Жыл сайын Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары атмосфераға 2 млн. тоннадан астам ластаушы заттарды шығарады
Жыл сайын Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары атмосфераға 2 млн. тоннадан астам ластаушы заттарды шығарады
5 ай бұрын 631 forbes.kz

Өскемен қаласында Қазақстан Республикасының тұрақты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің орындалуын бақылау жөніндегі парламенттік комиссияның көшпелі отырысы өтті. Бұл туралы forbes.kz ақпарат көзі мәлім еттті.

Аталған комиссия Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған болатын. Оны ҚР парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев басқарды.

«Ауаның ластануы экологиялық қауіпсіздікке қатер» тақырыбында өткен жиынға депутаттар, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, экология саласының мамандары қатысты.

"Қазақстан Президенті еліміздегі экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударады. Адамдардың денсаулығы мен өмір сүру сапасының маңызды шарттарының бірі - біз дем алатын ауаның сапасы", - деп атап өтті Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, Қазақстанда ауаның ластануына байланысты жылына 10 мыңға жуық адам түрлі аурулардың әсерінен көз жұмады. Ал экономикаға келтірілген залалы 7 млрд АҚШ долларын құрайды.

Қалалар мен елді мекендердегі ауаның ластануы бойынша Қазақстан әлемде 35-ші орында тұр. Ал денсаулыққа келтірілген залал 12 миллиард долларды немесе ЖІӨ-нің 6,7 пайызын құрайды.

Атмосфераның ластануының негізгі көздері- өнеркәсіптік кәсіпорындардың, энергетика мен автокөліктердің шығарындылары. 2021 жылы еліміздің өнеркәсіптік кәсіпорындары атмосфераға 2 миллион тоннадан астам ластаушы заттарды лақтырды. Олардың негізгі көлемін- машина жасау, химия, энергетика, көмір өндіру, мұнай өңдеу, тау-кен өндіру, металлургия өнеркәсіптерінің ірі кәсіпорындары құрайды. Олар Павлодар облысында- (736,2 мың тонна) және Қарағанды ​​облысында (569,7 мың тонна) орналасқан.

Бүгінгі күні елімізде 31,6 миллиард тоннаға жуық өндіріс қалдықтары жиналған, жыл сайын 1 миллиард тоннаға жуық қалдықтар шығып жатады. Оларды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 2021 жылы 38,2% -ды құрады.

Атмосфераның ластануына-рұқсат етілмеген, жаңа пайда болған полигондар да өз үлестерін қосуда. 2021 жылы ғарыштық мониторинг арқылы 7 мыңнан астам заңсыз полигондар барно екені анықталды.

IQAir халықаралық рейтингі бойынша Қазақстан ауасы ең лас 40 елдің қатарында.

«Бірнеше жылдан бері Өскеменде ауаның ластануы бойынша күрделі жағдай қалыптасып келеді. Кей күндері қалада ауадағы зиянды заттардың мөлшері рұқсат етілген нормадан бірнеше есе асып түседі. Өткен жылы ауадағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген нормаларынан асып кетудің 40-тан астам фактісі тіркелді», - деп жалғастырды Сенат төрағасы.

Облыста шығарындылары 1-ші және 2-ші қауіптілік класына жататын 20-дан астам өнеркәсіптік кәсіпорын бар.

Жалпы, еліміздің қолданыстағы заңнамасында шығарындыларды азайту және кәсіпорындарды заманауи экологиялық таза технологияларға көшіру талаптары қарастырылған.

Шығарындыларды азайтудың нақты тетіктерін қамтитын жаңа Экологиялық кодексі қабылданды.

Ел президенті Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын бекітті. Құжатта жаһандық жылынумен күресу үшін көміртегі шығарындыларын нөлге теңестіру бойынша үлкен міндеттер белгіленген.

Дегенмен, сарапшылар мен жұртшылықта тиісті мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуі , табиғатты қорғау заңнамасының орындалуына қатысты сұрақтар туындайды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев ҚТҚ полигондарының үлгілік жобаларын әзірлеуді ұсынды.

«Қалалар мен ауылдық елді мекендерде ҚТҚ полигондарын салудың оңайлатылған типтік жобалары, оларды салу мен пайдалануға бірыңғай талаптарды белгілеуге және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ермек Көшербаев.

Отырыстың қорытындысы бойынша бір қатар ұсыныстар әзірленді. Соның ішінде:

Экология және табиғи ресурстар министрлігі – қолданыстағы экологиялық заңнамаға орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты экологиялық тексерулер жүргізу мерзімдерін 15 жұмыс күнінен 30 жұмыс күніне дейін ұлғайтуды көздейтін өзгерістер енгізуге бастамашылық жасасын;

Шығыс Қазақстан облысының кәсіпорындарында қоршаған ортаның және табиғи ресурстардың жай-күйіне автоматты мониторинг жүйелерін орнатуды және Ұлттық деректер банкіне біріктіруді қамтамасыз етсін;

Ғылым және жоғары білім министрлігі атмосфералық ауаны қорғау саласында жоғары білікті кадрларды даярлау мәселесін қарастырсын;

Денсаулық сақтау министрлігі Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының қоршаған ортаның ластануымен байланысты аурушаңдығына талдау жүргізіп, 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында есеп дайындасын;

Энергетика министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп табиғатты қорғау полициясын қайтадан қалпына келтіру мәселесін пысықтасын.

Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне 2024-2026 жылдарға арналған суды үнемдеу және энергия тиімділігі жөніндегі облыстық жоспарды әзірлеуді, оны іске асыруды, қаланың алаңдарын және өнеркәсіптік кәсіпорындардың аумағын көгалдандыру аймақтарын ұлғайтуды, фракциялар мен оларды қайта өңдеу кешендері бойынша қалдықтарды бөлек жинауды енгізуді қамтамасыз ету жүктелді. Осыған қоса жеке секторды газдандыруды, жұмыс істеп тұрған жылу электр станцияларын жаңғырту мен қайта құруды жеделдету жүктелді. 2024 жылдың бірінші тоқсанында Шығыс Қазақстан облысы және Өскемен қаласы аумағында рұқсат етілген (максималды) жиынтық жүктеме анықталуға тиіс .

Отырыстан кейін Парламенттік комиссия мүшелері «Қазцинк» ЖШС-ке барып, онда өндірістік блогында металл құю процесін тексеріп, жұмысшылармен кездесу өткізді. «Өскемен ЖЭО» ЖШС-де депутаттық комиссия мүшелері ЖЭО-ның қызметі мен жылу беру маусымының барысымен танысты.

Қазір жылу электр орталығында 600-ге жуық адам жұмыс істейді.Кәсіпорын жаңа күл үйіндісін салып, 140 ата магистральды бу құбырын ауыстыруды жоспарлап отыр.

Облыс әкімдігінің ғимаратында депутаттық комиссия мүшелері Шығыс Қазақстан облысы және Өскемен қаласы мәслихатының депутаттарымен кездесті.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарымен таныстыра отырып: -"Парламент депутаттарының жергілікті атқарушы билік өкілдерімен, мәслихат депутаттарымен тұрақты кездесуі өңірлердің неғұрлым өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелері бойынша тұрақты ұсыныс ,пікір алмасуға және тиімді шешімдер әзірлеуге ықпал етеді», - деді Ермек Көшербаев.

Әкімнің айтуынша, биылғы жыл Шығыс Қазақстанның экономикасы үшін жақсы көрсеткіштермен аяқталуда. Дегенмен, экономиканы, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді одан әрі дамытып, облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға қол жеткізу қажет.

Негізгі міндеттердің қатарында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау, инвестиция тарту, бизнеске қолайлы жағдай жасау екендігін атап өтті.

Өз жұмысының соңында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған парламенттік комиссия Өскемендегі балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды.

Forbes Kazakhstan

0 пікір
Мұрағат