Алладан қорыққаны үшін мұсылманға айыппұл салынды
Алладан қорыққаны үшін мұсылманға айыппұл салынды
8 жыл бұрын 2536

Францияның Бордо қаласында кәсіпкер мұсылманға 500 еуро айыппұл салды. Өзінің халал-дүкенінде ерлер мен әйелдерге бөлек қызмет көрсету мақсатында олардың сауда орнына келу уақытын енгізгені үшін. Тура жолға түсіп, исламды қабылдаған Жан-Батист Мишалон әйелдерді бөгде ерлердің көз сұғынан қорғау үшін әлгіндей қадамға барғанын жасырмады. Яғни, әйелдердің бөгде ер-азаматтардың жанында қысылып-қымтырылмай еркін сауда жасауына осылай жағдай тудырған еді. Кәсіпкердің кестесіне сәйкес ер-азаматтар жұмыс күндері, ал әйелдер демалыс күндері аталған дүкенге бас сұға алады. Алайда жергілікті билік оның жаңалығына наразылық білдіріп, қырын қараған болатын. Жан-Батист Мишалон осыдан кейін хабарландыруын ғана алып қоймай, дүкенін мүлдем жауып тастады. Бұл жайында «IslamNews» порталы «Le Monde» ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Бір қызығы, Бордо қаласының бас имамы Тарық Убру қала билігі мен секуляристер жағына шығып, діндес бауырының бұл әрекетін айыптап, сынға алды. «Пайғамбарымыздың тұсында да мұндай болған емес. Базарда ерлер мен әйелдер бірге жүретін»,- деп түсіндірді имам неліктен оның бұл қадамын құптамайтынын айта келіп.

0 пікір
Мұрағат