Соңғы Аудиолар
1 пікір
  • Һуд сүресі (Һұд пайғамбар), 123 аят, 10 руку, Меккелік

    Бірде Алла елшісі Мұхаммед Мұстафаның (с.а.у.) мүбәрәк самайын қырау шалғанын байқаған хазреті Әбу Бәкір (р.а.): «Сіз де мезгілінен ерте қартайыпсыз-ау», – деген еді қамығып. Сонда адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл қамкөңіл досына: «Мені «Хұд» сүресі қартайтты», – деп іштегі бір сырын аңдатқан болатын.
    Белгілі ғалым имам Тирмизидің еңбегінде айтылатын осы оқиға жайында бірқатар риуаяттар баршылық. Мәселен, Табаранидың «әл-Мұғжамул-кәбир» атты кітабында: «Мені «Хұд» және соған ұқсас сүрелер қартайтты», – десе, тағы бір риуаятта ол сүрелердің «Уақия», «Хаққа», «Тәкуир» екендігі аталған. Енді бір деректерде бұл сүрелердің қатарынан «Қария», «Мағариж», «Мүрсәлат», «Нәба» сүрелерін де кездестіреміз.
    Бұларға тән ортақ ұқсастық – сүрелердің негізінен Меккеде түсуі. Ал Мекке кезеңі Ислам тарихында өте үлкен қиындықтардан көз ашпаған уақыт. Күпірлікті ашық сынайтын аяттардың түсе бастағаны да осы кезең. Сондықтан, қозғалған мәселелердің түп-төркіні бір болғандықтан, бұл сүрелер «Хұд» сүресіне жақын деп қабылданған.

    Ол сүрелерде не айтылған?

    Алғашқы аяттарда ардақты пайғамбарымыздың (с.а.у.) адамзатқа жіберілуіндегі екі маңызды міндеті сөз болады. Оның бірі – иман жолын таңдап, құлшылықпен бейнеттеніп өткен жылы жүректі, ізгі ниетті жандарға ақыретте зор қуаныш, мол сыяпат бар екенін хабарлау болса, екіншісі – тоңмойындықпен күпірлікке ұрынғандарға, пиғылы бұзық азғындарға ақыретте ауыр жаза барын алдын-ала ескерту. Одан кейінгі аяттарда жаратылыстың түп бастауынан қияметке дейінгі ірі құбылыстар сөз етіледі. Алла тағаланың шексіз құдіреті мен ілімі, көк пен жердің жаратылысы, адамдардың бұл өмірде сыналуы баяндалады. Сондай-ақ, Нұһ (ғ.с.), Хұд (ғ.с.), Салих (ғ.с.), Лұт (ғ.с.) қауымдарының адамшылықтан айнып, арсыздыққа салынуы себепті Алланың қаһарына ұшырап, жер бетінен тып-типыл жойылып кеткендігі, өзін Құдайға балап күпсінген перғауынды Алланың қалай жазалағаны кеңі-нен суреттеледі. Іле тіршіліктің соңындағы қияметтің үрейлі оқиғаларына кезек берілген. Ақыретте ізгі жандардың жәннатқа, кәпірлердің тозаққа баратындығы білдіріліп: «Саған бұйырылғандай турашыл бол! Сенімен бірге тәубе еткендер де астамшылдыққа бармасын (турашылдықтан таймасын). Өйткені, ол (Алла) не істегендеріңнің бәрін көріп тұр» («Хұд» сүресі, 112-аят), – деген бұйрыққа назар аудартады.
    Жоғарыдағы сүрелерде келетін ортақ тақырыптар осыларды құрайды. Басым көпшілік ғалымдардың айтуынша, ардақты пайғамбарымыздың (с.а.у.) жүрегіне зіл батпан ауыр тиіп, мезгілінен ерте қартайтқан аят: «Саған бұйырылғандай турашыл бол!» әмірі еді.
    Ибн Аббас та (р.а.) осы пікірді қуаттап, «Хазреті пайғамбарымызға осы аяттан өткен ауыр әрі машақаты көп аят түспеген», – деген (Нәуәуи. Шәрху Сахих-и Мүслим, II, 9).

    Үмбеті үшін алаңдады
    Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзі үшін емес, үмбеті үшін көбірек алаңдады. Өйткені өзі турасында Құранда: «(Әй, сүйікті елшім!), Сен тұп-тура жолдасың» («Ясин» сүресі, 4-аят), – делінгені мәлім. Ғаламға рақым нұры болып келген ақиқат жаршысы (с.а.у.) ізінен ерген өз үмбетінің жағдайын ойлап қамықты. Үмбетінің қиналғанын көрсе, қабырғасы қайысып қосыла қайғырып, қуанышына балаша жұбанатын оның бұл жанашырлығы Құранда: «Араларыңнан келген пайғамбар сендерге өте ынтық, қиналғандарың оған мейлінше ауыр тиеді, мүміндерге тым мейірбан әрі мейірімді» («Тәубе» сүресі, 128-аят), – деп сипатталған. Оның үмбетіне деген мейірбандығы әкенің баласына деген мейірімділігінен бір мысқал да кем емес еді. Бұл туралы бір сөзінде: «Мен сендерге қамқор әкедеймін», – деп білдірген (Әбу Дәуіт, Тахарат, 4).
    Расулулла (с.а.у.) үмбетін ерекше жақсы көре отырып, олардың түрлі жамандыққа бой алдыруларынан, ақыретке көңіл бөлмей, дүниеге салынып кетуінен, тәнқұмарлықты күйттеп, құлшылыққа селқос қарауы секілді ақыретте опынтатын жағдайларға ұшырауынан қорықты. Бір сөзінде: «Сендер мен менің кейпім, шыбын-шіркейлерді отқа жолатпай жасқап отырған адамға ұқсайды. Олар күйіп қалатынын білместен отқа ұмтылуын қоймайды», – деп жеткізген (Бұхари, Риқақ, 26).
    О дүниеде қылдан жіңішке, қылыштан өткір сират көпірінен өтерде үмбетінен кейбіреулердің сүрінетінін алдын-ала мұңая хабарлаған расулулла (с.а.у.): «Уа, Раббым! Өз қарақан басымның да, қызым Фатиманың да жағдайын ойламаймын, үмбетімнің жағдайына алаңдаймын, үмбетімнің», – деп, сол күні үздіксіз жалынып-жалбарынумен болатынын білдірген (Құртуби, әт-Тәзкира, 351).
    Тағы бір сөзінде осындай жағдайларды меңзеп: «Мені ұятқа қалдырмаңдар», – деп өсиет еткен (Али әл-Мұттақи, Кәнзул-Уммал, 14/640).



    Түйін
    Қорыта келгенде, «Хұд» сүресіндегі бір ғана аяттың мағынасынан біз Құранды байыппен, түсініп оқу керектігін көреміз. Құранды терең түсініп оқып, өмірінде титтей де күнә істемеген пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі «Хұд» сүресін оқып, ақыреттегі ауыр есепті есіне алғандағы ішкі азабы әлгіндей. Егер біз Құран ақиқатының байыбына бара білсек, ертеңгі күнге алаңдамай, уайым-қайғысыз ғұмыр кешпес едік. Құдайдан қорқу, үміт пен үрей арасында өмір сүру, алда есеп күні барын қаперде ұстау, тәубеге асығу, дүниеге алданбау, құлшылыққа енжар қарамау, ешкімге қиянат жасамау секілді мәселелерге бей-жай қарамас едік.
    Ендеше, ақиқатты өз кемелінде түсінген адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) хазреті Әбу Бәкірге (р.а.): «Мені «Хұд» сүресі қартайтты», – деп мұңайғаны мұсылман үмбетіне терең ой салуы тиіс.

    Құдайберді БАҒАШАР,
    әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD докторанты, халықаралық қатынастар маманы, дінтанушы
    8 жыл бұрын