Кәрім Әбду-Жаппар қалай мұсылман болды?
Кәрім Әбду-Жаппар қалай мұсылман болды?
8 жыл бұрын 3823
Марфуға ШАПИЯН

         Кәрім Әбду-Жаппар американдық кәсіби баскетболшы. Күллі баскетбол тарихында жинаған ұпай саны жөнінен күні бүгінге дейін оны әлі ешкім басып оза алған жоқ. Ол Ұлттық Баскетбол Ассоциациясының шешімі бойынша алты мәрте үздік ойыншы саналған.    

Баскетбол королі Фердинанд

         Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған баскетболшы Кәрім Әбду-Жаппардың шын аты-жөні Фердинанд Льюис Алсиндор болатын. Ол 1947 жылы 16 сәуірде Американың Нью-Йорк қаласында дүниеге келген. Оның бойы туыла салғаннан-ақ ұзын еді. Өмір есігін ашқанда 57 сантиметр болған Фердинанд жылдам өсті. Бірінші сыныпқа барғанда да қатарластарынан әлдеқайда ұзын болатын. Алғашқы сабақ күні артқы партадан Фердинандтың сорайған сұлбасын байқаған мұғалім: “Балақай, сен де отыр” деп, сыныпты ду күлдіргені бар. Оған болашақ баскетбол шебері: “Мен онсыз да отырмын ғой” деп ұяла жауап берген еді.

Он жасында – 185 см, 12 жасында – 193 см, 15 жасында – 208 см болған Фердинанд өзінің ебедейсіздігін байқап, спортқа бет бұрады. Мұнысының дұрыс шешім болғанын уақыт дәлелдеді. Баскетбол Кәрімнің спортшы ретінде жұлдызын жақты. Ол өзінің спорттық карьерасында “Милуоки Бакс” және “Лос-Анджелес Лейкерс” атты екі клубта ғана өнер көрсетті. 42 жасында баскетболмен қош айтысқан Кәрім Әбду-Жаппардың есімі бұл кезде Гиннестің рекордтар кітабының талай бетін толтырған еді.   

 

 

Мұсылманға айналған католик

         Католиктік тәрбие алған баскетболшы алғаш Ислам діні туралы Вашингтонда ханафи мәзһабын ұстанушы джаз-барабаншы Хаммас Абдул Халистен естиді. Хақ діннің артықшылықтары жүрегін жылытқан Фердинанд көп ойланып жатпастан, бірден Ислам дінін қабылдап, тілін кәлимаға келтіреді. Алғашқы ұстазы оған “Әбдул-Кәрім” деген есім береді. Кейін спортшы арабшадан аударғанда “Құдайдың адал құлы” деген мағынаға келетін “Кәрім Әбду-Жаппар” есімін иеленеді. Баскетболшының мұсылман дініне өтуі оның жанкүйерлері үшін күтпеген жағдай болды. Спортшының өміріндегі күрт өзгерісті қалай атарын білмеген журналистер оған “революционер” деген есімді таңа бастады.

         Кәрімнің Ислам дініне келуіне Абдул Халис қана емес, адам құқығын қорғаушы афроамерикандық Малкольм Икстің де ықпалы зор болды. Ол дүниеге келген кезде Америкада қара нәсілділерді кемсіту, оларды қоғамнан бөлшектеу өршіп тұрған еді. Өзінің 1990 жылы жарық көрген “Кәрім” атты кітабында спортшы: “Малкольм Икс басқа адам болатын. Ол Меккеге қажылыққа барып қайтты. Ислам дінінің терісі қара адамдарды бөлмейтінін, барлық адамды тең көретінін жақсы түсінді. 1965 жылы оны өлтіріп кетті. Бірақ 1966 жылы Малкольм Икстің автобиографиялық кітабы жарық көрді. Мен ол кезде Калифорния университетінде бірінші курста оқитынмын. Кітап маған қатты әсер етті. Малкольм мен үшін адамдар арасындағы теңдікке жол ашты. Ол қара нәсілді адамдардың Ислам дініндегі мәртебесі жөнінде де айтқан еді” деп жазады. Кәрімнің Ислам дініне ойланбай кіруіне Макольм Икстің әсері болғаны сөзсіз еді.

 

         Ислам дініндегі алғашқы ұстазы Абдул Халистен алған білімді ары қарай жетілдіру мақсатында Кәрім араб тілін үйренуге ден қойды. Сол арқылы Құранды түпнұсқадан оқи бастады. 1973 жылы Ислам негіздерін толық үйрену мақсатында Сауд Арабиясы мен Ливияға барып қайтты. Рас, Кәрім Әбду-Жаппар боксшы Мұхаммед Әлидей Ислам дінін қабылдағанын айтып, Вьетнамдағы соғысқа қарсы пікірін білдіріп, жаһанға жар салған жоқ, ол туралы сұхбаттар да бермеді. Бірақ жүрегіндегі Хақ дінге деген сүйіспеншілігі оны діни білімін жетілдіруге жетелеген еді.

         Кәрім ханафи мәзһабын ұстанады, өзін сүнниттер қатарынан санайды.  Алланың құдіретіне, Мұхаммед (с.а.с.) оның елшісі екеніне, ал Құранның Жаратушы тарапынан түсірілген соңғы кітап екендігіне сенеді.  

 

Кәрім Әбду-Жаппар Ислам дінінің қорғаушысы

         Алғаш Ислам қабылдаған жас кезіндегідей емес, бүгінде Американың ардагер баскетболшысы Ислам дінінің қорғаушысына айналған. Парижде орын алған террористік жағдайға қатысты 67 жасар Кәрім Әбду-Жаппар CNN редакциясына: “Біздер мұсылмандар көршілерімізбен тату, береке-бірлікте өмір сүруге тырысамыз. Бірақ олардың кейбіреуі радикалды көзқарастардың ықпалында кетіп, зорлық-зомбылық әрекеттерге көшуде. Міне, солар өздерін ақтап алу үшін діннің атын жамылады. Олардың әрекеттерін Исламмен байланыстыруды доғару керек. Әрине, Батыстың көптеген елдері менің бұл сөзімді қабылдамас, өйткені олар біздің дініміздің құндылықтарын түсінбейді” деп, дініміздің бейбітшілікті қолдайтыны жөнінде сұхбат берген болатын.

         Кешегі спортшы – бүгінде көркем шығармалар жазатын атақты жазушы. Ол жақында ғана “Time” журналында жарияланған мақаласында: “Террористер – түпкі мақсатын жасырып, өздерін Алла мен Оның елшісі жағында көрсеткісі келетін жалған мұсылмандар. Олардың Ислам дінін жамылған бұзақылар екені дәлелденеді деп ойлаймын” деп жазды. Соңында Кәрім Әбду-Жаппар бұқаралық ақпарат құралдарын нағыз Исламды тануға, қарсы ақпарат таратпауға шақырды.   

         Кәрім Әбду-Жаппар бір рет үйленген. Хабиба, Сұлтана атты қыздары мен өзінің есімін алған, кейін жолын қуып, баскетболшы болған Кәрім атты ұлы бар. 2008 жылы атақты спортшының денсаулығы сыр беріп, оған “қан рагі” деген диагноз қойылды. Дертімен толассыз күрес жүргізген Кәрім, 2011 жылы Твиттерде “Дәрігерге қаралдым. 100 пайыз сап-саумын” деп жазып, оқырмандарымен қуанышын бөлісті. Өзіне тәуекел етуші құлына Алла шипасын бергеніне осы оқиға дәлел. Бүгінде Кәрім сұхбаттарында “Бұл дінді қабылдағаннан кейін сабырлықты үйрендім. Мүлдем басқаша адам болып өзгердім. Ислам болмағанда, спортта да мұншалықты жоғары дәрежеге жетпес едім” деуді қайталаудан жалыққан емес. Бәрекелді! Раббысына шүкір етуші құл осындай болса керек-ті...

 

2 пікір