Тәжікстан наным-сенім бостандығын шектеген елдер тізіміне енгізілді
Тәжікстан наным-сенім бостандығын шектеген елдер тізіміне енгізілді
8 жыл бұрын 3552

Тәжікстан алғаш рет наным-сенім бостандығына қол сұққан елдер тізіміне енгізілді. Аталмыш тізімде Мьянма, Қытай, Эритрея, Иран, Солтүстік Корея, Судан, Түркіменстан, Өзбекстан елдері бар. Бір қызығы, заңнан аттамайтын АҚШ-тағы мұсылмандардың әрбір басқан қадамын қадағалап, террозимді желеу етіп, олардың сыртынан тың тыңдауды әдетке айналдырған, осылайша діни кемсітушілікке жол берген АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Джон Кирби осындай мәлімдеме жасады. Ал Тәжікстан тарапы бұған қандай уәж білдірді? Аталған елдің дін істері жөніндегі комитет қызметкерлері Атлант мұхитының ар жағынан естілген бұл айыптауды негізсіз екенін мәлімдеді. Десе де соңғы кезде Тәжікстанда наным-сенім бостандығына қатысты қатаң шектеулер мен асыра сілтеушіліктер орын алып келеді. Ер-азаматтардың сақалын күштеп алдыру, шариғат шәлісін жамылған әйелдерді жиі тексеріп, тергеп, негізсіз күдікке алу әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көтерілетін тақырыптардың біріне айналғаны өтірік емес. «Республикада 4000-нан аса діни ұйымдар жұмыс істейді, ТР Жоғарғы сотының шешімімен араздықты қоздырып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін сот қаулысымен кінәлі деп танылғандарының қызметіне тыйым салынған»,- деп айтылған Тәжікстан билігінің мәлімдемесінде. Сондай-ақ, сот шешімімен жабылған мұндай ұйымдар ел қауіпсіздігіне қатер төндіргені үшін олардың қызметіне заң жүзінде тыйым салынғанын алға тартқан. Ал бұл наным-сенім бостандығына шектеу қойылғандығын білдірмейтінін де жеткізген. 

0 пікір
Мұрағат