Епархия жамағатын йогадан алыс жүруге үндеп жатыр
Епархия жамағатын йогадан алыс жүруге үндеп жатыр
2 жыл бұрын 1485 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Ресейдің Қорған епархиясы жамағатын йогадан алыс жүруге үндеп, үгіттеп жатыр. Бұл жайында islam.kz порталы knife.media ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ақпарат ағынына байланысты йога практикасы әлемнің түкпір-түкпірінде кеңінен қанат жайып келеді. Ол ол ма, Біріккен Ұлттар ұйымының бастамасымен (69/131 қарарымен) 2015 жылдан бері Йога халықаралық күні аталып өтіп келеді – маусым айының 21-і күні.  Оның дінмен байланысы бар ма, жоқ па, онымен бас қатырмай, яғни, йоганың түп-төркіні мен мәніне үңіліп жатпастан жанына дауа, дертіне шипа іздегендер арасында танымал бола бастағандықтан православ шіркеуі алаңдаушылық танытып отыр. Өзінің ата-бабасы ғасырлар бойы ұстанған дәстүрлі діни сенімнен хабары аз былайғы жұрт ең алдымен йоганы жан мен тән үйлесімділігіне бастайды деген жалған сенімнің жетегінде кетіп бара жатқанын түсіндіру бағытында жұмыстар атқарып жатыр. Мұның бір парасы ретінде «Христиан адам йогамен шұғылдануына бола ма?» деген парақшалар таратып жатыр. Онда йоганы тек жаттығу ретінде қарастыруға болмайтынын, оның төркінінде үнділердің «оккульттік және мистикалық» тылсыммен астасқан танымы жатқанын түсіндіруге тырысқан. «Йога – индуизм наным-сенімінің бір бөлігі, одан бөліп алып тастай алмайсың. Йоганың реинкарнация (жанның өзге тіршілік иесіне ауысуы немесе рухтардың денеден денеге көшуі) туралы негізгі постулаты христиандардың іліміне қайша келеді. Христиандықта адамға өмір бір-ақ рет беріледі, одан кейін жан тапсырады, содан соң Ақырет соты басталады. «Йога» сөзі санскриттегі yuj сөзінен алынған – «қабаттастыру, байланыстыру» мағынасын береді. Ал «религия» термині латынның religare сөзінен алынған – «байланыстыру, алғау» мағынасында қолданылады. Екі жағдайда да адамның Құдаймен өзара байланысынын сипаттайды. Сол себепті де йоганың дінге еш қатысы жоқ деген сөз қисынға келмейді. «Йога» мен «религия» сөздері – синоним сөздер десе де болады», деп айтылған парақшада. Қорған епархиясының бұл әрекетіне жауап қатқан Ресей йога федерациясының президенті Сергей Репин пірәдарларды йогадан хабары жоқ деп айыптап отыр. Йоганың қауіптілігі туралы парақшалар «Православтық бастама – 2021» халықаралық байқаудың гранттық қаржысына басылған.

0 пікір
Мұрағат