Өсiмдiк ресурстарын коммерциялық мақсатта пайдаланғандар ақы төлейді
Өсiмдiк ресурстарын коммерциялық мақсатта пайдаланғандар ақы төлейді
11 ай бұрын 591 inform.kz

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап өсiмдiк ресурстарын коммерциялық мақсатта пайдаланғандар ақы төлейді. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өсімдіктер дүниесін жалпы пайдалану (жеке және үйде пайдалану үшін ақысыз) және арнайы пайдалану (коммерциялық) тәртібімен жүзеге асырылатын болады. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi өкілетті органының шешімімен бекітілген лимиттерде жеке тұлғалар жабайы жемістерді, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, жидектерді, дәрілік шикізатты және басқа да өсімдік ресурстарын өз қажетіне өтеусіз жинауға құқығы бар. Жинау нормасы өсімдік дүниесі мен геоботаникалық материалдарды түгендеу және ресурстық зерттеу негізінде анықталады», - деді Е. Құтпанбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар ол 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап өсiмдiктер дүниесiн арнайы тәртіпте пайдаланғандарға (коммерциялық) ресурстар ақылы болатынын айтты.

«Төлем мөлшері осы ресурстардың табиғи қоры, таралуы, құндылығы, ресурстардың өнімділігін ескере отырып белгіленеді. Өсімдіктер дүниесін жеке мақсатта пайдалану тегін болады», - деді комитет өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 2 қаңтар күні Мемлекет басшысы «Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Жақында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев саңырауқұлақ пен жеміс-жидек теретіндерге салық салудың жаңа нормасына қатысты түсінік берді. 2024 жылдан бастап елімізде саңырауқұлақ пен жидек тергені үшін кейбір азаматтарға салық қарастырылған.

«Мұндай алым түрі бұрын да болған. Осыған дейін бұрын осы талап тек ерекше қорғалатын аймақтарда, яғни ұлттық парк, қорықтардың аумағында таралған еді. Ал енді барлық жерде қолданылмақ. Екіншіден, жаңа норманың қарапайым халыққа қатысы жоқ. Бұл тұрғыда салық өнімді көп көлемде жинайтын, дәрілік препараттар жасайтын немесе коммерциялық мақсатта пайдаланатын кәсіпкерлерге қатысты», - деді Е. Жамаубаев.

Қазақстанда 1,5 мыңға жуық дәрілік өсімдік бар.

Қазақстаннан дәрілік өсімдіктердің 14 түрі экспортталады

Қазақстанда 1,5 мыңға жуық дәрілік өсімдік бар. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда ағаштар мен бұталардың және шөпті өсімдіктердің 6 мыңнан астам түрі бар. Оның ішінде 1,5 мыңға жуығы дәрілік өсімдік санатында болса, 390 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген, 110 түрі реликті өсімдік, сондай-ақ 700-ден астам эндемикалық өсімдік түрлері қамтылған. Қазақстанда экспортталатын дәрілік өсімдіктер тізіміне 14 түрі кіреді, яғни олардың қатарында мия, сасыр, цистанхе және басқалары бар», - деді Е. Құтпанбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, кедендік статистика деректері бойынша мия тамыры негізінен Қытай, Түркия және АҚШ нарықтарына өткізіліп жатыр. Мәселен, Қытайға 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейін 40 мың тоннадан астам мия тамыры экспортталды.

«Қараусыз қолданылуына байланысты дәрілік өсімдіктердің шикізат қоры таусылуы мүмкін. Дәрілік өсімдіктерді бақылаусыз жинау көлемінің өсуіне сыртқы нарықтардағы сұраныстың артуы ықпал етіп отыр. 2023 жылға дейін тиісті заңдар аясында мемлекеттік орман қорында, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және ауыл шаруашылығына арналған жерлерде өсімдік дүниесін қорғау, сақтау, қалпына келтіру әрі пайдалану мәселелері реттелген болатын. Дегенмен 94 млн гектар алаңдағы босалқы жер қорында дәрілік өсімдік шикізаты, көпжылдық екпелер, генетикалық және өзге де өсімдік ресурстары сияқты мәселелер заңнамамен реттелмеген еді. Осының салдарынан өсімдік ресурстарын тиімсіз пайдалану, олардың өсу орындарын жою, адам енгізген бөтен түрлердің жергілікті өсімдіктерді ығыстыруы жағдайы орын алды», - деді комитет өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселе өсімдіктердің әртүрлілігіне кері әсер етіп, табиғи экологиялық жүйелердің деградациясына әкелуі мүмкін.

«Осыған орай «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң әзірленіп, қабылданды. Заңды әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе ескерілді. Өсімдіктер дүниесі туралы ұқсас заңдар Аустралияда, Канадада, Оңтүстік Кореяда және Еуропа одағы елдерінде, Аменияда, Беларусьте, Қырғызстанда, Түрікменстанда, Өзбекстанда және Украинада бар», - деді Ерлан Құтпанбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 2 қаңтар күні Мемлекет басшысы «Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

0 пікір
Мұрағат