ҚҰРАННЫҢ ЕҢ ҚҰНДЫ СҮРЕСІ
ҚҰРАННЫҢ ЕҢ ҚҰНДЫ СҮРЕСІ
3 жыл бұрын 34514 taglym.kz/

"Бақара" сүресі- ақ сүре, оны оқу- өте құнды деп бағаланады. Бұл сүреде- Алла Тағаланың болмысы, құдіреті, ұлылығы, пайғамбарларға мойынсұнудың маңызы, сиыр (бақара) сою оқиғасы баяндалған. "Бақара" сөзі сүренің 67, 68, 69 және 71- аяттарында айтылды.

Құран Кәрімдегі ең ұзақ сүре - 286 аяттан тұратын осы "Бақара" сүресі болса, Құрандағы ең ұзақ аят - "Бақара" сүресінің 282-аяты екен. Тағы бір деректерде ең соңғы түскен аят - "Бақара" сүресінің 281- аяты делінеді. Ал ең ұлық аят - "Бақара" сүресінің "Аятул курси" деп аталатын 255- аяты.

Пайғамбарымыздың صلى الله عليه وسلم хадистерінде "Бақара" сүресінің қадір-қасиеті жөнінде кеңінен көрсеткен. Солардың таңдаулыларына тоқталып өтейік: "Құран сүрелерінің абзалы - "Бақара" сүресі. "Бақара" сүресіндегі ең үлкен аят - Аятул Курси. Шайтан "Бақара" сүресі оқылған үйден шығып кетеді.(Рамуз риуаяты).

""Бақара" сүресін оқыған адамға жәннатта бір тәж кигізеді". (Байһақи).

"Барлық нәрсенің шыңы бар. Құранның шыңы - "Бақара" сүресі. Түнде оқылса, 3 түн, ал күндіз оқыса, 3 күн ол үйге шайтан келе алмайды. (Әбу Йала, Табарани).

"Құран оқыңдар. Өйткені Құран оқығандарға Ол (Құран) қияметте шапағат ету үшін келеді. Екі жарқын сүре - "Бақара" мен "Әли Имранды" оқыңдар. Бұл екі сүре қияметте екі бөлік бұлт, екі көлеңкелі жер немесе сап түзеген екі топ құс сияқты оқығандарды және үкімдерімен амал еткендерді жақтау үшін келеді. "Бақара" сүресін үзбей оқу - береке. Оны оқуды тәрк ету - қасірет. Еріншек адамның мұны тұрақты оқуға күші жетпейді".(Муслим).

Міне, "Бақара" сүресінің Құрандағы ең құнды сүре делуінің сыры осындай екен. Сондықтан осы сүренің берекесінен құр қалмау үшін, қасіретке тап болмас үшін оны оқу керек, көңілге тоқу керек және амал ету керек.

Ал Құран Кәрімнің төрттен біріне бағаланған Аятул Курсиді ("Бақара", 255 аят) әр парыз намаздан кейін оқу және жалпы оқып жүрудің теңдесі жоқ сый екенін екінің бірі білсе керек-ті. Хадисте: "Әрбір парыз намаздан соң Аятул Курси оқыған адамның жәннатқа кіруіне ешқандай бөгет жоқ" делінді. (Нәсаи, Ибн Хиббәл, Байһақи, Табарани).

Пайғамбарымызға صلى الله عليه وسلم Миғражға көтерілгенде сый ретінде берілген "Бақара" сүресінің Әмәнәррасулу деп басталатын соңғы екі аяты - аяттардың мырзасы (сайиді). Бұл аят оқылғанда шайтан ол жерден тұра алмай шығып кетеді. Түнде " Әмәнәррасулуды" оқығанның сауабы бүкіл нәрсе үшін жеткілікті. Осы екі аятты құптан намазынан кейін оқыған адамға түнді ғибадатпен өткізгендей сауап беріледі".

"Рахмет (мейірім), Құран және дұға болып табылатын "Бақара" сүресінің соңғы екі аятын біліңдер, бала- шағаларыңа да үйретіңдер" (Хаким). "Бақара" сүресі, оның аяттары жайындағы хадистерден алар тәлім мол. Біз бірқатарын мысал қылдық.

"Менен бұрын ешбір пайғамбарға берілмеген Арш астындағы қазынадан маған "Бақара" сүресінің соңғы аяттары (Әмәнәррасулу) берілді"(Ахмед) деп, Алла Елшісі صلى الله عليه وسلم айтқандай, біз осы аяттар берілген Пайғамбарымыздың үмметі емеспіз бе? Осындай үммет болу бақытын қаншалықты сезініп жүрміз? Қаншалықты осынша нығметтің қадірін біліп, оны оқып, тоқып жатырмыз?

Ал Құрандағы ұлық аят Аятул Курсиге тағы оралсақ, бұлай аталу себебі, мұнда: Алла Тағаланың құлшылықтағы, Раббылықтағы даралығы айтылады және ұлылығы, шексіздік сипаттары қамтылып түсіндірген.

Сондай- ақ бүгінгі таңда әлемде, елімізде кең етек алып кеткен өсімқорлықтың (рибаның) кез келген түріне толық тыйым салған да "Бақара" сүресінің аяты болатын. Біз өзімізге берілген, көрсеткен тура жолдан алыстап, қандай болсын сәтсіздікке, кредитке белшеден батып жатсақ, оның бәрі Құран Кәрімді оқымағандығымыздан, оны өмірімізге басшылық етпегендігімізден. Қазіргі әлемді, елді жайлаған індет те бекерден бекер болып жатқан жоқ. Қасиетті Құранды қолға алып оқымай, оған амал етпей жақсы өмірді ойлау қаншалықты ақымақтық екенін түсінетін кез жетті. Күнімізде келіп жатқан сынақтар өз қолымызбен жасаған күнәлардың кесірі. Құрандағы ең соңғы түскен аят деп саналатын

"Бақара" сүресінің 281- аятында: "Аллаға қайтарылатын, содан соң әркімнің еңбегі өзіне кемітілмей толық берілетін әрі зор зұлымдыққа ұшырайтын күннен қорқыңдар" деп, бізге ескертті. Сондықтан бүгін амал қылайық, бауырлар!

Қасиетті Құранның ең құнды сүресі бір ғана "Бақара" сүресінің қасиеті көп. Біз бірер ауыз сөз еттік. Ол қазынадан үлес алу, тек қана өзімізге байланысты. Ендеше, Құран үйреніңіз. Құран оқыңыз. Құранға амал қылыңыз!

Жетісу мешітінің бас имамы
Жұмағалиев.Б.С.

1 пікір