Қажылықтан кейінгі экологиялық бастама: ихрамнан қандай бұйымдар әзірленетіні айтылды
Қажылықтан кейінгі экологиялық бастама: ихрамнан қандай бұйымдар әзірленетіні айтылды
1 сағат бұрын 51 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Сауд Арабиясында жыл сайын өтетін діни науқаннан соң алғаш рет қажылар пайдаланып тастап кеткен матаны (ихрам) ысырап етпеу мақсатында экологиялық бастама қолға алынды. Бұл жайында islam.kz порталы The Islamic Information ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. “Тұрақты ихрам” (Sustainable Ihram) деп аталатын жобаны аталған елдің қалдықтарды басқару жөніндегі басқармасының ұлттық орталығы жүзеге асырады. Мыңдаған тонна болатын тоқыма бұйымдары бұрын қоқысқа тасталатын. Бұдан былай оларды қайыра кәдеге жаратудың жолдары қарастырылады. Аталмыш орталықтың мәліметінше, соңғы жылы осы бастаманың арқасында 211 тоннадан астам мата өңделген. Жиналған материалдардан сөмкелер, жастықтар, қапшықтар мен естелікке арналған кәдесыйларды қоса алғанда 5 мыңнан астам бұйым жасалған. Пайдаланылған ихрамдар қасиетті орындардың аумағындағы арнайы пункттерде жиналады. Содан кейін маталар санитариялық нормаларға сәйкес сұрыпталып, залалсыздандырылады. Тек осыдан кейін ғана материал жаңа бұйымдар өндірісіне жөнелтіледі. Экологиялық тұрғыдағы тиімділігінен басқа бірегей жоба жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Бастама шеңберінде 30 маусымдық бос жұмыс орындары ұйымдастырылды, сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардан шыққан 25 тігіншіге жұмыс табылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өз еркімен ихрамаларын қайта өңдеуге беретін қажылар саны жыл сайын артып келеді. Экологиялық жауапкершілік пен тұйық циклді экономика қағидаттарына арналған ақпараттық науқандарға 200 мыңнан астам адам қатысты. Жоба Saudi Vision 2030 бағдарламасының мақсаттарына сәйкес келеді және қажылық кезінде қалдықтарды қысқарту және орнықты тәжірибені дамыту жөніндегі неғұрлым кең стратегияның бір бөлігі ретінде алға шығады.

0 пікір
Мұрағат