Макхул әш-Шами: «Бір жылғы намаздарымда жылай алмай қалдым»
Макхул әш-Шами: «Бір жылғы намаздарымда жылай алмай қалдым»
8 жыл бұрын 3799
Бақ БЕР

Макхул әш-Шами – табиғиндердің әрі әйгілі хадис жаттаушыларының бірі. Есімінің Шахраб болғандығы айтылады. Әбу Абдуллаһ, Әбу Әйюб және Әбу Мүслим деп те білінген. Түбі Ирандық, Қабилде туылды. Ол жерде жасы біраз ілгерілегенде, тұтқынға түсті. Мысырда Хүзәл тайпасынан бір әйелдің азаттық алған құлы. Сол үшін Хүзәли делінген. Уақытында Шамның ең үлкен фақиһы (ислам заңгері) еді. Расулалланың (с.а.у.) хадис шәріптерін үйрену үшін көптеген елдерді аралады. Ирак пен Мәдинаға барды. Әнас ибн Малик, Әбу Үмәма, Махмуд ибн Раби, Үбайдуллаһ ибн Мұһайрыз, Анбаса ибн Әбу Суфиян, Сүлеймен ибн Ясир, Тауыс Ырақ ибн Малик және тағы басқалардан (р.анһум) хадис шәріптер риуаят етті. Әузағи, Абдуррахман ибн Язид ибн Жабир, Сәуір ибн Язид, Сүлейман ибн Мұса да (р.анхум) одан хадис шәріп риуаят еткен.

Хадис ілімінде сиқа (сенімді) ғалым еді. Макхул хазірет өзіне қойылған сұрақтың барлығына жауап бермейтін. Тәйми ибн Атия әл-Анси «Макхулдың (білмеймін) деп жауап бергенін талай рет естігенмін» дейді. Зухри: «Мына төрт жерде төрт үлкен ғалым қалыптасқан. Саид ибн Мүсаяяб – Мәдинада, Шағби – Куфада, Хасан әл-Басри – Басрада, Макхул – Шамда. Шамда Макхул уақытында пәтуа беруде одан мықты адам жоқ еді. Лә хәула уә лә қууата илла биллахи деместен пәтуа айтпайтын. «Мен осыншалықты ғана түсіне алдым. Бұл пәтуам қате де болуы мүмкін, тура да болуы мүмкін» дейді екен. 

Mакхул әш-Шами хазірет риуаят еткен хадис шәріптен кейбірі:

Aбдуррахман Ғанамнан риуаят етті: Абдуррахман (р.а.) маған «Ардақты сахабадан он кісі маған әңгімеледі: Құба мешітінде едік. Ілім талқылап отырдық. Осы кезде Расулалла (с.а.у.) келе қалды. Келді де «Қалағандарыңша ілім үйреніңдер. Білгендеріңді іске асырмайынша Алла Тағала сендерге сый бермейді» деді.

Үмму Әйманнан риуаят еткен. Пайғамарымыз (с.а.у.) сахабасына (р.анхум) былай деді: «Азапқа ұшырап, өртенсең де, Алла Тағалаға серік қоспа. Бүкіл байлығыңды шығарып, жұмсауыңды айтса да ата-анаңа бағын. Оларды ренжітпе. Намазды біле тұра әдейі тастама. Кім намазын біле тұра тастаса, Алла Тағаланың қауіпсіз етуінен алыстай түседі. Арақтан бойыңды барынша аулақ ұста. Өйткені арақ барлық жамандық атаулының көзі. Күнәдан алыс тұр. Оған жақындама. Күнә Алла Тағаланың азабын өзіне тартады».

«Өзгелердің кемшіліктерін іздеме. Қатты мақтаушы да болмаңдар. Әркімге күйе жағып, кемшілік таппаңдар. Ештеңе істемей, құры қарап отырмаңдар». «Әй, Муаз! Басшыға бағын. Сахабаларымның ешбірін тілдеме».

Әнас ибн Маликтен мына хадисті де риуаят еткен: «Кім таңертеңгі және кешкі уақыттарда «Аллахумма инни әшхадука уә әшхаду хамалата аршика уә малаикатика уә жамиғи халқиқа. Иннәкә әнтә Аллаһ, лә иләһа иллә әнта уахдака. Лә шарика ләкә. Уә әнна Мухаммадан абдука уә расулука» деп оқыса, Алла Тағала оның төртте бірін тозақтан құтқарады. Екі рет десе, жартысын, үш рет айтса жартысын, төрт рет айтса, бүкіл денесін тозақтан құтқарады».

Уасыладан риуаят еткен: «Діндес бауырың тап болған жаман жағдайға, зиянға қуанбаңдар. Қуансаңдар, Алла Тағала жамандықты одан алып, сендерге береді».

Әбу Сағлабадан риуаят еткен: «Сендерден ең көп жақын болатыным әрі маған ең жақын болғандарың, тәрбиесі ең жақсылар. Ең алыс болғандарың тәрбиесі нашар, көп сөйлейтін, сөзуар әрі сараңдар».

Шаддад ибн Әустан риуаят етілген: Әлдекім Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жанына келіп: «Уа, расулалла, ілімді қалай арттыруға болады?» - деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Үйренумен» деді. «Жамандық істегеннен кейін жақсылық істеу пайда бере ме?» деп сұрағанда, «Иә, тәуба күнәні жуып- шайып кетеді. Жақсылықтар жамандықтар мен күнәларды кетіреді, адам Алланы кең уақытында еске алса, Алла Тағала ол құлынa таршылыққа тап болған уақытында көмек береді» деді.

Әбу Әйюб әл-Әнсаридан (р.а.) риуаят етті: «Әлдекім құлшылығын қырық күн Алла үшін ықыласпен атқарса, тіліне хикмет бұлақтары орнайды». «Алла Тағала хақты (шындықты) Омардың тіліне салды».

«Айша анамыздан (р.анха) білдірген: Расулалла (с.а.у.) Айша анамызға (р.анһа) үн қатып: «Әй, Айша, бүгінгі түн қай түн?» деп сұрағанда, Айша анамыз былай дейді: «Алла Тағала мен елшісі әлдеқайда жақсы біледі дедім. Сонда Расулалла (с.а.у.) «Бұл түн Шағбанның он бесінші түні, бұл түні жасалған амалдар мен құлдардың істері Алла Тағалаға ұсынылады. Бұл түні Алла Тағаланың тозақтан құтқарған құлдарының саны Бәни Кәлб тайпасының санындай (яғни өте көп). Осы себепті сен осы түнді құлшылықпен өткізуге маған рұқсат етсең?» дегенде, «Әрине» дедім. Расулалла (с.а.у.) дереу намазға тұрды. Қиямда көп тұрмай Фатиха мен қысқа сүреден кейін, түннің ортасына дейін сәждеден бас көтермеді. Одан кейін екінші рәкат үшін түрегелді. Бұны да бірінші рәкаттағыдай етіп оқып, сәждеге бас қойды. Сәждесі тым қатты ұзап кеткендіктен, жан тәсілім етті ме деп қалдым.  Жанына жақындадым. Мүбәрак аяқтарына қол тигізіп едім, қозғалды. Сәждеде «Ағузу биафуика мин иқабика уә ағузу би ридака мин сахатика уә ағузу бика минка жәллә санаук, лә Ұхси сәнәан алайка кәма аснайта ала нафсика» деп, жалбарынғанын әрі мақтағанын естідім. «Уа, расулалла, сәждеде әлдене деп жаттыңыз. Анығында басқа уақыттарда бұларды айтпаған едіңіз. Бұларды еш естімеп едім» дегенімде: «Әй, Айша, айтқандарымды үйреніп алдың ба?» деді. «Иә» дедім. «Сен оларды басқаларға үйрет. Өйткені Жәбірейіл (a.с.) оларды сәждеде оқуымды бұйырды» деді.

«Жан алқымға келмейінше Алла Тағала құлдың тәубасын қабыл алады».

 

әш-Шамидың айтқандары
«Намаз оқыған біреуді көрдім. Әр руку мен сәждеге барған сайын жылап жатты. Оны рияшыл деп кінәладым. Осы себепті бір жыл намазымда жылай алмай қалдым».
«Әлдекімнің жұмсақ болып болмағаны нашар адамдардың өзіне жамандық жасаған кезінде білінеді».
«Дінде ғалым болғаннан кейін дүниелік пайда алам деген оймен мәжбүрлік болмастан патша не сұлтандарды жағалап, жағымпаздық жасағандар, қанша қадам басқан болса, соншалық тозақтың тереңіне бойлай түседі».
Макхул әш-Шами бір жаназа көргенде, «Сендер таңертең кетіп бара жатырсыңдар, біз кешкісін барамыз. Мына жаназа ашық насихат, ғибрат алатын жағдай. Бірақ көзі жұмық ғапылдар көп. Алдыңғылар өтіп бара жатады, бірақ арттағылар еш ойланбайды» деген.
«Кім бір түнді Алланы зікір етумен өткізсе, анасынан жаңа туғанындай күнәларынан тап-таза күйінде таңды атырады».
«Артықшылық жамағатта болса да, амандық, жамандықтардан алыс болу жалғыздықта».
«Бір үмбеттің ішінде күн сайын жиырма бес кісі Алла Тағаладан жиырма бес рет кешірім сұраса, Алла көпшілікке азап бермейді» 
«Егер сен Құран Кәрімді оқып, ол сені жамандықтардан алыстатпаса, онда Құран кәрімді шын мәнінде оқымағаның».
«Ілімі өзіне пайда бермеген адамға надандығы кесір тигізеді»
«Өлер алында Макхулға бір кісі келді. Келді де: «Алла сізге кешірім етсін» деді. Макхул хазірет болса, «Кешірімінен үміт етілетін Алламен бірге болу жамандығы тиіп кетуі мүмкін әлдекіммен бірге болғаннан жақсы» деді.
«Адамдардың ең жұмсақ мінезді әрі сыпайысы күнәсі аз болғаны».
«Ілім үйренуге кеткен адам қайтқанға дейін жұмақтың жолында болып саналады».
Макхул әш-Шами (р.а.) Дүйсенбі және Бейсенбі күндері ораза ұстайтын. «Дүйсенбі күні Расулалла (с.а.у.) дүние есігін ашты. Осы күні пайғамбар ретінде жіберілді. Дүйсенбі күні ақыреттік сапарға аттанды. Дүйсенбі мен Бейсенбі күндері амалдар Алла Тағалаға жеткізіледі» деді.
«Мүминдер жұмсақ әрі кеңпейілді. Егер оны қолынан ұстап жетелесең, қарсыласпайды, еріп жүре береді».
«Ғалымдар бұзылғанға дейін адамдар Алланың азабына ұшырамайды».
«Ата-анаға бағыну үлкен күнәларға кешірім болады. Әлдекім отбасы мүшелерінің арасында кәрі кісілер бар болған сайын Алла тағаланың разылығын алу мүмкіндігіне ие»
Макхул хазіретке бір кісі келіп: «Уа, Әба Абдиллаһ, (Сендер өздеріңді қорғаңдар. Өздерің тура жолда болсаңдар, адасып жүргендер сендерге кесір тигізе алмайды) деген аятты түсіндіріп беріңізші?» деді. «Насихат айтушы қорқып, насихатты тыңдаушы оны қабылдамаған кездегі сенің міндетің өзіңді қорғауың. Ол кезде адасудағы адам саған кесір тигізе алмайды» деді.
Макхул хазірет: «Такасур» сүресінің сегізінші аятының «Содан кейін ант етейік, сол күні әлбетте нығметтен жауапқа тартыласыңдар» деген мағынадағы аятты былай түсіндірді:
«Әрине, ішілген суық судан, тұрған үйдің көлеңкесінен, қарынның тоқтығынан, жаратылыстың ғажаптығы мен кемелдігінен, ұйқының ләззаты мен дәмнен де есепке тартыламыз»..
Макхул хазірет көпшілікпен бірге отыр еді. Осы кезде Маруанның немересі Язид ибн Абдулмалик келді. Сол жердегілер дереу оған орын беру үшін орындарынан түрегелгенде, Макхул хазірет: «Орындарыңда отыра беріңдер, тапқан орнына отырар. Кішкене кішіпейілділікті үйренсін» деді.

1) Хилиятул-әулия 5 т. Б. 177
2) Tахзибут-тахзиб 10 т. Б. 289
3) Әл-Ағлам 7 т. Б. 284
4) Уафаятул-ағиян 5 т. Б. 280
5) Mизанул-иғтидал 4 т. Б. 177
6) Tазкиратул-хуффаз 4 т. Б. 107
7) Taбақаты Ибн Сағыд, 7 т. Б. 453
8) Taбақатул-кубра, 1 т. Б. 45
9) Шазаратуз-захаб, 1 т. Б. 146
10) Әл-Икмал, 5 т. Б. 1

5 пікір