|
Организмді жасартудың өзгеше тетігі табылды
|
Неміс ғалымдары организмнің қартаю процесін зерттеуде айрықша жаңалық ашты. Бұл жайында islam.kz порталы Aging Cell мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Олар 80 жастағы адамның қан жасушаларын биологиялық жасы 20 жастан кіші діңгекті жасушаларға айналдыра алды. Бұл тараптағы бірегей тәжірибені Бонн университеті мен Бонн университеттік клиникасының білікті мамандары жүргізді. Бұл үшін зерттеушілер жасушаларды қайта бағдарламалаудың арнайы технологиясын пайдаланды. Оның көмегімен эритроциттердің бұрынғы жасушалары нейралдық діңгекті жасушаларына айналды, одан кейін жүйке жасушаларын өсіруге болады. Бұл ретте олардың жинақталған жас өзгерістерін көрсететін өзіндік ішкі сағаттары кері бағытта қозғала бастаған. Тәжірибенің ерекшелігі – организмнің жасаруы бірден емес, бірте-бірте, бірнеше апта бойы жүрген. Ғалымдар процесті 100 күннен астам уақыт бойы бақылап, жасушалар ішінде қандай өзгерістер болып жатқанын егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік алды. Аталмыш зерттеу жетекшісі профессор Оливер Брюстленің айтуынша, мұндай модел жасаруды жылдамдататын немесе бәсеңдететін заттар мен факторларды анықтауға көмектеседі. Мұндай жаңалық, әсіресе, Альцгеймер ауруын қоса алғанда, ми ауруларын зерттеуде пайдалы болуы мүмкін. Кәрілік осындай ауытқулардың басты салдары мен қауіп-қатер факторларының бірі болып саналатындықтан организмді жасарту тетігін табу өз кезегінде медицина үшін жаңа кезең қалыптастырады. Алайда, сарапшылардың айтуынша, әзірге тек зертханадағы тәжірибе ғана жасалған. Ғалымдар бүкіл адам ағзасын осындай тәсілмен жасарта ала ма, жоқ па, оны алдағы уақыт көрсетеді.