Мемлекет басшысы Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмеронмен кездесті
Мемлекет басшысы Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмеронмен кездесті
9 жыл бұрын 3264 baq.kz

Кездесу барысында Қазақстан мен Британия ынтымақтастығының негізгі бағыттары талқыланды. 

Нұрсұлтан Назарбаев Д.Кэмеронның 2013 жылы Қазақстанға жасаған сапары екіжақты қарым-қатынастарға тың серпін бергенін айтты. Елбасы сондай-ақ келіссөздер барысында Қазақстан үкіметінің мүшелері британ тарапымен маңызды уағдаластықтарға қол жеткізгенін атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Ұлыбритания Премьер-Министрін соңғы өткен парламенттік сайлаудағы айқын жеңісімен және жаңа үкімет құрамын жасақтауымен құттықтады.

– Осы бір күрделі кезеңде Сіздің ел жетістіктерге жетіп отырғанын атап айтқым келеді. Менің сапарымдағы бағдарламаның мазмұндылығы біздің қарым-қатынасымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Д.Кэмерон Қазақстанның инвестиция тарту, индустрияны дамыту және сауда саласында керемет табыстарға жеткеніне назар аударды. Ұлыбритания Премьер-Министрі сондай-ақ бүгінде елдеріміздің келіссөздер өткізетін мәселелер аясы кең екенін айтты және Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған реформаларды жүзеге асыру жайын талқылауға ниетті екенін білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей екіжақты құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі арасындағы өзара құқықтық көмек туралы шарт;

– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Ұлыбритания Министрлер кабинетінің Хатшылығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

– Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуы туралы шарт;

Кездесу соңында Қазақстан Президенті Ұлыбритания Премьер-министрін I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.  

0 пікір
Мұрағат