Халық санағы: Қазақ тағы 70%-ға жетпей ме?
Халық санағы: Қазақ тағы 70%-ға жетпей ме?
3 жыл бұрын 1623 Abai.kz Асхат Қасенғали

Биыл елімізде халық санағы өтеді. Анығы 1-маусымнан бастап алғашқы кезеңі басталып та кетті. Халық санағы әр он жыл сайын өтіп, мемлекеттің даму стратегиясын анықтайтын нақты сандарды көрсетіп беретін маңызды құжатты жасақтайды. 2019  жылы өтуге тиіс болған халық санағы елімізде екі жыл қатарынан кешіктірілді. 2019 жылы президенттік сайлауға байланысты шегерілсе, 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалдырылған еді. 

1989 жылғы мәлімет бойынша Қазақстандағы халықтың саны 16.1 млн адам болған. Оның ішінде қазақтардың саны 6.4 млн немесе халықтың 40,1 пайызын құраған. Ал КСРО құлап, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін халық санағы 1999 жылы өткізілді. Санақ бойынша елімізде 14.9 млн халық тұратыны анықталды. КСРО тарағаннан кейін біраз 1 млннан астам халық Қазақстаннан қоныс аударды, олардың ішінде славян ұлттары мен немістер көп болатын. Сол себепті де 1999 жылғы санақта халықтың саны 10 жыл бұрынғы көрсеткіштен 1.2 млнға аз болып шықты. 1999 жылғы санақ бойынша қазақтың саны 7.9 млн адамды құрады. Пайыздық кқрсеткіште бұл жалпы халықтың 53,4 пайызы деген сөз. Қазақ өз жерінде қайтадан көпшілікке айналды. XX ғасырдың басында басталған геноцидтік және отарлау саясатының салдарынан аштыққа ұшырап, атылып, қудаланған қазақ 50-жылдары өз жерінде 29%-ды құрап, азшылыққа айналған дәуірден кейін, араға жарты ғасыр салып, қайта көпшілікке айнала бастады.

2009 жылы заңдылық бойынша кезекті халық санағы өтті. Санақ нәтижесі бойынша елімізде 16004800 адам тұратыны анықталды. Қазақтар саны 10098600 адам, пайыздық көрсеткіште бұл 63,10 пайыз деген сөз. Он жылда қазақтың саны пайыздық дейгейде тағы 10%-ға артқаны көрінді. Оның ішінде сырттан Атажұртқа қоныс аударған қандастардың да үлесі басым болды.

2009 жылғы халық санағы үлкен даумен аяқталды. Санаққа 1,144 миллиард теңге қаржы бөлінген еді. Алайда санаққа тек қана 379 миллион теңге ғана жұмсалып, қалғаны жемқорлық негізінде жоғалып кетті. Санаққа басшылық еткен Анар Мешімбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол Ресейге қашты. Кейіннен Ресейден әкелініп, 7 жылға сотталды. 2009 жылы 1-қыркүйекте ел президенті Н.Назарбаев өз үндеуінде еліміздегі қазақтардың саны 65% деп атады. Ал 2010 жылдың ақпан айында санақтың жаңа нәтижесі шығып, онда қазақтың саны 63.1% екені жазылды. Алайда көптеген демографтар халық санағының нәтижесіне күмәнмен қарайды. Олар елдегі ұлттық көрсеткіште сәйкессіздіктер көп дейді. Мысалы демограф Мақаш Тәтім бұл санақ туралы: "Мен халық санағы БҰҰ нұсқаулықтарын бұзумен өткізілгенін білемін, соған байланысты ол өзінің ғылыми құндылығы мен ғылыми талдауға жарамдылығын жоғалтты. Есептегіш сауалнамаға шынымен сұхбаттасқан адамның мәліметтерін емес, ақпаратты ауадан енгізген кезде ешқандай объективтілік туралы айту алмаймыз. Мұндай фактілер соңғы санақта болған. Демек, демография саласындағы мамандар үшін осылайша жүргізілген санақ науқаны фальсификация көлемі жағынан қызықты болуы мүмкін. Біз қазақстандық қоғамның нақты көрінісін емес, бұрмаланған сандарды алдық. Оны дәлелдеу маған қиын емес",-  деген еді.

Енді міне араға 12 жыл салып кезекті халық санағы өтуде. Биылғы халық санағы жаңа әдістермен өтетін болады. Оған пандемияның және цифрлық дамудың тікелей қатысы бар. Халық санағын өткізу бойынша екі әдіс қолданылмақ. Біріншісі үй үйді аралайтын дәстүрлі әдіс, ал екіншісі сайт арқылы қолданылатын әдіс. Дәстүрлі әдіс бойынша санақ 1-30 қазан аралығында өтеді. Ал сайт арқылы санақ 1-қыркүйек пен 15-қазан аралығында ұйымдастырылады. Осы аралықта сіз sanaq.gov.kz сайтына кіріп өзіңіз және отбасыңыз жайлы мәліметтерді қалдыра аласыз.

Биылғы санақтың ұраны "Қазақстанда әркім маңызды!" болып отыр. Ал жалпы санаққа 2018-2023 жылдар аралығында 9,1 миллиард теңге бөлінген. Соның 3.4 миллиарды игерілген. Санақтағы сұрау парағында 87 пункт бар, оның ішінде 67 сұрақ және 20 нақтылау сұрақтары.

Алайда маңыздысы бұл емес. Маңыздысы биылғы санақта қазақтың саны қанша болмақ? Міне, өзектісі осы. Арман болған 70%-ға Алаш баласы биыл қол жеткізе ма? Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан бұл жайлы 28-сәуірде былай деп жазды. "Қазақстандағы ұлттық құрам бойынша ақпараттар жарияланды. Қазақтың саны тағы да 69%. Бірақ 69% дегеніміз 2009 жылы болып еді, артынша олар "қателестік" деп 65%-ке түсірді, кейін тіпті 63% құлатты. Енді міне тағы да 69% деп отыр. Марқұм Мақаш Тәтімовтың болжамы бойынша қазақтардың саны 2009 жылы расымен 69% болған, ал  2020 жылы 80% болды. Оны соқыр да көріп тұр. Қазақтарды тағы да 69% дегенге сенбеймін мүлде". 

Қазақтың саны 70%-дан жоғары болса мемлекеттік тіл, ұлттық саясат деген билік үшін бас ауыртар мәселелерді қайта қарап, қозғауына тура келетіні анық. 2021 жылдың халық санағында қазақ тағы 70%-ға жетпей қала ма?!

Қазақстаннан қанша адам кетті?

Тәуелсіздік жылдары Қазақстаннан 4,2 миллион адам кетіп қалған.

Қазақстандықтардың көбі Еуропа елдеріне кеткен - 4,1 миллион адам. Оның 2,5 миллион Ресейге көшіп кеткен. Бір миллионнан аса адам Германияда тұрып жатыр. Украинада 225 мың қазақстандық болса, Беларусьте 70 мың, Грекияда 27 мың, Чехияда 8 мың және 7 мыңы Польшада. 

Сонымен қатар, 50 мың адам Солтүстік Америкаға кеткен. Оның 36 мыңы АҚШ-қа кетсе,  Канадаға 13 мың қазақстандық көшіп кеткен.

Африкада тұратын қазақстандықтар да бар. Оның ішінде, ең үлкен диаспора Малиде - 2 мың адам. Тағы мыңға жуық қазақстандық Ливияда тұрып жатыр.

Қандастардың қатары қалыңдайды

Биыл, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Тәуелсіздіктің халқымызға берген басты игіліктерінің бірі – алыс және жақын шетелдерден  қазақтардың Отанға оралуына жол ашылғанына да 30 жыл толмақшы. Еліміз өз еркіндігіне қол жеткізердің алдында, 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кабинеті «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандырудың тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдаған болатын.

Жыл түйінделер күні – 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелдердегі қазақтарға радио арқылы сөз арнады. Иә, Назарбаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі жалпы жұртшылыққа бағышталған алғашқы сөзі шетелдегі қазақтарға арналған еді. Қалай дейсіз ғой? Міне, қараңыз. Ел тәуелсіздігі жыл соңында – 16 желтоқсанда жарияланды. 17 желтоқсанда Алматының орталық алаңында Тәуелсіздік митингісі өткізілді. Сол күні АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер Қазақстанға келді. Тәуелсіздікке байғазы беруге келген жоқ, біздегі ядролық қарудың ендігі жағдайын білуге келді. Қат-қабат жұмыс қызып ала жөнелді: бұрынғы Кеңес Одағына кірген он бір тәуелсіз мемлекет басшыларының Алматыда басы қосылып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құруы, Палестина лидері Ясир Арафаттың сапары, Президенттің Парламентте сөз сөйлеуі, ТМД басшыларының Минскідегі кеңесіне қатысу... Осындай қарбаласпен өткен алғашқы оншақты күннің өзінде Нұрсұлтан Назарбаев алыстан ойлаған мақсатына кірісуге – ел тәуелсіздігіне бөрікті аспанға ата қуанып, құлағын Қазақстанға тосып отырған шетелдік ағайынға арнайтын сөзін дайындауға уақыт тапты. Нұрсұлтан Әбішұлының 31 желтоқсанда радио арқылы айтқан «Атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деген сөзінен кейін шетелдердегі қандастарымыздың атамекенге ат басын түзеген ұлы көші басталды. Ол көш шынында да ұлы көш еді: 1991 жылдан бері елге келген этностық репатрианттардың саны 1 миллион адамнан асты. Алайда бізді бүгінде сол көштің кейінгі кезде кідіріп тұрғаны алаңдатады. Солай болғандықтан да Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар атынан Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Ұ.Маминге сауал жолдаған едік. Онда былай дегенбіз:

«Кейінгі жылдарда, нақты айтқанда, 2012 жылдан бастап елден тұрғындардың көшіп кетуі күшеюінің жағымсыз үрдісі басталды, ол үрдіс қазір күшейе түсуде. Соңғы бес жылда (2015-2019 жылдарда) елден 189 765 адам көшіп кеткен, ал көшіп келген этностық қазақтардың саны 70 933 адам. Айырмасы – 118 832 адам. 2017 жылдан бері көші-қонның жыл сайынғы теріс сальдосы минус 30 мың адамдық шектен асып түсті. 2019 жылы Қазақстаннан көшушілердің саны 45 225 адам болды. Жекелеген өңірлерде тұрғындардың депопуляциясы анық сезілуде. Елді мекендердің бос қалуы, еңбек ресурстарының жетіспеуі көзге ұрып тұр. Солтүстіктегі облыстарда тұрғындардың азаюы, орта мектептердің жабылуы қалыпты көрініске айналып барады. Мысалы, бір елді мекендегі үш қабатты мектепте небәрі 12 бала оқиды.

Қазіргі таңда Үкімет қаулысына сәйкес қандастарымыз орналастырылатын өңірлер ретінде Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары бекітілген. Осы жеті облысқа этностық қазақтардың көшіп келуіне бөлінген квота 2020 жылы 1378 адам болды. 2021 жылға бөлінген квота саны 1426. Өсім жоққа жуық. Қандастарға арналған квотаның мұншама азайып кетуін ештеңемен түсіндіру мүмкін емес. Экономикалық ахуал анағұрлым күрделі болған кездің өзінде бұл квота жылына 10 мың мен 20 мыңның арасында еді, соның арқасында жылына мемлекеттің көмегімен 40 мыңнан 80 мыңға дейін адам шетелдерден көшіп келетін.

Жұмыс күші артық өңірлерден адамдарды жұмыс күшін қажетсініп тұрған өңірлерге қоныстандыру жұмысы да жөнді жүрмей жатыр. Тұрғын үй бөлу, жеңілдетілген кредиттер беру, жайылымға, егіндікке жер учаскелерін тарату, көшерақы қаражатын қарастыру тиісінше ойластырылмаған. Жаңа өңірге көшіп барудың оңды тәжірибелері дұрыс насихатталмайды. Мұндай үлкен істе болмай қоймайтын кемшіліктерді алаулатып-жалаулатып көрсету, сөйтіп қайта көшіп кетуге бейім көңіл күйді күшейту, жаңа жерге барып, бағын сынаушылардың сағын салған беттен сындыру басым. Туған жер ұғымының кеңдігін, бүкіл қазақ даласы әр қазақтың туған елі екендігін жүректерге жеткізу жағы кемшін.

Қандастарды бюджетке қосымша салмақ түсіретін жүктеме ретінде қарайтын тар пиғылды түзетпейінше бұл істе, тәуелсіздікті тұғырландырудың тағдыршешті ісінде нақты серпіліс жасай алмаймыз. Көші-қон туралы заңнамаға сәйкес қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасын өкілетті орган жергілікті атқару органдарының ұсынысы бойынша белгілейді. Демек, жергілікті атқару органдарына бұл ретте құқықтық тұрғыдан шектеу қойылмаған. Жергілікті атқару органдарына репатрианттарды бейімдеу мен кіріктіру орталықтарын ашу мүмкіндігі берілгеніне қарамастан, солтүстік өңірлердегі бірде-бір әкімдік мұны жасаған емес. Қандастардың тіл білмеуі құжаттарды ресімдеуде көп қиындық келтіруде. Солтүстік, шығыс өңірлеріндегі мемлекеттік мекемелер мамандарының дені қазақ тілін еркін меңгермеген, мемлекеттік қызметтің негізінен орыс тілінде атқарылатындығы да елім деп, жерім деп келген қандастарды кеудесінен итергендей етіп тұрады.

Көбеймесек көсегеміз көгермейтінін тағы бір еске сала келіп, біздің депутаттық сауалымызға байланысты Үкіметтің көші-қон және демографиялық процестерін тұрақтандыру мақсатымен қандастарға бөлінетін квотаның көлемін көбейту, бейімдеу мен кіріктіру орталықтарын құру, репатрианттарға мемлекеттік қызметті қазақ тілінде көрсету, жұмыс күші артық өңірлерден адамдарды солтүстіктегі өңірлерге қоныстандыру сияқты мәселелердің шешілу жолдарын қарастыруды, заңда белгіленген тәртіп бойынша атқарылып жатқан, атқарылатын шаруадан жан-жақты хабардар етуді сұраймыз».

Жақында сауалымызға Үкімет басшысының жауабы келді. Асқар Ұзақбайұлы біз көтерген мәселелердің барлығын нақты ойластырыпты.

Ең негізгі нәрсе қандастарға арналған квотаның мөлшерін қайта қарау еді ғой. Бұған алдымен назар аударылғаны сүйсінтеді. Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы орындар, орта білім беру ұйымдарының мүмкіндіктерін және қолданыстағы заңнама шеңберінде мемлекеттік қолдаудың басқа да шараларын ұсынуды ескере отырып, жергілікті атқарушы органдарының ұсыныстары негізінде қалыптастырылатынын қадап көрсеткен Үкімет басшысы: «2025 жылға дейін 80 мың қандастың, оның ішінде 2021 жылы 12 мың қандастың қайта оралуына жәрдемдесу жоспарлануда. Осыған байланысты, сондай-ақ шетелден келетін қандастар санының ұлғаюын ескере отырып (жергілікті атқару органдарының өтінімдерінің негізінде), қандастарды қабылдау квотасы қайта қаралатын болады», дейді. Бұл – маңызды шешім. Квота көбейсе қуат та көбейеді. Квотаның сыртында, мемлекеттің қаржылық көмегінсіз көшіп келетін ағайын да азаймауға тиіс. Кезінде атамекенге жетіп алған миллион қандастың бәрі бірдей квотамен келмеген еді.

Жауапта сондай-ақ заңнамаға сәйкес қандастарды нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылатын ерікті түрде қоныс аударуды қолдау шараларын қоса алғанда, халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етуге қандастарға Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең мүмкіндік берілетіні, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 22 қазанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында айтқан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қоныс аударушыларға және қандастарға солтүстік өңірлерге көшуге берілетін субсидиялар мөлшерін 2 есе – 35-тен 70 айлық есепті көрсеткішке дейін ұлғайтуға қатысты тапсырмасын іске асыру бойынша Үкімет қаулысының жобасы әзірленгені айтылған. Қаулы мемлекеттік органдарда келісілу үстінде екен, бұйыртса, көп ұзамай қабылданып қалуға тиіс. Сонда, мысалы, алты адамдық отбасына берілетін субсидия мөлшері 1 миллион теңгеден аспақшы. Ауылдық жерге орналасатын отбасына әжептәуір көмек.

Тарихи отанына шетелден оралған қандастарға консультациялық және ақпараттық қолдау көрсету мақсатында Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Жамбыл облыстарында «Қандастарды ақпараттық қолдау орталықтары» (фронт-офистер) құрылғанын, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, «бір терезе» қағидаты бойынша қандастарға мемлекеттік қызмет көрсету кезінде бизнес-процестерді оңтайландыру жөніндегі Жол картасы іске асырылып жатқанын, биылғы жылдың II тоқсанында халыққа қызмет көрсету орталықтарында өңірлік квотаға енгізуді, тұрақты тұруға рұқсат алуды және жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдауды көздейтін қандастарға мемлекеттік қызметті бір мезгілде көрсету іске қосылатын болғанын да оқырман қауымға қуана хабарлай аламыз.

Сауалдағы нақты айтылған сындарға да нақты жауап қайтарылған. «Жергілікті атқару органдарына репатрианттарды бейімдеу мен кіріктіру орталықтарын ашу мүмкіндігі берілгеніне қарамастан, солтүстік өңірлердегі бірде-бір әкімдік мұны жасаған емес» деген едік. Бұған байланысты «2021 жылы Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарын құру мәселесі пысықталуда» деген жауап алып отырмыз. Мәселе пысықталса – шешілетін болғаны. Премьер жауабындағы ең түйінді жай мынау: «Республикамызға келетін этникалық қазақтар үшін қолайлы жағдайлар жасауды, сондай-ақ өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының белгіленген көрсеткіштерін ескере отырып, қоныс аударушыларды және қандастарды қабылдаудың өңірлік квоталарын қалыптастыруды көздейтін Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірленуде. Елдегі көші-қон және демографиялық процестерін тұрақтандыру, сондай-ақ қандастар құқықтарын сақтау мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында». Тың тұжырымдама тың тыныс ашып, қандастарымыздың қатарын қалыңдатарына сенеміз.

Премьер-Министрдің депутаттық сауалға жауабы біздің қолға 1 наурыз күні тиді. Мұны да жақсы ырымға балап отырмыз. Алғыс айту күні еді ғой. Алғыс айтатындай жөніміз бар екен. Енді тек игі ниеттің игілікті нәтижеге ұласуын тілейік.

Сауытбек Абрдахманов,

Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан
халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі.

«Егемен Қазақстан»

0 пікір
Мұрағат