|
Бүйірімен де жүре алатын, жол талғамайтын қытай көлігі (видео)
|
Мұндай бірегей жүйе тар жерде көлігіңді тұраққа қоюды жеңілдетіп, машинаның күрделі әрі қиын жағдайда жол табуыңа көмектеседі. Бұл жайында islam.kz порталы finance.eastmoney.com сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қытайда таяуда өткен Chery инновациялық конференциясында Exeed Sterra ET жол талғамайтын көлік жұртшылық назарына ұсынылды. Айрықша автокөлік барлық төрт доңғалақты тәуелсіз басқарылатын Feiyu эксперименталды шассиімен жабдықталған.
Доңғалақтар 90 градусқа бұрылады
Кәдімгі автокөлікте қозғалыс бағытын көбінесе алдыңғы доңғалақтар белгілейді және басқарады. Feiyu жүйесінде әрбір доңғалақ өзгелеріне қарамастан 90 градусқа дейін бұрыла алады. Осының арқасында машина тек алға және артқа жүруге ғана емес, сонымен қатар, шаян тәрізді бүйірмен қозғалуға да қабілетті.
Мұндай жетістікке қол жеткізу үшін инженерлер бірнеше технологияны бір модулге біріктірді. Доңғалақтарда электр моторлары орнатылған, ал электрондық жүйе бұрылысты, жетекті және аспаны жеке басқарады. Жүргізушіге автокөлікті тар тұрақ орнына қою үшін рулмен күрделі маневрлерді орындаудың қажеті жоқ.
Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Feiyu-ны болашақ интеллектуалды автокөліктер өндірісінің негізі ретінде қарастырады. Доңғалақтарды, жетекті және аспаны тәуелсіз басқару тұрақ кезінде ғана емес, ойлы-қырлы жерде салмақ түскен жағына ауып кетпеу үшін де қажет болуы мүмкін.
Әзірше технология прототип түрінде ұсынылған. Chery жаппай автокөлік өндірісінде қашан пайда болатынын және қандай моделдер оны бірінші алатынын жариялаған жоқ