Бейбітшілік құсының бірнеше түрін қолға үйреткен петропавлдық тұрғын
Бейбітшілік құсының бірнеше түрін қолға үйреткен петропавлдық тұрғын
9 жыл бұрын 10985 24.kz

Петропавл қаласының тұрғыны Сергей Самылкин көгершін өсірумен айналысады. Қазір ол бейбітшілік құсының бірнеше түрін қолға үйреткен. Кәнігі кептер өсіруші қанаттыларын көрмелерге шығарып, аз-маз пайда да тауып жүр. Сергей Самылкин құстарға қаршадайынан құштар. Еңбегі де, ермегі де осы. Бүгінгі таңда оның торынан 200-дей көгершін ұшып-қонады. «Әрқайсының орны бөлек», - дейді кептерші. Сергей Самылкин, кептер өсіруші: - Менің ең сүйікті көгершіндерімнің бірі. Әйелді әдемілігіне қарап таңдасақ, кептерлерді жуандығына қарай жақсы көреміз. Сұлу құс осындай болуы керек. Кептерші көгершіндерінің келбетіне де көп көңіл бөледі. Оның айтуынша, құстың түр-тұрпаты қашан да тартымды болуы керек. Сыланып-сипалған «сұлулар» серіктерін де талғаммен таңдайды. Сергей Самылкин, кептер өсіруші: - Жұптарын жер-жерді аралап, іздейміз. Ресейге де барып келдім. Өйткені құстарымның серігі өзіне сай болуы тиіс. Көгершін – адал құс. Кептердің алғашқысы адам қолына осыдан 5 мың жыл бұрын үйренген. Бүгінгі таңда әлемде олардың 800-дей түрі бар. Көгершінді бұқара бейбітшіліктің белгісіне балайды. Бұл құстың бір қасиеті кез келген қашықтықтан өз ұясына адаспай ұшып келеді. Сондықтан кезінде олар арқылы хат алысып тұрған.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура



0 пікір
Мұрағат