Робот та қайыр тілеуге көшті (видео)
Робот та қайыр тілеуге көшті (видео)
1 сағат бұрын 53 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Роботтардың адамдарды жұмыс орнынан ығыстыратынына қатысты үрей сейілген емес, алайда, бір роботтың басындағы мүшкіл ахуал мұндай үрейдің негізсіз екенін растағандай болды. Бұл жайында islam.kz порталы Daily Mail ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Өткен аптада Қытайдың Сышуан провинциясындағы көшелердің бірінде адам тәрізді роботтың (гуманоид) қайыр тілеп тұрған сәті таспаға тартылып қалды. Ол тізерлеп, жанынан өткен жүргіншілерден қайыр тілеген. Робот жарықдиодты тақтайша мен дауыс зорайтқыш арқылы жергілікті тұрғындарға өзін зарядтауға ақшасы жоғын хабарлап, «электр қуаты үшін есеп айырысуға көмектесіңіз» деп жалынған. Қайыршы роботтың, тіпті, тиын-тебен жинауға арналған кішкентай тостағаны, сондай-ақ, цифрлы төлемдерді жинауға арналған QR коды болған. Бұл цифрлы қайыршылықтың артында тұрған, дәлірегі, роботты пайдаланып, ақша тапқысы келетін қаскүнемдердің кім екені анықталмады. Десе де бот 16 000 доллар (£12 000) тұратын Unitree G1 гуманоидты роботы ретінде анықталған. Интернетте бұл көрініс ақша табудың ерекше әрі таңғажайып тәсілі,  алыпсатарлықтың қиямпұрыс әдісі ретінде сипатталды. Қызды-қыздымен кей әлеуметтік желі пайдаланушылары робот тек адамдардың жұмысын тартып алып қоймай, кедейлер мен қайыршыларды да алмастыратын болады, дәлірегі, қайыршылар үшін қайыр тілейтін болады деп әзілдеді. Ал тілінің усойқылығы бар кей желі қолданушылары бұл көріністі пайдаланып, билікті шымшып өтті: “Еңбек нарығындағы жағдайдың нашарлығы сонша, роботтардың өздері қоңыз теріп кетті”, деп мысқылдауға көшкен.

0 пікір
Мұрағат