|
Жұмысшыларды жасанды зердемен алмастыру немесе АІ үшін жұмысшыларды жаппай қысқарту экономиканы күйретеді
|
Пенсилвания және Бостон университеттерінің (Америка құрама штаттары) экономистері AI технологиясының жаппай енгізілуіне байланысты нарықтық дағдарыстың болмай қоймайтынын математикалық тұрғыдан негіздеді. Бұл жайында islam.kz порталы hightech.plus ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Америкалық ғалымдардың зерттеу нәтижесіне сәйкес компаниялар «автоматтандыру тұзағында» қалып отыр: технологияны адаммен алмастыру, яғни, жұмысшыларды жұмыстан қысқарту арқылы шығындарды азайтуға ұмтылып, бизнес өз тұтынушыларын - тауарлар мен қызметтерді сатып алатын адамдарды табыстан айырады. Бұл нарықтың барлық ойыншыларының жиынтық сұранысы мен ұзақ мерзімде пайдасының төмендеуіне алып келеді. Мұндай дағдарыстан шығудың жалғыз тиімді құралы немесе жолы - автоматтандыруға салық енгізу. Зерттеушілер бұл тарапта арнайы математикалық модел құрған екен: онда бірнеше бәсекелес фирма қанша қызметкерді жасанды зердемен алмастыратыны қарастырылған. Бастапқыда бәрі қисынды болып көрінеді: AI адамдарға қарағанда арзан, сондықтан автоматтандыру пайданы арттырады. Алайда, авторлар жасырын қауіп-қатерге назар аударды. Жұмыстан босатылған қызметкерлер - бұл тауарларды сатып алуды тоқтататын тұтынушылар. Жаппай жұмыстан босату бүкіл нарықта орын алса, жалпы сұраныс төмендейді және ақыр соңында барлық компаниялар зардап шегеді. Осылайша компания да, жұмыстан босатылған жұмысшы да табысынан айырылады. Компаниялар қысқартылған жұмысшылардың еңбекақысынан үнемдеу арқылы қысқа мерзімде пайда тапқанымен ұзақ мерзімде табысынан айыратын тұзаққа өз еркімен барып түсуде. АІ технологиясы жетілген сайын ахуал нашарлай бермек. “Бір орнында жүгіру” тұзағы - алға жылжығандай көрінетін, алайда, бір орнында тұрып қалу қаупі басым. Зерттеушілер бизнестің бұл мәселені өз бетінше қалай шешетінін де тексеріп көрген екен, мысалы, жұмыс орындарын сақтау туралы ұжымдық келісімдер немесе акцияларды қызметкерлерге беру арқылы тығырықтан шығу жолдары қарастырылған. Мұндай нұсқалардың да тиімділігі төмен болып шыққан: өзін-өзі реттеу тетігі жұмыс істемейді. Өз еркімен құрылған одақтар ыдырайды, себебі, кез келген жеке фирмаға бәсекелестік артықшылық үшін келісімді бұзу тиімді. Нарық классикалық «тұтқынның дилеммасына» құлыпталған: жеке пайданы көздей отырып, компаниялар ұжымдық жеңіліске ұшырайды. Әлеуметтік қолдаудың тағы бір нұсқасы - жәрдемақы немесе сөзсіз базалық табыс. Алайда, бұл бағыттағы зерттеу мұндай қадамның аурумен емес, симптомдармен күресу екенін көрсетіп берген. Мұндай төлемдер жұмыстан босатылғандардың аман қалуына көмектеседі, алайда, компанияларды нарықта ынталандыруға әсері жоқ. Жалғыз жолы - автоматтандыруға салық салу. Әрбір жұмыстан қысқарған жұмысшы күші үшін салынған салықты жұмыстан қысқарған жұмысшыны қайта оқытуға жұмсауға, жаңа кәсіпке бейімдеуге болады.