Қаздардың ғажайып әуе дәлізі
Қаздардың ғажайып әуе дәлізі
9 жыл бұрын 4075
Құдайберді Бағашар

Күз айларында бірінің соңынан бірі тізбектеле ұшатын қаздың керуеніне қай-қайсымыз да бір сәт қызықтап қарап қаларымыз сөзсіз. Қыс айларында аңшы біткеннің көзінің құртына айналатын бұл қаздар жайлы өте аз білетініміз өкінішті-ақ.

Канаданың -40ºС суығына шыдас беретін қаздардың жылу сақтаудағы қауырсындарының атқарар рөлі кісі таңқаларлық. Осы бір ерекшелігі болар, ең жылы көрпе-жастықтарға Канада қаздарының жүндері салынады. Жаппай жылы жаққа көшпей тұрып, қаздардың май жинауы қыс бойына керемет қуат көзі болып табылады.

Қаздар жылы жаққа ауғанда неліктен үшкір «V» секілді ұшатындығы ғалымдардың да назарын аудартпай қоймаған. Нәтижеде бірқатар тың мәліметтермен қатар, адамдар үшін өте пайдалы төмендегіше сабақ шығарған.

1. «V» түрінде ұшу кезінде әр құс қанат қаға отырып, арт жақта келе жатқан құстың ұшуын жеңілдететіндей әуе дәлізін жасайды. Осындай пішінде ұшатын қаздар тобы ұшу қашықтығын 70 пайызға дейін соза алады. Мәселен, жеке қаз 70 шақырым ұша алса, топ қаз сондай уақытта 170 шақырымға жете алады. Бұл есепте жалғыз ұшқаннан гөрі топ күйінде ұшу шамамен екі еседен де артық пайдалы деген сөз. Осыншалықты өте нәзік есепті қаздар қайдан үйренді десеңізші?! Олай болса, қаздардың бұндай ұшуынан біз мынадай сабақ ұққандаймыз: демек, қандай да бір мақсатқа қол жеткізуді көздегендер өзара бас біріктіргенде ғана ол мақсаттарына анағұрлым оңайырақ әрі тезірек жетпек.

2. Кейбір қаз «V» шеңберінен шығып, жеке ұшпақ болғанда, аса ауыр қиындыққа ұшырайды. Өйткені, ол басқа қаздардың қанат қағуынан пайда болатын ауа дәлізінің тысында қалып қояды. Бұндай жағдайда жалғыз қаз дереу топқа қайта оралып, сапарын жалғастырады. Олай болса, біздер де бір мақсат аясында жұмыс істеп жатқан көпшіліктен айрылмай, солармен үнемі бірлесіп отыруымыз керек.

3. Ұшу кезінде қаздардың жолбастаушысы басқа қаздардың ұшуынан пайда болған жеңілдікті пайдалана алмайтындықтан әлдеқайда көп шаршайды. Сондықтан ол тізбектің ең соңына өтіп, өзінен кейінгі қаз алға шығып жетекшілік жасайды. Ал, адамдар болса, басшылыққа бір қол жеткізсе, одан өлсе ажырағысы келмейтіні шындық. Жетекшілік еткен адамның қатты шаршайтыны да белгілі, сондықтан ол өзінен кейінгілерге уақыты келгенде өз орнын қиналмастан бере білуі тиіс. Бұл да, қаздардан бір сабақ.

4. Ұшу жылдамдығы азайғанда, арттағылар алдыңғыларға ескерту жасайды. Біз де ілгерілеу үшін басшыға ертерек ескертуіміз қажет.

5. Топтағы құстардың бірі ауыра қалған жағдайда я болмаса аңшылардан жараланып ұша алмайтын болса, топтан екі қаз бөлініп, оған демеу болу мақсатында қасына барады. Ол қайтып оңалғанша немесе өлсе, өлгенге дейін оны жалғыз тастап кетпейді. Топтан оқыстан бөлініп қалған қаздар кейіннен басқа бір қаз тобына қосылып, сапарларын жалғастырады. Ешбір қаздардың топтары өздеріне кейіннен қосылмақ болған жекелеген қаздарға бөтенсіп қарсылық білдірмейді. Ендеше, біз де адасқанға қол ұшын беретін қайырымды болғанымыз жөн.

Ғылыми деректерде қаздардың жүз жылға дейін өмір сүретіндіктері айтылған. Еті, майы, жүні үшін қаз өсіру шаруашылығы Ресей, Қытай, Канада, Франция және Польшада қарқынды дамыған. Қаздың іш бауыры аса дәмді болғандықтан өте қымбат дастарқандарға, ең бағалы ас ретінде қойылуда. Түрлі індеттерге қарсы тауықтарға қарағанда, қаздар әлдеқайда шыдамды келетіндігі анықталған. Оның еті, ішек майының адамға шипалылығы да содан болса керек. 

1 пікір