2017 – мұнайдың арбауынан құтылатын жыл
2017 – мұнайдың арбауынан құтылатын жыл
7 жыл бұрын 2912 7kun.kz Чжу Минь – Халықаралық валюта қоры атқарушы директорының орынбасары, Қытай Халық банкі басшысының орынбасары

Мұнай экспорттаушы елдердің соңғы жылдардағы, әсіресе 2016 жылы алған сабағы – олар инновацияны ынталандыру арқылы саясатын бейімдеп, экономикасын әртараптандырып отыруы керек. Олардың қарашаның соңындағы өндірісті қысқару туралы келісімі (сегіз жылдағы алғашқы уағдаластық) бағаны қысқа уақытқа өсіргенімен, бұған өзгеріс енгізе алмайды. Расын айтқанда, соңғы ширек ғасырда мұнайдан түскен табыс әсіресе Парсы шығанағындағы мұнай экспорттаушы елдердің жалпы ішкі өнімдерін (ЖІӨ) еселеп жіберді. Сөйтіп, бұл елдердің көбінде сәуле шашып жарқыраған, әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымы бар, өмір сүру стандарттары ортадан жоғары, шулы да космополит қалалар пайда болды.

Алайда, 2017 және одан кейінгі жылдары әлем өзгеше болады. Мұнай бағасы тек баяу экономикалық өсімнен болған ғаламдық энергетикалық сұраныстың төмендеуінен ғана арзандап отырған жоқ. Оған, сондай-ақ, көмірсутегін өндірудегі технологиялық өзгерістердің, қалпына келетін энергетика ресурстары ұлғаюының және климаттың өзгеруімен ғаламдық күрестің әсері болып жатыр. Мұнда 2015 жылғы желтоқсандағы климатқа байланысты Париж келісімінің де үлесі бар. Соның кесірінен көмірсутегін сату арқылы ғана дамып келген мұнай өндіруші елдердің көбі жүрісін баяулатып қалды, ал бұл ұзаққа созылуы, тіпті, қалыпты жағдайға айналуы мүмкін.

Жақында жасалған өнім өндіруді шектеу туралы келісімнің өзі көрсеткеніндей, мұнай экспорттаушы экономикалар сол мұнайға тым тәуелді болып отыр. 1980, 1990-жылдары мұнай бағасы арзан болғанда оны экспорттаушы елдердің өмір сүру стандарттары төмендеп, жұмыссыздық артты, ал мемлекеттердің қарыздары шарықтап кетті. 2014 жылдан бері дәл сол жағдай қайталанып, мұндай елдер қаржы қорларын сарқып, шығындарды қысқартып жатыр. Бұл жолы мұнай экспорттаушы елдер бағаның құлдырауына төтеп беру үшін қомақты қаржылай қор жинап алды. Десе де, олар әлі мұнайдың арбауында отыр. Халықаралық валюта қоры жақында шығарған «Мұнайдың арбауынан шығу: Парсы шығанағы қаршығаларының әртараптандыруға барар жолы» (Breaking the Oil Spell: The Gulf Falcons’ Path to Diversification) деген кітап (редакторларының бірі мен болдым) ел үкіметтері өз экономикаларын қалай басқа жаққа бұрса болады дегенге жауап береді. Бұл кітап Бразилия, Оңтүстік Корея, Малайзия және Сингапур сияқты экономикаларын сәтті түрде әртараптандыра алған елдердің мысалдарын пайдаланады. Бұл елдер – мұнай экспорттайтын басты елдер болмағанымен, бізге өте үлкен сабақ бере алады. Олардың әрқайсысында экономиканы әртараптандыру халықаралық нарықта бәсекеге түсе алатын жоғары табысты өнеркәсіпке бағытталды. Сөйтіп, бұл өнеркәсіп өнімділікті арттырып, экономиканың басқа секторларына да серпін бере бастайды. Мәселен, 1980 жыл мен 2012 жыл аралығында Малайзияның жалпы экспортындағы шикізат өнімдерінің үлесі 80 пайыздан 20 пайызға дейін түскен, ал электроника экспорты 10 пайыздан 30 пайызға өскен.

«Мұнайдың арбауынан шығу» кітабындағы көзқарасқа сәйкес, экономикаларын әртараптандырған елдер «венчурлық қорлар, даму банктері және экспортты ынталандыратын мекемелердің көмегін бизнесті қолдау және қаржы алу; арнайы экономикалық аймақтар, өнеркәсіп кластерлерін, зерттеу және даму орталықтарын, стартап инкубаторларын құру» арқылы жетістікке жеткен. Мәселен, Сингапур зерттеу мен дамуды ынталандыру, индустрия кластерін қалыптастыру мақсатында өнеркәсіп, ғылым және жоғары технология парктерін құрды; Ал Бразилия даму банкінің көмегіне сүйенген Бразилия фармацевтика, қант құрағы және компьютерлік бағдарлама өнеркәсіптеріне күш салу арқылы көп ілгері жылжыды. Малайзия болса табиғи ресурстарын, соның ішінде пальма майы мен каучукты жинап, өңдеп, экспорттайтын өнеркәсіпті дамытуға, электрондық нарыққа көбірек бағыт түзеді. Экономикаларын сәтті түрде әртараптандырған елдердің барлығында үкімет инновацияны ынталандыруда, экспортқа бағыт түзеген фирмаларды, адам капиталын дамыту жолында қоғамдық сектор мен жеке секторды интеграциялауда шешуші рөл ойнады.

Мұнай экспорттаушы елдердің үкіметтері белсенділік танытып, жеке секторға, әсіресе, жоғары табысты экспорт өнеркәсібіне қажетті мамандар даярлауға көп көңіл бөлуі тиіс. Олар әлеуметтік даму бағдарламаларын құру арқылы, сондай-ақ жеке фирмалар еңбек нарығынан ығыстырылмауы үшін қоғамдық сектордағы жалақы көлемін және жұмыс орындарының санын реттеу арқылы басқаруды, ашықтықты, бәсекені және әсіресе білімді дамытуға күш салуы керек. Мұнымен қоса олар, әрине макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты қадағалауы тиіс. Мұнай бағасы үнемі арзан болады деген ой оны экспорттаушы елдерді ұйқысынан оятуы керек. Олардың үкіметтері экономиканы әртараптандыру шарасын күн тәртібіндегі басты мәселе етіп қоюы тиіс. Кейбіреулері мұны бастап та кетті. Мәселен, Сауд Арабиясы жақында ұсынған Vision 2030 жоспарында елдің мұнайға тәуелділігін азайтып, жеке сектордың рөлін күшейтуді, ел азаматтарына көбірек жұмыс орындарын ашу арқылы экономиканы трансформациялауды ойластырған. Vision 2030 – жақсы жасалған алғашқы қадам, дегенмен, бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін үкімет алдағы жылдары біраз интервенция жасап, басымдықтарды анықтап, ретімен әрекет етуі керек. Бұл тек Сауд Арабиясына емес, мұнай экспорттайтын елдердің барлығына қатысты нәрсе, ал жаңа жыл – экономиканы жылдар бойы құрсауында ұстап келген мұнайдың арбауынан құтылудың ең жақсы мүмкіндігі. 

0 пікір
Мұрағат