Бір жолғы (бір-ақ рет пайдалануға арналған) шприцті қолдануға тыйым салынды
Бір жолғы (бір-ақ рет пайдалануға арналған) шприцті қолдануға тыйым салынды
3 жыл бұрын 2482 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Пәкістанның денсаулық сақтау министрлігі бір жолғы шприцті қолдануға толық тыйым салынғанын жария етті. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде пәкістандық Dawn мерзімді басылымына жөн сілтеген ресейлік ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. «Бүгінде мұндай шприцті жасауға немесе нарықта сатуға болмайды. Импорттаушылар мен жергілікті өндірушілерге біртіндеп бұдан бас тартуға мұрсат беріліп отыр. Жергілікті өндірушілерді өздігінен жойылатын шприцті жасауға ынталандыру үшін оларға кедендік баж салығы және саудадан түскен табысқа салынатын салық бойынша жеңілдіктер қарастырылған»,- деп мәлімдеді аталған елдің денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Сәжид Шах. Оның айтуынша, пластикті шприцті пайдалануға қатысты тыйым оны қайта қолдануға жол бермеу мақсатында салынып отыр. Өйткені, нашақорлар мұндай шприцті қайыра қолданып, ВИЧ, С гепатиті, т.б. түрлі ауруларды жұқтырып жатыр. Осылай деген ол өздігінен жойылатын шприцті қайта қолдануға келмейтінін алға тартты – екінші мәрте пайдалануға тырыссаңыз, оның поршені бұғатталып қалады. Оның бұғатын шешуге қатысты кез келген талпыныс шприцті мүлдем іске алғысыз етеді. Сөз орайы келгенде 2019 жылдың мамыр айында Пәкістанның Ларкан елді-мекенінде ВИЧ-ті мыңнан аса адамның жұқтырғанын айта кетпекпіз. Осы келеңсіз оқиғадан кейін кәдімгі пластик, бір жолғы шприцті пайдалануға тыйым салу турасында бастама көтеріле бастады. Бүгінде Пәкістанда 13 компания өздігінен жойылатын шприц өндіреді.

0 пікір
Мұрағат