Әлемжеліде танысып үйленгендер мен туыс немесе дос арқылы танысып үйленгендердің қайсысының некесі берік болады – зерттеу
Әлемжеліде танысып үйленгендер мен туыс немесе дос арқылы танысып үйленгендердің қайсысының некесі берік болады – зерттеу
3 жыл бұрын 1560 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Бүгінде интернет адамның өмір сүру құралына айналған, сауда жасаудан бастап, ұшаққа билет брондауға дейін интернет мүмкіндіктерін пайдаланып жатады. Кейінгі кезде әлеуметтік желі немесе танысу қосымшалары арқылы табысып отбасын құратындар қарасы артып келеді. Бұл бағытта британ ғалымдары арнайы зерттеу жүргізіп көрген екен. Бұл жайында islam.kz порталы Mail on Sunday ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім  етеді. Мәселен, ғалымдар батыста танымал Tinder секілді қосымшалар арқылы танысып шаңырақ көтерген жұптардың дәстүрлі жолмен (ағайын-туыстың, дос-жаранның, т.б. кеңесімен немесе дәнекерлігімен) үйленгендерге қарағанда алғашқы үш жылда ажырасқандар қарасы көп болып шыққан. Неке қорының келтірген дерегіне қарағанда, интернет арқылы танысып, отбасын құрғандардың 12%-ы орташа есеппен алғанда алғашқы үш жылда ажырасып тынған. Ал туған-туыс пен көршінің немесе құрбы-құрдасының ұсынған адамымен бас қосқандар арасында ажырасу көрсеткіші алғашқы үш жылда 2%-дан аспаған. Ғалымдардың түсіндіруінше, әлеуметтік желі арқылы танысып отбасын құрған ерлі-зайыптылар бір-біріне бәрібір жат болып қалған, яғни, бір-біріне етене бауыр басып кете алмаған. Тек алғашқы үш жылда ғана емес, сонымен қатар, 7 жыл ішінде де әлемжелі арқылы танысып үйленгендер жиі ажырасып жатады. Бұдан бөлек, ғалымдар бұл тарапта мынадай мәліметтер келтірген: үйленген сәтінен бастап он жыл ішінде жұмыста бір-бірімен танысып, табысқандар арасында ажырасу көрсекіші - 24%; интернет бойынша - 20%; сауық-сайран орындарында немесе мейрамханаларда танысып отбасын құрғандар арасында бұл көрсеткіш - 19%. Бір қызығы, туған-туыстың немесе көршісінің, досының себепкерлігімен үйленген жұптар арасында ажырасу көрсеткіші салыстырмалы түрде алғашқы он жылда төмен болып шыққан - 15%. Бұл нені білдіреді? Аталған зерттеуді жүргізген неке қорының директоры Гарри Бенсонның айтуынша, жанашыр адам өзі жақсырақ білетін адамды ұсынады, сол себепті, оның мінезіне, талғамына сәйкес келетінін ұсынады. Яғни, әлеуметтік қолдаудың маңызы ешуақытта өз мәнін жоймайтынын немесе мұндай әлеуметтік мектептің орнын ештеңе алмастыра алмайтынын алға тартып отыр.

0 пікір
Мұрағат