Түркиядағы сириялық босқындарға ай сайын жәрдемақы төленеді
Түркиядағы сириялық босқындарға ай сайын жәрдемақы төленеді
8 жыл бұрын 2718 24.kz ФОТО: www.ridus.ru

Еурокомиссия Түркияда бас сауғалап жүрген сириялық босқындарға көмек беру бағдарламасын іске асыра бастады. Олар осы мақсатта босқындар үшін 348 миллион еуро бөлді. Қаржы Түркиядағы сириялық отбасылардың тұрмысын жақсартуға жұмсалады. Еурокомиссияның дағдарыс және гуманитарлық көмек басқармасы басшысының айтуынша, Түркиядағы әрбір сириялық босқынға дебетті карта беріледі. Оған ай сайын әр отбасының қажетіне қарай жәрдемақы түсіп тұрады. Қаржының рәсуа болмауын Түркия билігі мен Халықаралық гуманитарлық ұйымдар бақыламақ. Аталған бағдарлама ресми Анкара мен Брюссель арасындағы мигранттарға қатысты келісімінің бір парасы. Бұған дейін Кәрі құрлыққа ағылған босқындарды тежегені үшін Еуроодақ Түркияға 2016-2017 жылдары 3 миллиард еуро бөлуге уәде еткен.

«Түркиямен арадағы гуманитарлық әріптестігіміз жақсы қалыптасқан. Сондықтан, бағдарламаны іске қосуды жөн санадық. Саяси келеңсіздіктерге қарамай, азап шеккендерге жәрдем беру – басты мақсатымыз. Бөлінген қаржы миллиондаған сириялықтың өмірін жақсартуға жұмсалады. Олар енді балаларын жұмысқа емес, сабаққа жіберетін болады», - дейді Гуманитарлық көмек жөніндегі еурокомиссар Христос Стилианидес.

0 пікір
Мұрағат