Қазақстанда құрғақшылыққа төзімді жаңа дақыл сорттары шығарылды
Қазақстанда құрғақшылыққа төзімді жаңа дақыл сорттары шығарылды
44 минут бұрын 34 24.kz Дастан Қуандық, Бекзат Үшкемпір, Айдос Қалиев

Қазақстандық ғалымдар құрғақшылық пен өсімдік ауруларына төзімді 30-дан астам жаңа дақыл сортын таныстырды. Олардың қатарында биыл солтүстік өңірлерде 20 мың гектардан астам жерге егілген «Тайма» сорты да бар. Бұл туралы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы Бауыржан Асанов 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.

Оның айтуынша, орталықтың 30 еншілес ұйымының 10-ы «Қазагрофарм-2026» көрмесінде дәнді, майлы және мал азықтық дақылдардың жаңа тұқымдарын ұсынған. Олардың басым бөлігі құрғақшылыққа және түрлі ауруларға төзімділігімен ерекшеленеді. Жаңа сорттарға шаруа қожалықтары мен ірі агрокәсіпорындар қызығушылық танытып отыр.

Біздің орталықтың 30 еншілес ұйымының 10-ы көрмеде дәнді, майлы және мал азықтық дақылдардың 30-дан астам жаңа сортын ұсынып отыр. Олар құрғақшылыққа және ауруларға төзімді. Қазір бұл тұқымдарға шаруа қожалықтары мен ірі агрофермалар қызығушылық танытып жатыр, - деді ол.

Жаңа сорттардың арасында Шортанды 2021 тұқымы да бар. Орталық басшысының сөзінше, ол биылғы құрғақшылық жағдайында төзімділігін көрсетіп, жақсы өнім берген.

Ал Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары шығарған «Тайма» сорты биыл солтүстік өңірлерде 20 мың гектардан астам алқапқа егілген. Оның өнімділігі гектарына 40 центнерге дейін жеткен.

Биылғы жылы отандық «Шортанды 2021» тұқымы құрғақшылыққа төзімді екенін көрсетіп, жоғары өнім берді. Сонымен қатар «Тайма» сорты солтүстік өңірлерде 20 мың гектардан астам жерге егілді. Оның өнімділігі гектарына 40 центнерге дейін жетіп отыр. Сондықтан құрғақшылыққа және ауруларға төзімді жаңа сорттарға қызығушылық жоғары, - деп атап өтті Бауыржан Асанов.

Бұдан бөлек, ғалымдар биыл 115 дақыл сорты мен түрін, оның ішінде майлы және мал азықтық дақылдарды да, сорт сынау станцияларына жіберген. Олардың нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады. Сынақтан сәтті өткен сорттарды фермерлердің шаруашылығында кеңінен қолдану жоспарланып отыр.

Аграрлық саладағы тағы бір маңызды бағыт – су үнемдеу технологиялары. Көрмеде тамшылатып және жаңбырлатып суарудың жаңа жүйелері таныстырылды. Оларды Қазақстанда да, шетелде де жұмыс істейтін компаниялар әзірлеп, өндіріске енгізіп жатыр.

Қазақстандық селекционерлер жүгері мен құмайдың жаңа сорттарын шығарды

Жемшөп көп болса, мал қоңды болады. Қазақстан селекционерлері жүгері мен құмай дақылының жаңа сорттарын шығарды. Қазір бұл сұрыптар мемлекеттік сынаққа жіберілді, деп хабарлайды 24KZ.  

«Селекция жұмыстары Үкіметтің қолдауымен жүзеге асты», – дейді мамандар.

Жаңа сорттар «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» зертханасында шығарылды. Ғалымдар ең алдымен олардың жергілікті климатқа бейімделуіне мән беріпті. Өйткені, кейбір шетелдік тұқымдар еліміздің барлық өңірінде жақсы өнім бере бермейді. Ал қазақстандық сорттар қуаңшылық пен суыққа бейім.

Айман Омарова, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы» ҒЗИ бас ғылыми қызметкері: – Қазақстанның өз гермоплазмасы, өз будандары мен өз сорттары болуы керек. Бұл Қазақстанды жергілікті топыраққа бейімделген, қолайсыз ауа райына төзімді отандық будандар мен сорттардан жасалған жемшөп базасымен қамтамасыз ету үшін қажет. Сондықтан бұл сорттардың шетелдік сорттармен қатар Қазақстан үшін де маңызы зор.

Қазір жаңа сорттар мемлекеттік сынаққа жіберілді. Мысалы, жүгерінің Жетісу буданы гектарына 1000 центнерден аса жасыл масса береді. Бұл сүрлемге жақсы. Өзге сорттардың да ерекшеліктері бар.

Нұрсұлтан Мұсақожаев, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы» ҒЗИ зертхана меңгерушісі: – Мирасқа келсек, ол ерте пісетін жүгері, оның өнімділігі бұрынғы сортқа қараған кезде 2-3 тоннаға дейін артықшылығы бар. Ал қалған Даяна және Алтынай сорттарына келсек, бұл жерде де өзгеріс бұлардың өнімділігінде және төзімділігінде. Біздегі тікелей жұмыстар – осы «Ғылым қоры» тарапынан беріліп жатқан тікелей көмектің нәтижесі. Соның арқасында зауыт салынды.

Былтыр институтта жүгері және сорго дақылдарының тұқымдарын кептіру, сұрыптауға арналған жаңа өндірістік желі іске қосылған еді. Ол тұқымдық материалды өңдеу тиімділігін арттырып, көлемін көбейтуге мүмкіндік береді.

Ғалымдар зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырып, отандық селекцияның қорын көбейтуді көздеп отыр.

 

0 пікір
Мұрағат