Жаһан: Эквадорда зілзалаға байланысты 8 күндік қаралы күн жарияланды
Жаһан: Эквадорда зілзалаға байланысты 8 күндік қаралы күн жарияланды
8 жыл бұрын 2196 24.kz ntv.ru vashgolos.net milliyet.com.tr Cumhuriyet.com

Эквадорда зілзала құрбандарын еске алу ретінде сегізкүндік қаралы күн жарияланды. Бұл туралы оңтүстікамерикалық елдің президенті Рафаэль Корреа мәлімдеді. Соңғы деректерге сүйенсек, елде болған алапат зілзала 646 адамның өмірін жалмаған. Шамамен 12,5 мыңдай адам зардап шегіп, 130-ы із-түзсіз жоғалғандардың қатарында. Құтқарушылар үйінділер астынан 113 адамды тірідей алып шыққан, деп жазады ТАСС агенттігі. Естеріңізге сала кетейік, Эквадордағы ең алапат апат саналатын зілзала 16 сәуірде болған еді.

Үндістанда аптап ыстықтан 220 адам қаза тапты

Үндістанда екі апта бойы сақталған аптап ыстықтың салдарынан 220 адам көз жұмды. Бұған дейін 150 адамның қазасы туралы хабарланған болатын. Марқұмдардың жартысына жуығы – Андхра-Прадеш пен Теленган штатының тұрғындары. Бұл аймақтарда ауаның температурасы 47 градусқа дейін көтерілген. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша әлі ауызсу аса тапшы аймақтардағы 330 млн адамның өміріне қауіп төніп тұр. Айта кету керек, Үндістанда ең ыстық кезең – сәуір мен маусым айлары. Өткен жылы күннің ыстық болуынан 2,5 мың үнді азаматы қаза тапқан.

Ыстамбұлдағы Ататүрік әуежайы жабылатын болды

Түркияның Көлік, теңіз істері және коммуникация министрлігі Ыстамбұлда салынып жатқан үшінші әуежайдың құрылысы бітіп, қолданысқа берілген соң Ататүрік әуежайының тағдырына қатысты мәлімдеме жасады. 45 миллион жолаушыға арналған әуежайдың жолаушылар саны 2015 жылдан бастап 62 миллионға жеткен.  Терминалдар жұмысы шамадан тыс артқанын алға тартқан министрлік өкілдері Ататүрік әуежайы жаңа әуежай қолданысқа берілгеннен кейін 2018 жылы жабылатынын мәлімдеді. Әуежай коммерциялық бағыттағы жолаушыларды мүлдем тасымалдамайтын болады. Тек жалпы әуе ұшулары, жүк және білім, тасымалдау, пайдалану, техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарын іске асыру мақсатында ғана жұмыс істейтін болады.

Бельгияда шабуылдарды тергеумен арнайы комиссия айналысады

Брюссель жұртшылығын дүр сілкіндірген лаңкестік әрекеттердің мән-жайын анықтаумен Бельгия Парламентінің арнайы комиссиясы айналысады. Олар аптасына екі рет бас қосып отырмақ. Полицейлердің тергеуіне кедергі болмас үшін кейбір отырыс жабық түрде өтеді. Комиссия жыл соңына дейін  жарылыстарға қатысты баяндама жасауы тиіс. Естеріңізде болса, 22 наурызда Бельгия астанасындағы Завентем халықаралық әуежайы мен Мальбек метро стансасында бірнеше жарылыс болған еді. Салдарынан 32 адам көз жұмып, тағы 300-ден астамы жарақат алды. 

 

0 пікір
Мұрағат