Отбасында нені ескермей жүрміз?
Отбасында нені ескермей жүрміз?
9 жыл бұрын 4926

1. Көбіне жарымызды емес, өзімізді сөгейік. Ұранымыз: Жарымның қателігін емес, өзімнің кемшілігімді көруім керек. 

2. Жиі-жиі өзімізді емес, жарымызды кешірейік. Ұмытпайық, адам ардақты жаратылыс. Кешірілсе, жақсылығы артады, қатесінен қайтады, кешірім сұрайды. Кешірілмесе, жамандығы артады, бетсізденіп, нашар мінезге бой алдырады.  
3. Жарымызды жамандамай, мақтайық. Жарымыздың кемшіліктерін көргенде сөкпейік, алайда жақсылығын көргенде көтермелеп, рақмет айтайық.  
4. Өз жақсылығымызды азырқанайық, жарымыздың жақсылығын көптей көрейік.
5. Құтты шаңырағымызға сәлем бермей, игі дұға тілемей кірмейік. Үйде жарымыз немесе бала-шағамыз болмаған кезде де періштелерге сәлем берейік.  
6. Шаңырағымыздан сыртқа шығарда Аллаға аманаттамай, игі дұға жасамай шықпайық.  
7. Үй ішінде ешқашан қатігездікке жол бермейік. Дөрекілік жасамайық. Басқалардан аямайтын жылы жүзділікті өз жарымыздан да аямайық.  
8. Байсалды мінезімізді жұмыста қалдырайық. Босағадан аттағаннан бастап жарымыз бен балаларымызға жайдары мінез танытып, кішіпейіл, мейірбан болайық.
9. Жарымызға дауыс көтеріп, ашуға ерік бермейік. Біріміз ашуланғанда, біріміз басылайық. 

10. Жарымызды түзетуге тырыспайық. Оны сол қалпында қабылдайық. Қателіктерімен, кемшіліктерімен жақсы көрейік.
11. Махаббатта сиқыр барына сенейік. Өзімізді жақсы көргендей жарымызды да жақсы көрейік.
12. Жұмыстағы келеңсіздіктерді үйге әкелмейік. Жұмыста қанша келеңсіздіктер кездессе де, үй біз үшін бас тынықтыратын, демалатын орын болуы тиіс.  
13. Қасиетті кітабымызда ең келеңсіз жағдайлардың өзінде де үмітсіздікке орын берілмеген. Аятта: «Алланың рақымынан үміт үзбеңдер» делінген. Жарымызбен бақытты бола алмаймын деген ойдан мүлдем арылу керек. Үмітсіздікке берілмеу керек.
14. Түйткілді мәселелерімізді жарымызбен бөлісейік. Шүйіркелесіп әңгімелесейік. Адал болайық.
15. Жарымызға жомарттық танытайық. Сый жасайық. Көңіл бөлейік. Бұлар бір жағы сүннет болып табылады.
16. Жарымыздың жанын әлдилеп, еркелетіп ұстайық.
17. Жарымызға арнайы дұға етейік.
18. Жарымыздың тәнінен гөрі жанын, сыртқы кескін келбеті, дағдысы мен мінезінен гөрі адамгершілігін бағалайық.  
19. Жарымызға ашуланғанымызда, оның жақсылықтары мен жамандықтарын іштей таразылайық. Әділетпен қарап, егер жарымыздың жасап жүрген жақсылықтары жамандығынан басым түссе, онда ашуымызды қайтып алайық. Әрі Алла да, пайғамбар да жарымызбен сыйластыққа шақырғанын еске алайық. 
20. Жарымыздың бізге Алланың аманаты екенін, Алланың аманаттары жайлы маһшарда есеп беретінімізді ұмытпайық.  
21. Өзгелердің, әсіресе балаларымыздың жанында жарымызды жамандамайық. Балалардың көзінше ұрсыспайық.
22. Жарымызға барынша кеңпейілділік танытайық.  
23. Сеніміміз бен үмітімізді жоғалтып алмайық.  
24. Жарымыздан жамандық көргенде де оны емес, өзімізді кінәлайық.
25. Жақсы сөз айтсақ, жақсы сөз естіп, жақсылық жасасақ, жақсылық көретін боламыз. Жарымыздан суынбайық.

Әзірлеген: Есіркеп Жолаушы

3 пікір
  • жақсы айтылған екен.
    9 жыл бұрын
    • жарымызға бір ауыз жылы сөз жазып жіберудің орнына, басқалардың жазбасына комментарий жазып отырған түріміз мынау...
      9 жыл бұрын
  • Расында, отбасы ұйытқысы өзгеге емес, өзімізге байланысты... Бір-бірімізге кешірімшіл болайық! АЛЛА Тағала әр отбасына берекесін берсін.
    9 жыл бұрын