Байқаудың басты мақсаты – мектеп оқушылары, педагогтер мен кітапхана қызметкерлері арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, оқырман белсенділігін ынталандыру, әдебиет арқылы зияткерлік әлеуетті дамыту және ұлттық рухани-мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттау.
Былтыр ASSYLTAS қоғамдық қоры Абай облысындағы 233 ауыл мектебіне 14 мыңға жуық кітап тарту етті. Қазақ және әлем әдебиетінің таңдаулы шығармалары енген кітаптар өңірдегі мектеп кітапханаларының қорын толықтырып, мыңдаған оқушының сапалы кітаптарға қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар кітап оқылымына, жастардың дүниетанымына әсер етуіне басымдық беріп, тарту етілген кітаптар негізінде облыстық кітап оқу сайысы ұйымдастырған. Аудандық кезеңнен үздік шыққан командалар Ақсуат төріндегі финалға жолдама алған.
Жобаға Абай облысының әр ауданынан келген мектеп оқушылары, кітапхана қызметкерлері мен педагогтерден жиналған 11 команда, жалпы саны 55 адам қатысқан. Байқау жеті кезеңнен тұрды. Қатысушылар әдеби шығармаларды терең меңгергенін көрсетіп, шығармашылық және зияткерлік тапсырмаларды ерекше шеберлікпен орындады.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Абай ауданының «Жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-нің «Бес асыл» командасы жеңіп алып, автокөлік иегері атанды. І орынды Ақсуат ауданының «Кәбеков мектебі» КММ-нің Assyl bolmys командасы иеленсе, ІІ орын Бесқарағай ауданының «Өндіріс орта мектебі» КММ-нің «Кітап Тіmе» командасына бұйырды. Ал ІІІ орынды Аягөз ауданының «Қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясы» КММ-нің «Бес тұлға – Бір мақсат» командасы жеңіп алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 23 сәуірдің Ұлттық кітап күні болып белгіленуі және биыл «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықтың қабылдануы кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың стратегиялық маңызын айқындап берді. Осы тұрғыдан алғанда, «Артық білім – кітапта» жобасы тек кітап оқу сайысы емес. Бұл ауыл баласының қолына кітап ұстату арқылы оның болашағына жол ашуды көздейтін, білімді, ойлы әрі парасатты ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған қоғамдық бастамаға айналып отыр.
Атыраудағы «Кітап FEST» фестивалі өңірдің мәдени өміріндегі айшықты оқиғаның біріне айналды.
Бұл фестиваль алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Басты мақсат – оқу мәдениетін насихаттап, қоғамның кітапқа деген қызығушылығын арттыру, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Іс-шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, кітапсүйер белсенді оқырмандарды атап өтті.
Марапатталғандар қатарында 110-нан астам кітап оқыған Мұхамбетәлиевтер отбасы бар. Олар «Оқырман отбасы» номинациясын иеленді. Ал бос уақытта кітап оқуды дәстүрге айналдырған Исағалиевтер «Ең көп оқитын отбасы» атанды.
Жас оқырмандарға да айрықша назар аударылды. Үшінші сынып оқушысы Иманәлі Самиғолла бір жылда 60-тан астам кітап оқып, «Ең жас оқырман – 2026» номинациясына ие болды. Ал 18 жастағы Фатима Мұқанова 155 кітап оқып, «Үздік кітапқұмар – 2026» атанды.
Үздік оқырмандар қатарында Айя Әжіғалиева мен 7 жасар Әли Мұхамбет те бар. Ол «Бүлдіршін оқырман – 2026» номинациясымен марапатталды.
Атыраулық Есжан Ақсеріковтің кітапқа құштарлығы да көпке үлгі болардай. Жасы 87-ге таяған ақсақал осы күнге дейін 450 кітап оқыған. Қария тарихи және көркем әдебиеттерді қош көреді.
Ал Жасұлан Тұрашев — 2024 жылдан бері Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы бөлімінің тұрақты оқырманы. Ол Брайль қарпімен және аудиоформатта 150 кітап оқыған.
Фестиваль аясында белсенді оқырмандар Төлеген Жаңабай, Аяла Жауылбай, Аягөз Шарухан, Лаура Дулатқызы, Гүлсана Бағытжанова, Орынхан Қанатбайқызы да марапатталды.
Шараға қатысқан барлық оқырманға алғыс хаттар табысталды.


Қазақстандағы түзеу мекемесінде жазасын өтеуші 5000-нан астам кітап оқыған
KAZINFORM - Шайза Құрманқажы есімді сотталғанның оқиғасы – қамауда отырып та адамның өз өміріне жаңаша көзқарас қалыптастырып, құндылықтарын қайта саралай алатынын көрсететін айқын мысал, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Фото: Қарағанды облыстық ҚАЖД
Уақыт бір орнында тұрғандай көрінетін ортада ол өзін дамытуға басымдық берген. Түзеу мекемесіне түскеннен кейін тұйықталмай, керісінше жеке дамуға бет бұрған. Бүгінде ол тәртіпке бағынышты, жауапкершілігі жоғары азамат ретінде сипатталады.
Шайза өз-өзін білім арқылы үздксіз жетілдіріп тырған. Жазасын өтеген уақытында ол 5 мыңнан астам кітап оқып, жан-жақты дүниетаным қалыптастырған. Оның қызығушылығы ғылыми-танымдық әдебиетке, философияға және рухани мұраға бағытталған. Соның ішінде Қара сөздер еңбегіне ерекше мән береді.
— Кітап – мен үшін үздіксіз дамуға деген мүмкіндік. Олар өмірімді қайта ой елегінен өткізуге көмектеседі, ішкі тәртіпті нығайтады және қандай адам болғым келетінін түсінуге жол ашады, — дейді Шайза Құрманқажы.
Ол жиі қайта оралатын авторлар қатарында Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев, Ілияс Есенберлин, Ілияс Жансүгіров, Жүсіпбек Аймауытов және Сәбит Мұқанов бар. Ол әсіресе өзін-өзі дамытуға, психологияға және классикалық әдебиетке қатысты еңбектерді оқуға басымдық береді.
Қытай азаматы болғанына қарамастан, Шайза қазақ мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарайтынын және өзін осы ортаға жақын сезінетінін айтады.
Сотталғанға дейін ол кәсіпкерлікпен айналысқан. Оның айтуынша, бұл тәжірибе бастамашылдық пен дербестікке ұмтылыс сияқты қасиеттерді қалыптастырған. Аталған қабілеттерін ол қазір де дамытуды жалғастырып келеді.
Бұл оқиға өткеннен гөрі, күнделікті таңдау туралы. Кейбіреулер өзін-өзі жоғалтып алатын болса, ол білім мен өзін-өзі дамыту арқылы өз жолын таба білген.