Әлем жаңалықары: Пайғамбар (с.а.у.) карикатурасының авторы сыйлыққа ие болды
Әлем жаңалықары: Пайғамбар (с.а.у.) карикатурасының авторы сыйлыққа ие болды
9 жыл бұрын 4399

Пайғамбарлар падишасы – Мұхаммед Мұстафаның (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) ит бейнесінде келекелеп салған швед карикатурисі Ларс Вилкс Копенгаген қаласында даттардың баспасөз бостандығы қоғамының арнайы сыйлығымен марапатталды. Марапаттау рәсімі дат парламентінде қарулы күзетпен өткенін айта кету керек. Оның карикатурасы 2007 жылы Jyllands-Posten басылымында жарық көрген болатын. Оның бұл сорақы әрекеті исі мұсылманның наразылығын тудырған еді. Содан бері суретші есігіне күзетші қоятын болған. Өзіне карикатура үшін өшіккендердің қастандығынан қорқып.

 

Сириядағы дағдарысты реттеу мақсатында ғаламтор науқаны қолға алынды

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун мен осынау бүкіл әлемдік ұйымға қарасты агенттіктердің жетекшілері ғаламтор пайдаланушыларын төрт жылға созылған азаматтық соғыстан титықтаған Сириядағы дағдарысты шешуге арналған кеңес беру науқанына атсалысуға шақырды. «Не істеу керек?» (What Does It Take?)деп аталатын аталмыш жобаға Facebook, Twitter және Instagram әлеуметтік желілер арқылы атсаалыса аласыз. Мұндай акция 2013 жылы да «Жетер енді» деген атпен жүргізілген болатын. Бұл шараға Сириядағы ушығып тұрған ахуалға бей-жай қарамаған миллиондаған жан әлемнің әр түкпірінен үн қатқан еді. Алайда, «баяғы жартас – сол жартас», Сириядағы ахуал өзгерген жоқ. Десе де, мұндай шараға назар аударушылардың қарасы артып келе жатқаны қуантады.

 

АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкетуден бас тартты

АҚШ билігі Ауғанстандағы әскерін үстіміздегі жылдың аяғына дейін азайтуды талқылап жатыр. Алдағы жылы Ауғанстанда 9800 америкалық әскери қызметкер қалуы мүмкін. Қазіргі уақытта да осыншама әскер Ауғанстанда жүр. Алайда, АҚШ әскерін ауған аумағынан толық әкететіні жөнінде мәлімдеме жасаған жоқ. Естеріңізде болса, Пентагон бұл елдегі әскерін өткен жылдың аяғына дейін екі есеге қысқартуға уәде еткен болатын. Яғни, 5 500 әскери қызметкер қалуы тиіс болатын. АҚШ сарбаздарын әкету кестесі үстіміздегі жылдың наурыз айының аяғында, ауған басшысының АҚШ-қа ресми сапарынан кейін белгілі болады. 

 

Брюсселде ислам конференциясы ашылды

Өткен сенбіде, яғни, наурыз айының 14-і күні Бельгия астанасында ислам дініне және осы заманғы әдептілік мәселелеріне арналған жыл сайынғы халықаралық конференция өз жұмысын бастады. Аталмыш шара осымен үшінші рет өткізіліп жатыр. Келелі мәселелер қозғалатын бұл маңызды жиынды биыл ислам діні үкімдерін зерттеу орталығы Еуропадағы мұсылмандар желісінің жәрдемімен ұйымдастырып отыр. Аталмыш шараға Еуропадағы алдыңғы қатарлы зерттеушілер мен ккөрнекті ғалымдар қатысуда. Биыл күн тәртібіне өзекті деген төрт мәселе шығарылды: ислам мен ғылым; экономика мен қаржы; ислам ілімін оқыту; гендерлік мәселе. Алдыңғы екі конференция Доха және Катарда өтсе, бұл жолғы жиын Еуропада бірінші рет өткізілуде.

0 пікір
Мұрағат