!» – деп құлшынған көрінеді. Бұдан бұрынғы жекпе-жектерде жеңіске жетіп, дандайсыған қоқан батыры дәл осы шайқаста тоқмейілсіп, бұл жолғы жас жігітпен кезекке немқұрайды қараса керек. Осыны аңғарған бұла күш иесі-жас жігіт, бір Жаратушыдан жәрдем сұрай отырып, әлгі қоқандықты қоқитып тұрып, бір-ақ алып ұрып, жер жастандырған екен. Қариялар жағы: «Ерлігіңе ризамыз, ал енді, аты- жөніңді айтшы, қай елдің баласысың?», – дегенде: «Атым – Биназар, руым – Көкірек, Шымырдың кенже ұлынан тараймыз!» – деп жауап берген екен жас жігіт.

 

БІР АУЫЗ СӨЗГЕ ТОҚТАҒАН

Сол жорықтан бастап, Биназар Ақеділұлы елін, жерін, туған ауыл-аймағын ішкі-сыртқы жаулардың қандайынан болсын қорғауға бүкіл ғұмырын арнаған екен. Қорғағанда да, әйтеуір: «Мен – батырмын», – деп, қаруын жалақтатып, қара күшіне ғана иек артып, құры далақтай бермей, мүмкіндігінше дау-дамайдың бәрін ең әуелі бейбіт те мәмілегерлік жолмен шешуге тырысқан көрінеді. Әсіресе, әр қайсысы бір-бір рулы елдің ғана емес дүйім қазақ жұртының тұлғалары бола білген Ыстыдан шыққан Бөлтірік би, ботпай Сыпатай батыр және шұбыртпалы Ағыбай батырлардың өзара мызғымас достықтары Қоқан хандығы сияқты сыртқы жауларға қарсы тізе қоса бірге аттанып, ел бірлігін сақтап қалуларына ұйытқы болған екен. Олар аталған ру араларында болып тұратын бүкіл дау-дамайларды өзара ақылдаса отырып, ың-шыңсыз шешісетін болған. Ол замандарда қазақ рулары арасындағы өзара қақтығыстар, негізінен жер дауы мен жесір дауы айналасында өрбіп отырғаны белгілі ғой. Сондай сәттерде, дауласқан қос тарап жоғарыда аты аталған би-батыр бабаларымыздың тым болмағанда біріне қайрылатын болған екен. Ол кісілер мұндай келеңсіз келіспеушіліктердің бәрін де бір Алладан қорықа отырып, өз жағына бұра тартпай, терең имандылықпен, демек мейлінше әділ түрде шешкен көрінеді.

Базбір замандастарымыз: «Осыншалықты ұлан-ғайыр жерді ата-бабаларымыз қалай ұстап тұрған?! Қазағымыз саны жағынан соншалықты көп болмап еді ғой?» – деп таңқала сауал тастап жатады кей сәтте. Сондайда маған мынандай ойдың келетіні бар. Мұның бәрі де – Алаш жұртының сүт бетіне шығар қаймақтарының яғни би-болыс, бай-бағландары мен ел қорғаған батырларының Ақыреттегі беретін жауаптарын естеріне ала отырып, халық алдындағы өз жауапкершіліктерін терең сезіне әрекет еткендіктерінің жемісі. Сондықтан да, ол кісілер өз қарақан басының қызығушылығынан отбасының амандығын, ал отбасынан гөрі тұтас руының, ал енді мәселе исі қазақтың тағдырына келіп тірелгенде, жеке руынан гөрі тұтас Алаш жұртының мәртебесін биік қоя білді. Осынау кең-байтақ даламызға иелігімізді қорғау ісінде тек бір Өзіне ғана тәуекел еткен құлдарына аса Жомарт Иеміздің тартқан сыйы, ерекше мейірімімен жасаған керемет қамқорлығы деп түсінемін өз басым.

Дегенмен, тарих беттерін аударыстырар болсаңыз, базбір бабаларымыздың билік, байлық сияқты болмашы нәрселер үшін өзара қидаласа шабысып, бет көріспестей боп кетіскен кездері де аз емес. Сондай сәттерде, өзгенің мекенін иеленбек тұрмақ, өз аяғының астындағы жерінің де ұлтарақтай тарылып, сыртқы жаудың «қанжығасында» кетіп қалуы мүмкін екендігін сезінгеннен кейін ғана тәубаға келгендері де баршылық. Ал енді, осындай көріністі Бөлтірік, Биназар, Ағыбай, Сыпатай сынды бабаларымыздың қатар жүріп, сыртқы жаулардан бірге қорғаған өңірлеріне қатысты елестетіп көріңізші. Ел іші «тентексіз» болмайды, дегендей. Барымта жасауды батырлықтың бір «биігі» деп ұққан кейбір бұла күш иелерін «ауыздықтап», оларды терең дипломатиялық мәмілемен ұстап тұру үшін аты аталған бабаларымызға қаншама имандылыққа толы парасат пен нұрлы ақыл, терең сабыр керек болды десеңізші. Мұндайда бабаларымыздың берік ұстанатын мығым діңгектері Шариғат шарттары еді. Бабам Қазақтың сандаған ғасырлар бойы Ата заңы боп келген «Жеті жарғының» әрбір бабы Исламның «қасиетті Құран және шынайы Хадистер» атты қос тірегіне арқа сүйегені белгілі ғой. Осынау мәңгілік Ақиқат яғни Шариғат заңдарын, қолдарынан келгенінше басшылыққа алулары себепті Бөлтірік, Биназар, Ағыбай, Сыпатай бабаларымыздың сол кездегі атқарған аталы істері кейінгі ұрпақтарының айтып тауыса алмас аңыз-өнегелеріне айналған. Себебі, ол кісілердің әрқайсысы Алаш Ақ ордасының бір- бір уықтары бола білді.

Әсіресе, Алланың қалауымен ел тізгінін ұстап, халықтық істердің ұйытқысы бола білген осындай дара тұлғалы бабаларымыздың өз арасындағы жеке достықтары бүгінгі біздер ғана емес келер ұрпақтар үшін де айрықша үлгі болса керек-ті. Мысалы, біздің бала кезімізде Биназар бабамыздың Ағыбай батырмен арадағы достықтары жайлы әңгіме ел ішінде баршылық болатын. Ол кісілер тізе қоса жүріп, шекараны қоқан хандығының шапқыншыларынан қорға- ғандарын жоғарыда айтып өттік. «Сайдың тасындай жігіттерін соңдарына ертіп, екеуі қатар жүргенде қалың әскер келе жатқандай әсер қалдыратын», – дейді шежіре көздері. Қандай жорықта жүрмесін, бес уақыт намаздың мезгілі келгенде, арнайы жасақтарын «намаздарыңды біз оқып болған соң өтерсіңдер», – деп қарауылға қойып, өздері аттарынан түсе-түсе қалысып, намазға тұрғандарында Мойынқұм мен Арқа өңіріне Алланың нұры тарап, береке дарығандай болған екен.

Дегенмен, ел ішінде осынау қос алыптың достықтарына іші күйіп, араларына от тастағысы келетіндер де табылмай қалмаған ғой. Мысалы, бір жолы Биназар батыр Хантауының биік сілемдерінен бастау алатын көп өзендердің бірінің суын түкпіргі жайлауларға жеткізе түсу мақсатында жігіттеріне тоған шапқызып жатса керек. Себебі, жайлаудың кез-келген алқабының шөбі шүйгін, оты қалың болғанымен, қасында ағып жатқан өзені болмағандықтан, онда барып малшылардың қоныстануына да, малды суғаруға да қолайсыз болып, бос жатқан екен. «Әрі тоған суы көршілес Ағыбай батырдың жайылымдарына қарай жақындай түссе, құба-құп!» – деген ойда болған көрінеді Биекең. Сол кезде Ағыбай батырдың құлағына: «Біздің жайылымдарымызды иемденбек мақсатпен Биназар тоған шаптырып жатыр», – тектес жаңсақ хабар жетеді. Шұбыртпалының біраз жігіттерін қасына ертіп, желе жортып батыр келеді тоғаншылардың тұсына.

– Уа, батыр жол болсын!

– Әлей болсын! Жөн сұрамақ сізден болсын! «Екі елдің шегара тұсын Биназар батыр шұқылатып жатыр», – деген соң: «ол не жағдай болды екен?!» – деп білмекке келдім,-дейді Ағыбай батыр.

– Е-е-е, «шаруаның жайын білмекке шыққан едім» деңіз. Жөн екен... Мына Хантауының баурайы тола өзен-көл. Суы мол. Бұл да бізге Алланың берген ырыздығы ғой. Осынша өзенді «жамбасымызға басып», өле ішкенше, шұбыртпалы ағайындармен бөле ішейік деп, әрі екі жақтың төрт түлік малына құйқалы өріс кеңейсін деп, мына тоғанды шекараға дейін ап келдім. Ар жағын өзіңіз білерсіз,-деген екен.

«Ә» дегенде жел сөздің айдауымен кеп қалған Ағыбай батыр Биназар досының риясыз көңілін жазбай танығандықтан, атынан дереу қарғып түсіп, батыр досымен төс қағыстыра қайта амандасып болған соң, өзіне ере келген жігіттеріне қарап:

– Қолдарыңа кетпен алыңдар да, Биекең тоғанының дәл осы тоқтаған жерінен одан әрі жалғастыра, біздің жаққа қарай қазыңдар. Бұл арна бұдан былай «Биназар – Ағыбай тоғаны» деп аталсын, – деген екен.

Екеуі де – өз дәрежелерінде батыр әрі шешен болған кісілер. Мүмкін кейде ділмарлық жарыстырып, сөз қағыстырған, кісілік сынасқан тұстары да болған шығар. Алайда, ел жадында ондай сәттер айқын түрде сақталмаған. Оның есесіне, қос батырдың сәл ағат кеткен өз кемшіліктерін дер кезінде аңғара қойысып, дәл сол мезетінде бір-бірінен кешірім сұрап, достық құшақтарының бұрынғысынан да мығымырақ айқаса түскені жайлы әңгімелерді ел ішіндегі шежіре қариялар осылайша тамсана баяндасатын. Қалың елді ауыз бірлік, ынтымаққа ұйыстырмақ оңай боп па, сірә!? Сондай ізгілік жолында, қос батырдың арасында азырақ ащы да, көбірек тұщы да сәттер өткен болар-ау, бәлкім. Бірақ соның бәрі де қос арыстың бірін-бірі бұрынғысынан да тереңірек түсініп, Алла разы үшін игілікті істерді атқару барысында достықтарының нығаюына әкеліп отырған көрінеді.

ТОҒАН ШАУЫП, ЕЛІН АСЫРАҒАН

Биназар Ақеділұлының келесі тәлімді ісі- Жаратушының көкейіне салуымен, соңына ерген дүйім жұрты үшін қолайлы жер іздеп, оны сол жер иелерінен мәмілегерлікпен сұрай білгендігі. Төрт ата Дулат баласы Қоқан хандығы әскерімен келесі бір шайқасқан сапарында батыр Биназар тағыда жеңіске жетіп, оның қайтарымы ретінде Шу өзенінің төменгі сағасынан төрт арыс Көкірек жұртына жаңа қоныс сұраған екен. Ол заманда қазіргі Мойынқұм алқабының тұрғындары тым аз болғанға ұқсайды. Содан қалың жұртын жаңа жерге бастап келіп, ол жерден дереу тоған шапқызған көрінеді. Сөйтіп, елін жартылайотырықшылыққа үйреткен екен. «Биназар тоғаны» деп аталатын ол жәдігер, табанын аршып, істің көзін тапқандарға қазір де мүлтіксіз қызмет етер еді», – деседі білетіндер.

Айдынбай ата бір сөзінде:

– Биназар бабам Көкіректерді Шу өзені бойына сонау Алматы жағынан көшіріп әкелген ғой. Жайылым тарлық етті ме, кім білсін?! Ал, Алматының маңына баяғы заманда Түлкібас жайлауынан қоныс аударған көрінеді. Әйтеуір, Алматының түбіндегі Талғарда ата- бабаларымыздың жұрты, яғни «Көкірек тоғаны», «Көкірек базары» деген жерлер қазір де бар, балам, – деген еді маған. Олкісінің «қазір де» деген уақыты өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басы болатын. Одан бері арада отыз бес жылға жуық уақыт өтті. Айдынбай ата айтқан жұрттан қазір жұрнақ та болса қалды ма, қалмады ма, ол жағы да беймәлім. Ол кісі келесі бір әңгімесінде:

– Ілгеріде ағайынды Көкірек, Сәмбет бір болыс болып, Көкіректе орысша сауат ашқан кісі болмағандықтан, болыстық ұдайы Сәмбеттердің үлесінде кете берген екен. Оның үстіне Көкірек елі де саны жағынан өсіп-өніп, бөлек болыстыққа жетіп қалған, деседі. Сонда Биназар бабамыз: «Көкіректе ел басқарар ұлдың тумағаны ма?»,-деп қатты қапаланған екен. Содан тынбай сұрастыра жүріп, Алматыда бір орыстың қызметінде жүрген, орысша сауат ашқан Ыбраһым деген жігіттің бар екенін естіп біліседі. Дереу ол жігітті шақыртып алып, болыс сайлайды. Ыбраһым елге жайлы да әділетті болыс бола білгендіктен, разы болған халқы оны «Жайлыбек» (кейбір әңгімелерге қарағанда «Жайлаубек»-Н. Ү.) деп атап кеткен деседі. Биназар батыр екеуі ақылдаса отырып тірлік жасап, Құдайдың қолдауымен, Көкірек жұртын небір игілікті істерге жұмылдырған екен,- деген болатын.

Біз шынайы түрде тәлім алғымыз келсе, тарихта есімдері өшпестей боп жазылып қалған осынау бабаларымыздың иман тұнған ұлағатты істерінен тәлім алсақ керек-ті. Кейбір сәттерде әзәзіл сөздер жан-жақтарынан қоршалап тұрса да, әліптің артын баға шешім шығарған; ертеңгі күні Алланың алдында есеп беретіндерін бір ауық та естерінен шығармастан, әрбір сөзін абайлап айтып, әр ісін сақтықпен атқарған сол бір дана бабаларымыздың өмір өрнектері әсіресе, бүгінгі күндері бізге ауадай қажеттей көрінеді бізге. Қатар жүрген замандаспен бір сөзі үшін достасып, келесі сөзіне бола қастаса қалатын ұшқалақ табиғатымыздан, бәлкім, сонда ғана арылармыз біздер.

Шаршы топта сөйлеп кетсе- шешен, ел басқарған көсем, небір даулы мәселелерді екі-ақ ауыз сөзбен шешкен әділ би, қолына қару алса-батыр... мінеки, біздің небір бабаларымыз осындай жан-жақты қасиеттерге ие болған-ды. Қазақтың бүгінгі күнге біртұтас халық күйінде жетуіне ол кісілердің имандылық тұнған жүрек жылуы мен бұла қуатқа толы білек күштері арқылы қосқан үлестері- өлшеусіз. Әсіресе, елі мен жерінің селкеуленіп кетпестен, алдағы сандаған ғасырларда да іргелі мемлекет болып тұруын Жаратушымыздан жалбарына сұраған сол кісілердің дұғаларын Раббымыз Өзінің Кеңдігімен қабыл еткендей-ау!

Ең бастысы, сол бабаларымыз мұндай игілікті істердің бәрін де бір Аллаға тәуекел ете, бір Содан ғана жәрдем тілей отырып және Соны ғана риза ету үшін атқарды емес пе!? Себебі, Бәрін Білуші Иеміз қасиетті Құранда пенделерінің бірін-бірі танып- біліп жүрулері үшін ұлттар мен тайпаларға бөліп жаратқанын ескерткен ғой. Демек, пенделерінің ішіндегі сол бір дара тұлғаларға яғни Шариғат бұйрықтарын орындау үшін жанын салып өмір сүрген біздің ата-бабаларымызға әлгіндей қасиеттер мен жеңістерді сыйлап қойған да бір Жаратушымыз екендігі көңіл-көзі ояу кез келген жанға түсінікті болса керек.

0 пікір