Eл іші: Түркістан 1 млн туристі қабылдады
Eл іші: Түркістан 1 млн туристі қабылдады
8 жыл бұрын 3079

Өткен жылы Ер түріктің бесігіне айналған Түркістан қаласы бір миллион туристі қабылдаған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов айтты.

Өңірде ауыл шаруашылық пен өнеркәсіп саласынан бөлек, туризмді дамытуға да ерекше назар аударылып жатқандығына тоқталған әкім, жыл өткен сайын аймақтағы көне шаһарларға туристер көп келе бастағандығын айтты.
- Соның айғағы ретінде мынадай дерек келтіруге болады. Өткен жылдың өзінде бір ғана Түркістан қаласына келген туристердің саны 1 миллион адамнан асты. Облысымыздағы өзге де көне қалалар мен туристік кластерді дамытуға ықпал ете алатын нысандарды ескере отырып, бұл көрсеткішті еселей түсуге болады, - деді Бейбіт Атамқұлов.
Сонымен қатар, аймақта Елбасының тапсырмасына сәйкес Сарыағаш шипажайын халықаралық деңгейге жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Шардара су қоймасы маңынан жағажай туризмін, Төле би, Түлкібас, Қазығұрт аудандарында тау демалысы аймағын дамыту қолға алынуда. Осы мақсаттағы жұмыстарды жетілдіру жолында "Ontustik tourism Center" Туристік ақпараттық орталығын" құрылды.

 

Оңтүстікте Қазақстан халқының 16% өмір сүреді

Оңтүстік Қазақстанда жалпы Қазақстан халқының 16 пайызы өмір сүреді. Мұндай мәлімдемені Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында аймақ басшысы Бейбіт Атамқұлов айтты.

- Оңтүстік Қазақстан еліміздің оңтүстігіндегі әкімшілік аумақтық бөлік болып табылады. Жер көлемі 117,3 мың шаршы шақырымды құрайды. Ал аймақта ел халқының 16 пайызы өмір сүреді. Яғни, 2 836 000 халық тұрады. Облыс 11 әкімшілік аудан мен 4 қалалық әкімдікке бөлінген, - деді әкім.
Айта кетейік, республикалық көлеммен қарастырғанда өңірдің демографиялық өсімі жоғары. 2014 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2015 жылы халық саны 1,9 пайызға өсті. Осылайша, аймақтың нақты экономикалық өсім орта есеппен 2 пайызды құрап отыр. 

 

Қызылордалықтар дәрігердің қабылдауына енді ғаламтор арқылы жазылады

Қызылордалықтар үйінен шықпай-ақ дәрігердің қабылдауына жазылып, мамандардың пайдалы кеңес-мағлұматына жүгіне алады. Онлайн қызмет түрі emdeu.kz инновациялық жобасы аясында жүзеге асып отыр. Медициналық портал тәулік бойы және аптасына 7 күн тұрғындарға қолжетімді. Сайттың ұтқыр тұсы емханаларда ұзын-сонар кезек болмайды. Әрбір емделуші қажетті маманның немесе аумақтық дәрігердің қабылдауына ғаламтор арқылы жазылып, келісілген уақытта жүгінеді. Жаңа жүйе Қызылорда қаласының 2 емханасына енгізілді. Жыл соңына дейін облыс аудандарындағы медициналық мекемелер де emdeu.kz сайтына қосылады. Сала мамандарының пайымдауынша, ғаламторлық қабылдау медициналық қызмет көрсету сапасын арттыра түспек.

0 пікір
Мұрағат