2017 жылы жоғалған азаматтың жеке басы ДНҚ арқылы анықталды
2017 жылы жоғалған азаматтың жеке басы ДНҚ арқылы анықталды
2 сағат бұрын 46 kaz.inform.kz Асхат Райқұл

KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі өткен жылдардағы қылмыстарды ашу және хабар-ошарсыз кеткендерді анықтау жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, заманауи криминалистикалық әдістер мен молекулалық-генетикалық зерттеулердің арқасында ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар ондаған тұлға анықталған.

– ІІМ-нің молекулалық-генетикалық зертханасының әлеуеті ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуға мүмкіндік беріп отыр. Адам өлтіру және зорлау фактілері, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар әшкереленді. Сонымен қатар, хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды анықтау жұмысына ерекше назар аударылады. Мәселен, 2017 жылы Семей қаласынан шығып кетіп, жоғалған 27 жастағы ер адамның жеке басы Қызылорда облысында табылған сүйек қалдықтарына жүргізілген ДНҚ-сараптама нәтижесінде анықталды. Заманауи криминалистиканың мүмкіндіктері қылмыс жасалған уақытқа қарамастан тұлғаларды анықтауға және кінәлілерді жауапқа тартуға жол ашады. Ешбір қылмыскер жазасыз қалмауы тиіс – бұл Заң мен Тәртіптің басты қағидаты, – деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.

Министрлік мәліметінше, әрбір осындай істің артында жедел уәкілдер, тергеушілер мен криминалистердің ұзақ әрі мұқият еңбегі жатыр.

Айта кетейік, ДНҚ-код көмегімен 2016 жылы Астанада зейнеткерді өлтірген қылмыскер ұсталды.

Асхат Райқұл

0 пікір
Мұрағат