Суицидке бейім оқушылардың 90 пайызы ер балалар екені анықталды
Суицидке бейім оқушылардың 90 пайызы ер балалар екені анықталды
8 жыл бұрын 4562

Соңғы жылдары Ақтөбе өңірінде оқушылар арасында өзіне-өзі қол салу оқиғасы жиілеп кетті. Өзін өлтірмекші болғандардың көпшілігі ер балалар.

Бұл туралы Ақтөбедегі №4 жалпы білім беретін орта мектебінде өткен ата-аналар жиналысында белгілі болғанын хабарлады «nur.kz» порталы «Керек-инфо» ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып.

Қыздармен салыстырғанда суицидке, әсіресе, ер балалар бейім келетін көрінеді. Мамандардың тұжырымы осындай. Олар бұл пікірді соңғы екі жылда өзіне-өзі қол салған ақтөбелік оқушылар туралы мәліметтерді саралай келе айтып отыр. Психолог Айгүл Жақыбаеваның айтуынша, өз өмірін қиған оқушылардың 92 пайызы – ұлдар.

“Балалар жасөспірім шақта өте әсершіл келеді. Бұл – әлі есейе қоймаған, бірақ әлі өзін бала деп есептегісі де келмейтін уақыт. Баланың психикасы осы уақытта өте күрделі өзгерістерге ұшырайды. Қатты депрессияға ұшырап, сағы сынып кетсе, ол бала өскенде жасық болып қалыптасады. Ал керісінше тым еркелеп, эгоист болып өссе, ол бала даңғой, мақтаншақ, есір адамға айналуы мүмкін. Сол себептен, ата-аналарға жасөспірім шақтағы баланың даму шекарасын білгендері абзал”,-дейді психолог.

Оқушылардың суицидке бару себептерін талдаған мамандар интернет пен әлеуметтік желілер туралы да айтты. Мамандар бірауыздан интернетті кінәлайды.

“Күні бойы жұмыста жүретін ата-ана баласының қандай сайттан, қандай ақпарат қарап жүргенінен хабарсыз. Қараусыз қалған бала тәулік бойы интернетте отырады. Теріс ағымдарға ілесіп кетіп жатқандары қаншама… Осылардың қалай алдын алуға болады? Ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Баланы өз бетімен қараусыз жібермей, қадағалауға алғандары жөн”,-деді №4 мектептің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Асылай Әбжанова.

Балаларға қатысты ахуалға қанық мамандар “өзіне өзі қол салатын балалардың бәрі бірдей тұрмысы нашар отбасынан” деген пікірмен келіспейді. Бақуатты отбасының балалары да өзін-өзі өлтіріп жатқан жағдайлар жоқ емес.

Бала суицидінің басты себебі, дұрыс деңгейде көңіл бөлмеу, баланы өз бетінше қараусыз жіберу,-деп есептейді олар.

 

0 пікір
Мұрағат