Канада байырғы тұрғындарға 2 миллиард доллар өтемақы төлейді
Канада байырғы тұрғындарға 2 миллиард доллар өтемақы төлейді
1 жыл бұрын 950 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті. Фото: Shingwauk Residential Schools Centre / Reuters

Канада билігі интернаттарда балаларын қорлағаны үшін жүздеген байырғы қауымға 2,8 миллиард канадалық доллар (шамамен 2,1 миллиард АҚШ доллары) төлеу туралы шешім қабылдады. Бұл жайында islam.kz порталы The New York Times америкалық мерзімді басылымға сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталған дерек көзінің келтірген мәліметіне қарағанда, 2012 жылы 325 байырғы тұрғын топтанып  тиісті құзыретті органға талап арыз берген. Бұл тараптағы шешімді сот бекітуі керек, дәлірегі, сот төлемдердің мерзімін белгілейді. Канададағы мектеп-интернаттар жергілікті жастарды күштеп ассимиляциялау мақсатында құрылды. Оларды үкімет пен діни ұйымдар басқарды. Жергілікті халықты қайта тәрбиелеу бағдарламалары 19 ғасырдан 1990 жылдарға дейін 130 мектеп-интернатта жүргізілді. Осы уақыт ішінде шамамен 150 000 абориген бала осындай мекемелерде арнайы тәрбиеден өтті. Интернатта оқыған балалардың мыңдағаны аштықтан, аурудан, жазатайым оқиғалар мен зорлық-зомбылықтан көз жұмғаны айтылған ұлттық комиссияның тергеу материалында. Бұдан бөлек, Канаданың Саскачеван штатындағы Мариевал қаласында орын тепкен мектепте жүргізілген қазба жұмыстары кезінде мектеп аумағынан байырғы тұрғындардың кәмелет жасына толмаған балаларының  қабірлері табылғанын айта кету керек. Ол ол ма, Камлупстағы мектеп интернатта да 215 мәйіттің қалдықтары табылған болатын. Көктей солған балалардың кейбірі үш жаста болған. Қалалық қоғамдастықтың басшысы Розанна Казимиерстің айтуынша, байырғы тұрғындардың балаларының қазасы тіркелмеген, дәлірегі, мектеп әкімшілігі құжат рәсімдемеген.

0 пікір
Мұрағат