Үндістан Пәкістанмен Кашмир дауына байланысты ядролық доктринасын қайта қарастырады
Үндістан Пәкістанмен Кашмир дауына байланысты ядролық доктринасын қайта қарастырады
5 жыл бұрын 4292 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Қойы қоралас жатқан көрші екі елдің де бас ауруына айналған Кашмир талас-тартысына байланысты текетірес  соңғы уақытта жаңа деңгейге көтеріліп, ушығып барады. Дипломатиялық қатынасты үзуден қарулы қақтығысқа дейін баруға дайын Пәкістан мен Үндістан да ядролық держава екенін естен шығармау керек. Бұл фактор өз кезегінде аймақтың тұрақтылығы мен тыныштығына ғана емес, сонымен қатар, экономикасы мен экологиясына да қатер төндіріп тұр. Бұл енді өз алдына бөлек тақырып. Үндістанның ұлтшылдардан тұратын билігінің мұсылмандар шоғырланған Кашмир аймағының ерекше мәртебесін алып тастағаны отқа май құйғандай әрекет болды. Үнділердің біржақты әрекеті өз кезегінде пәкістандықтардың ашу-ызасын тудыруда. Кашмир аймағының 45 %-ын бақылауда ұстайтын Үндістан конституциясының 370-ші бабымен ерекше мәртебе берілген болатын. Кашмир осы ерекше мәртебесіне байланысты Үндістандағы өз туы мен конституциясы бар жалғыз штат. Ендігі жерде Үндістан аталған штаттың ерекше мәртебесін жойып, әскерін кіргізуді көздеп отыр. Бұдан бөлек, Үндістанның қорғаныс министрі Раджнатх Сингх  елдің ядролық доктринасын қайта қарастыру керектігін алға тартып отыр. Кашмир талас-тартасына байланысты екі ел арасындағы текетірестің жаңа деңгейге көтерілуіне байланысты. Яғни, Үндістанның қауіпсіздігіне, ұлттық мүддесіне сырттан қатер төнген жағдайда ядролық қаруды бірінші болып қолдану қарастырылған құжатты ресми бекітуге саяды. ҮнділердіңNDTV Кхабар жаңалықтар қызметі таратқан хабарға қарағанда, аталған ел қорғаныс министрі бұл мәлімдемесін Раджастхан штаты аумағында орын тепкен ядролық полигонда тамыз айының 16-ы күні жасаған. Дәл сол күні, яғни, тамыздың 16-да Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде Үндістанның Кашмир аймағының ерекше мәртебесін алып тастауына байланысты арнайы жиын өтіп, үнді билігінің саяси қатерлі қадамын сынға алған болатын. Кашмир мәселесі бойынша өткен жиында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Кашмир мәселесі Үндістанның ішкі мәселесі емесін алға тартқан болатын. Бұдан бөлек, Кашмирде этникалық тазалау науқаны жүргізілсе, ең алдымен азшылықты құрайтын мұсылмандар зардап шекпек. Яғни, үнді ұлтшылдарының әрекетінен адам құқығы табанға тапталуы мүмкін. Соңғы уақытта елдегі мұсылманша атаулар мен өзге де исламды еске түсіретін «ен-таңбалардан» бірде-бір белгі қалдырмауға бел буғанын кезінде талай жазған едік. Бұдан бөлек, Үндістанның Ассам штатындағы мұсылмандардың депортациялануы мүмкін екенін де кезінде жазған болатынбыз. Дәлірегі, таяуда ғана Үндістанның 4 млн-нан аса тұрғыны (олардың дені мұсылмандар) заңсыз мигрант есебінде елден қуылатыны, алдымен лагерлерге орналастырылатыны белгілі болды. Кейін көрші жатқан Бангладешке немесе рохинялық мұсылмандарға геноцид ұйымдастырған Мьянмаға қуылатын болады. Бұрын да хабарлағанымыздай, мұсылмандар тығыз шоғырланған аталмыш штатта 1971 жылға дейін Үндістан азаматы болғанын осы тамыз айының 31-не дейін құжат жүзінде дәлелдей алмаған тұрғындар түре қуылмақ. Осылайша елдегі демографиялық дүмпудың бетін мұсылмандар есебінен қайтаруды ойлаған үнді билігінің бұл әрекеті қаншалықты рационалды? Қазіргі уақытта халқының саны 1,34 млрд адамға жеткен Үндістанның халық санының өсу көрсеткіші жылына 1,1 пайыздан асып кетіп отыр. Ол ол ма, үнділердің Шив сена деп аталатын ультраоңшыл партиясы елдегі демографиялық дүмпуге елдегі мұсылмандарды кінәлі етіп шығарды. Тамыз айының 18-і күні аталмыш партияның «Самна» деп аталатын мерзімді басылымында мұсылмандарға осындай айып таққан мақала жарық көрді. Мемлекеттің қазіргі әлеуетімен санаспай ұрпақ өрбітуді ғана ойлайды деп айыптаған. Тамыз айының 15-і күні Үндістанның премьер-министрі ел тұрғындарын отбасын жоспарлауға шақырып, үндеу тастаған болатын. Мемлекет басшысының осы үндеуіне байланысты мұсылмандарды жазғырып шыға келген ультраоңшыл партия өкілдерінің бұл мәлімдемесі де елдегі мұсылмандарды көзге шыққан сүйелдей етіп, мұсылмандарға қарсы жорықтың тағы бір науқанын бастайтынын жария еткендей болды. Соңғы ақпаратқа қарағанда, Кашмирде Үндістан билігінің Кашмир мәртебесін алып тастауына байланысты қарсы шыққандарды жаппай тұтқындап жатқаны белгілі болды. 4 мыңнан аса адам тұтқындалған. Қоғамдық тыныштықты бұзды деген желеумен.  

0 пікір
Мұрағат