Сұлтан Бейбарыстың ақыры
Сұлтан Бейбарыстың ақыры
7 ай бұрын 12411
Дайындаған Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим 

Әл-Мәлик аз-Заһир Рукнуддин Бейбарс әл-Қифжақи әл-Бундуқтари - араб тарихында осы аты-жөнімен танымал болған Сұлтан Бейбарыс бабамыздың ақыры қалай болғаны жайында араб тарихшылары екі түрлі мәлімет айтқан.

1)Тарихшы Әбуль Фудә, Бейбарыс Дәуәдара(1247-1325 ж) және тарихшы Құтбуддин әл-Юнинидің (м. 1242-1326 ж) айтуларына қарағанда Сұлтан Бейбарысқа у берілген-мыс. Олар бұл жағдайды былай әңгімелеген:

«Ай тұтылған күні адамдар арасында «бір аса мәртебелі біреу бақилық болады» деген қауесет тарайды. Мұндай болжамды Сұлтан Бейбарыс өзінен аулақ қылғысы келді. Сөйтті де, Каирдың Әюби әміршісін өзімен бірге қымыз ішуге шақырды. Әмірші келгенде Сұлтан Бейбарыс оның ыдысына у қостырды. Алайда, қызметші шатастырып, әміршінің ішкен кесесіне қателесіп Сұлтан Бейбарысқа қымыз құйып береді. Қымызды ішкеннен кейін сұлтанның ыстығы бірден көтеріліп, денесі қалтырап, безгек ұрады. Содан көп ұзамай, Хижри жыл санауы бойынша 676 жылы, «Мұхаррам» айының 17 жұлдызында, бейсенбі күні бақилық болды».

2) Әйтсе де, кейінгі араб тарихшылары аталмыш мәліметті онша шындыққа баламайды. Кейінгі араб тарихшыларының көзқарастары бойынша, Сұлтан Бейбарыстың өліміне қатысты Мысырлық тарихшы Ахмед ибн Әли әл-Мақризидің (м 1364-1442 ж.) келтірген нұсқасы шындыққа көбірек жақын. Тарихшы әл-Мақризидің нұсқасы төмендегідей:

"Сұлтан Бейбарыс Дамаск қаласына келген бойда, Хижри 676 жылы, Мұхаррам айының 14 жұлдызында бейсенбі күні - жайғасып, қымызын ішіп отырды. Римдықтар (византия) мен моңғолдарды жеңгеніне өте қуанышты еді. Сол себепті, қымызды шамадан тыс көп ішіп қойды. Соның артынша бойында әлсіздік сезіліп, өзін бейжай сезіне бастады. Бейжайлылығы ауруға ұласты. Келесі күні Дамаск алаңына барғанында ауруы асқынды. Қарамағындағы жақын адамдары оған дәрі берді, бірақ дәрі ауруды баса алмады. Болмаған соң, дәрігерлерді шақыртты. Дәрігерлер ауру басатын дәрі жазып берді. Алайда жазып берген дәрілері ауруын баспады. Сұлтанның күннен-күнге қуаты қашып, содан кейін дүние салды.

Сұлтан дүние салғаннан кейін Әмір Бәдруддин Білік Хазандар, сұлтанның денесін көпшіліктен жасырды. Сосын сұлтанның баласы - Сұлтан Саидке хабаршы жіберді. Содан соң Сұлтан Бейбарыстың денесін табытқа салып «Дамаск қамалына» (Цитадель Дамаска) апарды. Ол онда баласы Саид Сұлтан «Дәруль Ъақиқи»-ді сатып алғанша жатты. (*Дәруль Ъақиқи - қазіргі атауы «Заһирия медресесі»). Баласы Саид Сұлтан «Даруль Ъақиқиді» сатып алғаннан соң, ол жерге әкесіне мазар тұрғызды. Құрылыс аяқталғаннан кейін, Хижри 676 жылы, Ережеп айында, бейсенбінің түнінде жерлеу рәсімін өткізді. Жаназа намазы Дамаск мешітінің ауласында оқылды».

Осы мәліметтерді өзінің Бейбарыс сұлтанға арнап жазған еңбегінде келтірген қазіргі заманғы Мысырлық тарихшы Мұхаммед Жәмәлуддин (м. 1912-1999 ж.) кітабының соңын былай деп аяқтайды:

«Осылайша, ұлы сұлтан, тәжірибелі қолбасшы, кемеңгер саясатшы Сұлтан Бейбарыс әл-Қыпчақидың өмірі соңына ерді. Бейбарыстың өлімімен - өркениеттілік пен ұлы мәртебеліліктің парақшасы қоса бүктелді (жабылды)»1.

Рухы пейіште шалқысын! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


Мұхаммед Жәмәлуддин Сурур: «Заһир Бейбарс». Каир-Мысыр. 1938 ж. Араб тілінде. «Дәруль Кутубуль Мысрия» баспасы.

0 пікір