Кавказдың арыстаны имам Шәмілдің Мәдинада жерленгенін білесіз бе?
Кавказдың арыстаны имам Шәмілдің Мәдинада жерленгенін білесіз бе?
8 жыл бұрын 19059
Марфуға Шапиян

ХІХ ғасырдағы Ресей патшалығының әлеуеті күшті болды, олар парсыларды да жеңді, түріктерді де жолынан ысырды. Олар Қытайға дейінгі елдерді биледі. Сербияны да, Моңғолияны да, Польшаны да өзіне қаратты. Тіпті Ұлыбританияның өзі «Ресей Кавказды алса, Үндістанға жол ашылады» деп қорқақтап отырды. Есірген Ресей бұл кезде: «Кавказды алсақ, жаңа Крест жорығын бастаймыз, қасиетті жерлерімізді қайтарамыз, әл-Ақсаны мұсылмандардан босатамыз» деп жатыр еді. Міне, осы кезде Алла тағала Кавказдан Шәміл атты арыстандай ұлды туғызды. Кеудесін соққан ұлы державаны Шәміл ширек ғасыр бойы бір қадам да алға бастырмай ұстап тұрды. Ресей патшалығы қолынан келгенді жасап бақты, бар әскерін Кавказға жұмылдырды. Бірақ  бәрібір олар Имам Шәмілдің асқақ рухын жеңе алмаған еді.

 

Шәміл Құранмен бала кезінен дос

Аты аңызға айналған Имам Шәміл 1797 жылы Дағыстанға қарасты Гимри аймағында авар отбасында дүниеге келген. Әкесі Денгау Мұхаммед текті жерден шыққан. Шәмілге дүние есігін ашқанында «Әли» атты есім беріліпті. Нәресте ауыра бергеннен кейін «Атақты сахабаның аты кішкентай балаға ауыр тиді ме?» деп атасы «Шәміл» атай бастайды.

Бала Шәміл бірден көзге түседі. Жүгіру, секіру, суда жүзу, күресуден оған ешкім шақ келмейтін. Ол тар көшеде отын артқан есекті қарсы кездестірсе, оның үстінен аттап өтіп, ары қарай кете береді екен.

Анасы Шәмілді жастайынан Құранмен дос етті. Онға келгенінде әкесі оны көрші Ғази-Мұхаммедтен шариғат ілімін үйренуге жібереді. Шәміл мен Ғази-Мұхаммед егіз қозыдай, ағалы-інілі боп бірге өсті, дін білімін Қажымұхаммедтен, Саид әл-Хараканиден бірге үйренді.

Имамның батылдығы бала кезінен-ақ байқалған. Кутдул ауылындағы медреседе оқып жүрген Шәмілді бірде Махулав атты жігіт іздеп келіпті. Ол Шәмілге: «Койсубулиндердің ішіндегі ең мықтысы да, күштісі де сен дейді ғой. Көзімді жеткізу үшін күресіп көруге келдім», – дейді. Шәміл қанша тартыншақтаса да, жігіт қоймай қояды. Ақыры олар мешіттің төбесіндегі жазық алаңқайға шығып, ұстаса кетеді. Махулав Шәмілдің белдігінен ұстап тұрып, басымен кеудесінен бір ұрады. Соққының қатты болғаны сондай, кеуде сүйектері сықырлап кетеді. Ашуланып кеткен Шәміл қарсыласына арыстанша атылып, еденге жығады да, үстінен тізесімен басып тұрып: «Жігіт болсаң, тұрып көр!» деп айғайлайды. Осы оқиғадан кейін Шәміл бір айдай ауырып жатыпты. Тағы бір ерлігі, ауылдарындағы сол кезге дейін ешкім кесіп өтпеген екі өзеннің тоғысқан жерінен Шәміл жүзіп өтеді. Оның бұл ержүректігін көрген өзге балалар таңданысып, оны төбесіне көтереді.

 

Алла разылығын бәрінен жоғары қойған Шәміл

Шәміл тақуалық өмірге жастайынан бет бұрды, Алланың разылығын бәрінен жоғары қойды. 1829 жылы Гимри тойтарысы кезінде қатты жарақат алған батырдың көкірегінен кіріп, арқасынан бірақ шыққан найза өкпе-бауырына едәуір зиян келтіреді. Сондай-ақ, қабырғасы мен қолы сынады. Хирург қайын атасы оған медициналық көмек көрсетіп, алты ай бойы емдейді. Соның нәтижесінде Шәміл ақырын-ақырын өз-өзіне келе бастайды. Жарақат алған күннен ес-түссіз жатқан жауынгер 25-ші күні есін жиып, көзін ашқанда бас жағында тұрған анасын көреді. Оған айтқан ең бірінші сөзі де: «Анашым! Намаздың уақыты шығып кетпеді ме?» болған екен! Құлшылық жолындағы не деген жанкештілік!

Шәміл анасын қуантуды да әрдайым алдыңғы орынға қоятын. Оған разы болған анасы: «Я, Аллам! Ұлымды адамдардың арасындағы ең абзалы ет, дәрежесін жоғарылат!» – деп жиі Аллаға дұға етіп отырады екен. Кейінірек Шәміл анасының сол сөздерін есіне алып: «Алла тағала анамның сол тілегін қабыл алған екен ғой», – дейді екен үнемі.

 

Қызыр (а.с.) пайғамбармен жолыққан шәкірт Шәміл

Шәміл жастайынан-ақ Алла разы болатын ізгі істер істеуге барын салды. Ол ілім үйреніп жүрген шәкірт кезінде мынандай бір оқиға орын алыпты. Рамазан айы болса керек. Шәміл де өзге шәкірттермен көрші ауылдың мешітінде болады. Қас қарайған уақыт. Шәкірттердің қолында сәресіге арналған үш түйір талқаннан ғана бар еді. Оның өзі садақаға берілген. Бір кезде мешітке қарнының аштығын айтып, қайыр сұрап бір міскін кіреді. Өзі азғантай тамақты оған беріп қойып, ертең күні бойы аш жүруге тәуекел ете алмаған шәкірттер қозғала қоймайды. Шәміл ғана қараңғыда қайыршыға жақын келіп, қолындағы үш түйір талқанның екі түйірін оның алақанына салады. Міскін болса: «Алла сенің дәрежеңді көтерсін!» деп дұға етеді. Кейін имам болғанында осы оқиғаны еске алған Шәміл сол адамның өзінің өмірінде жолыққан Қызыр пайғамбар (а.с.) болуы мүмкін екендігін айтады.   

  Тағы бір жолы Шәміл қатарластарымен таудағы алыс бір ауылға медресеге оқуға барады. Жататын арнайы орын болмағаннан кейін олар мешітке түнеп жүреді. Арада біраз уақыт өтеді. Достарының бірі таң намазына екі сағаттай уақыт қалғанда Шәмілдің сыртқа шығып кетіп, бір сағаттай жоғалып, сосын ғана қайтып келіп жүргенін байқап қалады. Оны өзгелеріне айтады. Достары Шәмілдің бұл қылығын сол ауылдың қызына ғашық болдыға балайды. Келесі түні барлығы өтірік ұйықтаған болып, Шәміл сыртқа шыққанда соңынан ереді. Ол болса ауыл сыртындағы құлағалы тұрған үйге кіріп кетеді. Енді бір сәтте қолына екі ыдыс ұстаған күйі қайта шығып, бұлақтан су алып, үйге қайта кіреді. Жарты сағаттан кейін сыртқа шыққан Шәміл асыққан кейіпте мешітке жүгіре жөнеледі. Ол кетіп қалғаннан кейін «Сүйген қызы осы үйде тұратын болды ғой!» деп кіріп барған жігіттер өз көздеріне өздері сенбей тұрып қалған еді. Үйде әрең қозғалатын бір кейуана қария ғана бар екен. Сөйтсе, келген беттен Шәміл ауылда көмекке зәру адамдардың бар-жоғын сұрапты. Оны қарайтын баласы, туған-туыстары жоқ, әбден қартайған осы қарияға алып келеді. Содан бастап, достары ұйқыда жатқанда болашақ имам кейуананың үйін жинап, суын әкеліп, қызмет көрсетіп жүрген екен. Міне, болашақ дін ғалымы, ұлт батыры жастайынан-ақ айналасындағы достарына хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) сынды ізгіліктің, тақуалықтың үлгісін осылай көрсеткен.  

 

“Шәміл Кавказдан шыққан Салахаддин”

  1828 жылы Шәмілдің жан досы Ғази-Мұхаммед Кавказдың алғашы имамы ретінде таңдалып, Ресейге қарсы ғазауат соғыс ашады. Оған Шәміл де қосылады. 1832 жылы олар өз ауылдары Гимрида барон Розен бастаған орыс әскерлерінің қоршауында қалады. Ғази-Мұхаммед сол жерде жан тапсырып, Шәміл әрең қашып құтылады. Келесі имам Ғамзат бек болады. Шәміл оған да көмекші болып жүреді. 1834 жылы Ғамзат бектің өлімінен кейін келесі имамдық Шәмілге бұйырады. Оның әскери таланты мықты, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болып шықты. Шәміл соғыс тактикасын күшті білетін. Қай кезде шабуыл жасау, қай кезде шегіну керектігін ішкі түйсігімен сезетін. Әрі Шәмілде тау халқын артынан ерте алатын ерен қасиет бар еді. Міне, осы кезден аттан түспеген Шәміл 25 жыл соғыс жүргізді. Жеңіс те, жеңіліс те болып тұрды. Ол Дағыстан мен Шешенстанды мекендеген барлық тау халықтарының басын біріктіріп, бір тудың астына жинай алды. Соғыс Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жасыл туының астында өтті. Шәміл бұл соғысын ғазауатқа балады. Өзі құрған имаматта Исламның барлық қағидалары сақталды. Наполеонға ондай әскер жұмсап көрмеген Ресей патшалығы қатты қорыққаны сондай, бар әскерін Шәмілдің имаматына қарсы жұмылдырды. Алып империя Ресейдің өзін аяғына тік көтерген Шәмілдің даңқы бұл кезде әлемді тегіс аралап кеткен еді.

  Еуропалықтар Кавказдағы соғыстың барысын бақылап отырды. Кіп-кішкентай тау халқына Наполеонның өзін жеңген Ресейдің шамасы келмей жатқаны оларды кәдімгідей таңырқатты. Түрік тарихшысы Албай Яшар оған: «Әлем тарихында Имам Шәміл секілді ұлы қолбасшы болмаған», – деп баға берді. Онымен соғысқан орыс генералдарының өзі Шәмілдің әскери тактикаға шеберлігін мойындаған. Шайқас соңында қаржысыз, дәрі-дәрмек, қару-жарақсыз Шәміл әскерінің қалай жеңімпаз боп шыға келетіндігін түсіне алмай олардың бастары қатқан. Ахульго шайқасында патша әскерінен 33000 солдат өлсе, Шәміл бар-жоғы 300 мүритінен айырылған. Генерал бір күнде 5000 солдатынан айырылып, шайқастан екі-ақ адамымен қайтқан күндер болған деседі аңыздар...

  Имам Шәміл секілді ешкім соғыса алмайтын, ол секілді атқа да ешкім отыра алмайтын, дәл ол секілді ешкім жүгіре де, жүзе де алмайтын дейді көзкөргендер. Шәмілді бүгінгі дін ғалымдары “Кавказдан шыққан Салахаддин” деп атайтын көрінеді.      

 

Шәміл құрған мемлекет Исламның қандай қағидаларын ұстанды?

  Шәміл құрған мемлекет шариғат негіздерін басшылыққа алып, имамат деп аталды. 1842 жылы ол саяси, діни мәселелерді шешетін Кеңес құрды, ал сенбі, жексенбі күндері шағым жасаушыларды өзі тікелей қабылдады. Шариғат негіздеріне сай «Низам» аталатын жаңа заң қабылданды. Онда неке, мұра, сауда, мүлік мәселелері қарастырылды. Қанмен кек алу, қыз ұрлау секілді дәстүрлерге тиым салынды. Ол басқарған 25 жылда Шешенстан мен Дағыстанға сопылық тариқат жолы салынды.

  Соғысып жүргеніне қарамастан, Имам ең негізгі назарды білім-ғылымға аударды. Қазынадан медресе салдыруға көптеген қаржы бөлді. Ғылымға қабілетті адамдарды соғыстан босатып, білім алуына жағдай жасады. Таулықтардың сауаттылығы бұрынғыдан 10 есеге өседі. Орыс ғалымы, генерал Услар: «Сол кезде Дағыстанға салынған медреселердің санымен есептесек, тау халқының сауаттылығы еуропалықтардан артық болатын», – деп жазды.

  Шәмілдің мақсаты кәпірлердің көзін біржолата құрту, жою болған жоқ. Кезекті шабуылдың алдында ол өзінің мүридтеріне: “Жасы жеткен қарттарды, әйелдер мен балаларды өлтірмеңдер. Ағаштарды кесіп, егістіктерді өртемеңдер. Кәпірмен келісім жасасаңдар да, оны бұзбаңдар”, - дейтін. Имам тұтқындарына құрметпен қарады, олардың құқығын сақтады. Шәмілдің әділдігін көрген тұтқындардың арасынан Ислам дінін қабылдағандар да болыпты. Олардың ішінде шіркеу қызметкерлері де бар көрінеді. Патша генералдарының ең қорыққан дүниесі осы еді. Олар өз әскерлерінің Шәміл жағына шығып кетуінен қатты қауіптенді.

 

Шәміл тұтқынға түсті ме?

  Бірақ жаңа тәртіп халыққа тым қатаң сияқты көрінді. Қарсылық танытқандар да болды. Бірақ Шәміл осы әділ, қатал билігінің арқасында 25 жыл бойы халықты шашау шығармай ұстап тұрған еді. Ол өзіне халифа деген атау алды. Қазіргі ғалымдар Шәмілдің құрған мемлекетін кезіндегі Пайғамбарымыз (с.а.с.) құрған халифатқа ұқсатып, оны Омар ибн Әбдуләзизден кейінгі алтыншы әділ халиф деп атап жүр.

  Бірақ кез келген істің соңы болатыны секілді, 1850 жылдары Шәміл құрған имаматтың да іргесі сөгіле бастады. Күтілген көмек Ұлыбритания мен Түркиядан келмеді. Соғыстан әбден қалжыраған, қатал тәртіптен шаршаған халықтың өзі Шәмілге қарсы шығып, орыстардың дегеніне көне салайық деуге барды. Деректерде 1859 жылдың 25 тамызында Шәміл 400 ержүрек батырымен тұтқынға түсті делінеді. Мынандай бір аңыз бар. Шәміл – батыр тұлғалы, алып адам болған ғой. Тұтқында жатқанында тамақ әкелсе, түк қалдырмай жеп қояды екен. Табақты толтырып тағы әкелсе, одан да ештеңе қалмайды. Шошып кеткен патша әскерлері: «Мынау қайтеді-ей? Өзімізді жеп қоятын түрі бар ғой» – десе, миығынан күлген Шәміл: «Жоқ, біздер – мұсылмандар шошқа етін жемейміз», – деген көрінеді.  

  Ал енді бір мәліметтер Шәмілдің тұтқынға түспегенін, Ресей империясымен мәмілеге келгенін, өзінің оларға қойған шарттарының барлығын орындатқанын айтады. Мұхаммед Таһир әл-Карахи: “Гуниб тауында Имам әр мүридінің жанына барып, қасық қаны қалғанша соғысып, шаһит болып өлуге бұйрық берді. Бірақ олар “орыстардың ұсынысын қабыл алайық” деп соғысудан бас тартты” деп жазады. Содан кейін ғана Имам орыстармен келісімге келуге барады. Және онда барғанында бес қаруы өзімен бірге болады. Тұтқынның қарумен жүрмейтіні белгілі ғой. Батыр Ресей патшалығына төмендегідей шарттарды қояды:

  1. Дағыстандағы Исламның таралуына қарсы келмеу;
  2. Дағыстанда христиан дінін таратпау;
  3. Азғындыққа бастамау;
  4. Таулықтарды патша әскеріне алмау;
  5. Дағыстан халықтарын бір-біріне айдап салмау;

  Және бұл шарттардың барлығы қабыл алынды. Ресей патшалығы орындауға уәде берді, ал Шәмілге жоғары құрмет көрсетілді. Сонда Имам: “Маған орыстарды кездестіріп, жас, күш-қуатым бойымда болғанда олармен соғыс жүргіздіргені үшін, қартайғанымда мені оларға құрметті еткені үшін Аллаға сансыз шүкір” деген көрінеді.

 

Имамның Мәскеуге келу

  Ол Александар патшамен келіссөзге аттанғанда, елі оның шапанының етегін сүйіп, Алладан амандығын тілеп, жылаған күйі қала берді. Имам Шәміл Харьковқа жақын жерде 1859 жылдың 15 қыркүйегінде Александр патшамен кездесті. 22 қыркүйекте Мәскеуге жетті. Қаланың сұлулығымен қатар, онда мешіттің барына риза болды. Жергілікті мұсылмандармен сонда намаз оқыды. Петербургте император кітапханасында Шәмілге XVIII ғасырда жазылған Құран кітап сыйға тартылды. Бұл сыйлыққа имам қатты қуанып, тебіреніп кетті. Ол кітапхана қонақтарының кітапшасына тілегін жазып, “1859 жыл, 1 қазан” деп араб тілінде автограф қалдырды.

  Шәміл орыс деревняларының жағдайын, олардың кейбір тау халықтарынан да кедей тұрып жатқанын көріп қатты таңғалды. «Патшаның Кавказға қарсы соғысып, ол жақта қорғандар тұрғызып несі бар? Одан да ауылдардағы орыстардың жағдайын жасап, білімін арттырмай ма?» – деді. Ол Калугада тұрғанда батырдың жомарттығын естіп, есігінің алдына қайыр тілеп келгендер толып кетеді екен. Оларды Шәміл бос қайтарған емес. Ал қолындағы қаржысына туған жерінде мешіт салдырды. Өзінің ондағы жерін, үйін, мүлкін шаруаларға тапсырып, түскен қаржының жартысын «жетімдерге беріп тұрыңдар» деген шарт қойды. Шәмілді көргендер бір кезде атынан әлем қаймыққан сұсты адамнан гөрі әділ, мейірімді жан еді деп суреттейді.

 Шәміл император кітапханасында

Имамның сөзбен Архиерейді жеңуі

  Шәміл бірде христиандар жоғары бағалайтын, тіпті патшаларынан биік қоятын монахтардың үлкені архиерейдің үйінде Александр патшамен бірге қонақта болыпты. Шәміл оған:

– Алла тағала Пайғамбарларды бірінен кейін бірін алмастырып жіберіп отырды. Тіпті Мұсаға түскен Тәураттың күші Исаға түскен Інжілден соң жойылды емес пе? – дейді.

– Иә, солай, – деп жауап береді архиерей.

– Онда неге Інжілді алмастырып келген Құранды мойындамайсыздар? – деп сұрайды. Арихиерей үндемей қалады. Ары қарай сөзін жалғастырған Шәміл:

– Маған Інжілдің арабшаға аударған нұсқасын алдырыңызшы, – дейді. Кітапты алып келгенде:

– Інжіл шарап ішуге, доңыз етін жеуге, зинаға тиым салады ғой. Оны неге орындамайсыңдар? – деп сұрайды.

– Ал өздеріңіз Құранда айтылғанның барлығын орындайсыздар ма?

– Намаз оқып, Рамазан айында ораза ұстаймыз, зекет беріп, зинадан, әділетсіздіктен тиыламыз. Егер ұры ұрлық жасап, маскүнем шарап ішсе, ол олардың жамандығынан. Сенің әйелің жоқ па?

– Жоқ, – дейді архиерей.

– Неге үйленбедің?

– Иса пайғамбар үйленбеген ғой.

– Ал Исада мына сендегідей алтынмен апталған, күміспен күптелген ыдыстар, шамдар, үй болды ма?

– Жоқ, – дейді архиерей.

– Онда сен неге некеде Пайғамбарыңа ұқсағың келеді де, басқа кезде еліктемейсің?  

Архиерей үндемей қалыпты деседі. Патша да, айналасындағылар да үлкен монахтарының Шәмілден жеңілгеніне қатты ұялыпты.

 

Суды тыныштандырған Имам

Ел тынышталып, соғыс біткеннен кейін Имам Шәмілдің бар арманы қасиетті мекен Мекке-Мәдинаға сапар шегу болды. Осы арманның жолында ол 1869 жылдың 19 мамырында Осман империясына, яғни Ыстамбұлға келіп жетеді. Оны түріктер ерекше құрметпен қарсы алды. Сұлтан Имамды қатты құшақтап, қолын қысып тұрып: «Әкем Әбдуләзиз сұлтан тіріліп келсе де дәл бұлай қуанбаспын. Сіздің қолыңызды ұстап тұруымның өзі мен үшін үлкен дәреже», – деді. Ал Шәміл болса: «Ал біз осы қолды Кавказда ширек ғасыр күттік қой», – деген еді, Түркияның көмекке келмегенін меңзеп. Тек тұрмастың кейпімен: “Шәміл, сонша соғыстан сен қалай аман қалдың? Әлде өзің соғыспай, мүридтеріңді ғана жіберіп отырдың ба?” – деген сұлтанға, батыр денесін шешіп көрсетеді. Оның жараланбаған жері жоқ еді. Жылап жіберген сұлтан, тәжін шешіп “Бұл орынға мен емес, сіз лайықтысыз” деген екен. Батыр Түркиядан Каирге сапар шегіп, Исмаил пашамен кездесті. Мысыр мен Осман империясының достасуына себепші болды. Ал 1869 жылдың 17 қарашасында тарихи оқиғаның куәсі болып, Суэц каналының ашылуына қатысты. Ол кезден жеткен мәліметтер бойынша, сол күні кезінде перғауын батқан теңіз буырқанып жатты дейді. Сонда Шәміл қағазға бірдеңе жазып, суға лақтырғанда теңіз тынышталып қалған көрінеді.

 

Хазіреті Біләлдан кейін Қағбаның үстіне шыққан екінші адам

  Қасиетті сапарын жалғастырған Шәміл алдымен Жиддаға келеді. Ары қарай үш күн жүріп, арман мекен Меккеге жетеді. Ол үлкен қажылықтың кезі болатын. Имам қажылық міндетін атқарып, Қағбаны тәуап етіп болғаннан кейін Ислам жолында соғыс жүргізген аңызға айналған Кавказ батырын көруге, сөзін бір естуге ниеттенген адамдар оны айнала қоршап алады. Таудың өр ұлына сахараның ауа райы жақпай, мазасы болмай тұр еді. Шәмілдің шаршаңқы түрін байқаған Мекке әмірі оның Қағбаға көтерілуіне рұқсат беріп, батырды барлығының көруіне, сөзін естуіне мүмкіндік жасайды. Имам Шәміл оларға өзінің жүріп өткен жолы, қазіргі жағдайы туралы әңгімелеп, кейін ұзақ уағыз айтады. Бұл араб тарихында үлкееен қажылық болып қалыпты. Тіпті көптеген мұсылмандар Шәмілдің келгенін естіп, оны бір көру үшін дәл сол жылы қажылық жасауға шешім қабылдапты. Адамның көптігі сондай, полициялардың тәртіпке шақыруына да тура келген екен. Ал Шәміл болса, Мекке азат етілген кезде Біләл үстіне шығып азан шақырғаннан кейін, Қағбаның үстіне көтерілген екінші адам ретінде тарихта қалыпты. Қандай бақыт! 

  Меккеде тұрған кездері Шәмілді жергілікті халық қатты құрметтеді. Жан-жақтан үлкен ғалымдар оны зиярат етіп келе бастады. Халықтың назарынан тыс қалуы үшін кейде мешітке адам танымастай боп киініп барады екен. Бірде кешкі намаздан үйіне қайтып бара жатып, Шәміл Қызыр пайғамбарды (а.с.) тағы да кездестіріпті. Оған жанында болғандар куә болған деседі.

 

Шәмілдің сәлеміне Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жауап беруі

  Меккеден кейін Имам Алланың сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммедтің (с.а.у.) қабірін зиярат етуге Мәдинаға асықты. Бірақ денсаулығының әлсіздігі оны жолдан тоқтатып, жолда тұрақтап қала берді. Тек 1870 жылдың наурыз айында Мәдинаға аяғы жетіп, Пайғамбар мешітінің күмбезі көрінгенде Шәміл жылап жіберіп: “О, Жаратушым! Мені сүйікті Пайғамбарыңның (с.а.у.) жанынан алыстата көрме! Маған Оның жанынан орын бере гөр!” деп дұға етті. Мәдинада оны күтіп тұрған халықта есеп жоқ еді. Бірақ Шәміл қалың топқа бұрылмай, алдымен сәлем беру үшін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қабіріне қарай аяңдады. Қалың топ соңынан ерді. Қабірге жақын келген Шәміл “Ассаламу алейка, я, РасулАллаһ!” деп жылап тұрып сәлем берді. Сол кезде Пайғамғар қабірінен Оның (с.а.у.): “Уа алейкумассалам, ей, мүміндердің имамы!” деп батырдың сәлеміне жауап бергенін артынан еріп барғандардың бәрі естіді. Шәміл бұл кезде есінен танып қалған еді. Сәлемін Пайғамбардың (с.а.у.) өзі қабыл алып, жауап берген бұл не деген құрметті адам! Қызығуға тұратын не деген ғибратты ғұмыр!

  Осы кезде Мәдинада Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ұрпақтарының бірі, жасы ұлғайған үлкен ғалым тұрады екен. Ол шейхтың қартайғаны сондай, аяқтары жүруден қалған көрінеді. Міне, осы шейхтың түсіне Алланың Елшісі (с.а.у.) кіріп, қалаға өте құрметті мұсылманның келе жатқанын айтып, орнынан тұрып, оны жақсылап қарсы алуға бұйырады. Ұйқысынан оянған қария ұлын шақырып: «Менің ең әдемі киімдерімді әкел, дайындал! Бізге Шәміл келе жатыр», – деген көрінеді. Мәдинаға келгеннен кейін Шәмілді кәрі шейхтың үйіне алып келіпті. Батыр шейхтың бөлмесіне кіргенде ұлына: «Қолтығымнан сүйе, Кавказдың арыстанын тұрып қарсы аламын», – деген көрінеді. Қалт-құлт етіп бірнеше секунд тұрған қария батырдың аяғына жығылыпты. Шәміл оны сүйеп тұрғызғанда шейх: «Сені ең болмағанда тұрып қарсы ала алмадым-ау, Шәміл», – деп жылап жіберіпті. 

 Шәміл ұлдары Ғазимұхаммед пен Мұхаммедшафидің ортасында

Мүбәрак денесі "әл-Бақи" зиратына қойылды

  Шәміл Мәдинада тұрған кездері Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қабірін жиі зиярат етіпті. Бірақ сахараның ыстығы тау ұлына кері әсер етті. Шәмілдің денсаулығы күн өткен сайын төмендей берді. Мәдинада екі қызы өмірден өтті. Шәміл енді Ресейде қалған ұлдарын бір көруді армандайды. Олар үшін дұға еткенде етегі жасқа толатын еді дейді. Ресейден шығуға рұқсат тек Ғази-Мұхаммед атты ұлына беріледі. Ол ұзақ жүріп, Араб жеріне іліккенде Мәдинаға баратын жолдың керуенмен жабық екенін естиді. Сосын Меккеге келіп, қажылық жасап жүргенінде әкесінің қазасы туралы хабар жетеді. Солай атақты Кавказ батыры, дін ғұламасы құрбан айт күні, яғни 1871 жылдың 4 ақпанында шейх Сағид Хұсейіннің тізесіне басын сүйеген күйі дүниеден өтіпті.Шәмілді ақтық сапарға шығарып салуға, жаназасына қатысуға бүкіл Мәдина халқы жиналыпты. Шәміл солай өзі армандаған, Құдайдан жалбарынып сұраған ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) жерленген әл-Бақи зиратына Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қызы Фатима мен ағасы Аббастың жанына жақын жерге жерленді. Сол заманның атақты ғалымы шейх Ахмет Рифаи Шәмілдің басындағы тасқа: «Бұл Алланың сүйікті құлы, 25 жыл Алланың жолында күрес жүргізген, үлкен ғалым, мүміндердің әміршісі, дағыстандық Шейх Шәміл Афандидің қабірі. Алла Тағала оның ізгі істерін көбейтсін!» - деп өз қолымен жаздырды. Оны ұнатпаған көптеген адамдар Шәмілге топырақ Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жанынан бұйырғанын естігенде, тәубесіне келген деседі. Ал Имам да, оның айналасындағылар да Шәмілдің мәңгілік тұрақ табатын мекені Мәдина болатынын білсе керек.

Кавказда соғыс өрті жалындап тұрған сәттің бірінде Ғази-Мұхаммед пен Шәмілдің арасында аз-маз түсініспеушілік орнап қалыпты. Сонда батырды ұнатпайтын адамдар Ғази-Мұхаммедті азғырып: «Шәмілдің бұл қылығына, тәкаппарлығына қашанғы шыдаймыз? Одан да өлтірейік», – деп келгенде, ақылды имам: «Шәмілді өлтіруін өлтірерміз, ал денесін Мәдинаға қалай жеткіземіз?» – деген көрінеді...

Ең қасиетті мекеннен, адамдардың ең абзалының жанынан орын бұйырған, Алла Тағала дұғаларын қабыл еткен Имам Шәміл қандай бақытты! Біз де адамдарға ізгіліктің үлгісін көрсеткен бұл даңқты батырға Жәннаттағы орын Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жанынан нәсіп болуын тілеп дұға етеміз.

14 пікір
  • мыадай бір аңыз естіп едім: патша генералына Шәміл сауал қойған екен "бізбен не үшін соғысып жүрсіңдер" деп. сонда генерал: "сендерге мәднениетті жаю үшін" деп жауап берген көрінеді. Шәміл орыс солдатының және өзінің бір сарбазының етегін шештіріпті. Дәрет алып жүрген мұсылман сарбазының аяғында қайдан шуаш иісі болсын, ал орыс солдатының аяғынан шуаш иісі мүңкіп қоя беріпті. Сонда Шәміл: "осы ма сендердің мәдениетің" деп жауап берген. көрінеді
    8 жыл бұрын
    • Тамаша екен, аға! Шәміл сөзге өте тапқыр болған дейді. Талай рет небір мықты адамдардың ауызын аштырмай тастаған деседі.
      8 жыл бұрын
  • Өте керемет мақала, Марфуға тәте. Бірде көзге жас келтіріп, бірде рухты асқақтатқан мақаланы оқып отырып, бітіп қалмаса екен деп тілеп кеттім. Алла разы болсын Сізге!
    8 жыл бұрын
  • Тарихта болған, өмірінен үлгі-өнеге алатын жандар көп ау. Бірақ, Кеңес Одағы құлағанына 25 жыл өтсе де ұлт пен дінге қарсы күресіп өмірін өткізген комсорг-парторгтарды мадақтауды əлі қоя алмай жүрміз. Марфуға Шапиян, ерінбей еңбектеніп осындай күллі дін мұсылманға əйгілі тұлға туралы тағлымы мол керемет мақала жазғаныңызға көп рахмет !!! Бір жерде оқыған едім, имам Шамилдің қылышының сабында арабша жазу болыпты. Мағынасы "Кімде-кім бір шаруа жасағысы келіп, бірақ соның нəтижесі туралы көп ойланса, ол адамнан ешқашан батыр шықпайды" деп. Қазақтың "Тәуекел түбі жел қайық, мінесің де өтесің, уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің" дегеніне үндес қой. Қажет кезінде тəуекелге бару да керек ау. Отанын, туған топырағын, ел-жұрты мен дінін қорғау жолында қалтқысыз бір Жаратушыға ғана сенген, Отанды сүю иманнан екенін дәлелдеген имамның өмір тарихы ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Имамның сәлеміне ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (С.Ғ.С) жауап беретін жерінде еріксіз көзден жас та шығып кетеді.
    Марфуға ханым, қаламыңыз мұқалмасын, өнегелі жазарыңыз таусылмасын. Осындай тамаша дүниелерді үзбей жариялап отыратын Islam.kz сайтының ұжымына мың алғыс !!!
    8 жыл бұрын
  • Аллах Рахымына алсын!
    8 жыл бұрын
  • Машшаллаһ мұсылман бауырымызгой меирімді алла тағала кай уақыттада саттилік берсін
    8 жыл бұрын
  • бирде ол Рессей патшалыгына келгенде орыс ханымдары одан шошып Мынау бизди жеп коиатындай деиди! сонда имам Шамил корыкпа мен шошкаларды жемеимин деген екен!
    8 жыл бұрын
  • Ғибратты да тағылымды мақала болып шығыпты! Тұшынып оқыдым! Көп дерек пен ой алдым! Мақалаңызға рахмет! Алла разы болсын!
    8 жыл бұрын