Аса қауіпті пневманияны микроробот көмегімен емдеп жазды
Аса қауіпті пневманияны микроробот көмегімен емдеп жазды
2 жыл бұрын 1533 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті. Микроскоппен қарағандағы микророботтың көрінісі. Ол нанобөлшектермен қапталған балдырдан (жасыл) тұрады. Бейне: Fangyu Zhang, Zhengxing Li, UC San Diego

Наноинженерлер дәрілерді өкпеге жеткізу үшін микроскопиялық балдыр роботтарын жасады. Бұл жайында islam.kz порталы nature.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл тараптағы зерттеу нәтижесі тышқандардағы өлімге әкелетін пневмонияны емдеуде 100% тиімділікті көрсеткен. Сан-Диегодағы Калифорния университетінің ғалымдары өкпе ағзасында еркін жүзе алатын микророботтар жасап шығарды. Құрылғылар кеміргіштердің өкпесіндегі пневмония тудыратын бактерияларды жойды. Емдеу нәтижесінде тышқандардың барлығы ауру қатерінен 100% аман қалды. Микророботтар балдырлардың жасушаларынан жасалған, олардың беткі жағы антибиотиктермен толтырылған нанобөлшектермен қапталған. Балдырлар өз кезегінде микророботтарға жүзуге және антибиотиктерді өкпедегі көбірек бактерияларға тікелей жеткізуге мүмкіндік беретін қозғалысты қамтамасыз етеді. Нанобөлшектер ақ қан клеткаларының бір түрі болып табылатын нейтрофилдердің жасушалық мембраналарымен қапталған биологиялық тұрғыдан ыдырайтын титтей полимерлі шарлардан тұрады. Бұл жасуша мембраналарының ерекшелігі - олар бактериялар мен ағзаның иммундық жүйесі шығаратын қабыну молекулаларын сіңіріп, бейтараптандырады, яғни, залалсыздандырады. Бұл жайт микророботтарға зиянды қабынуды азайтуына мүмкіндігін береді, ал бұл өз кезегінде оларды өкпе инфекциясымен күресуде тиімдірек етеді. Ғалымдар тышқандарды Pseudomonas aeruginosa бактериясы тудыратын пневмонияның жіті, яғни, өткір және өлімге әкелетін түрін емдеу үшін микророботтарды пайдаланды. Мұндай пневмония емханадағы өкпені жасанды жолмен желдету кезінде науқастарға жиі жұғады. Ғалымдар микророботтарды трахеяға енгізілген түтік арқылы тышқандардың өкпесіне енгізді. Бұл бағыттағы тәжірибе жүргізілген кеміргіштерде бір аптадан кейін инфекциялар толығымен жойылды. Сонымен қатар, емделмеген тышқандар үш күн ішінде өлген. Зерттеушілер роботтарды осындай жолмен енгізудің антибиотиктерді көктамыр ішіне енгізуге қарағанда тиімдірек болғанын атап өтті. Соңғысы дәл осындай әсерге жету үшін микророботтар берген дозадан 3000 есе жоғары дозаны қажет етеді. Нәтижесінде роботтарды қолдану дәрілердің кері әсерін азайтқан. Бұл құрылғыны ғалымдар адамға сынап көрмес бұрын алдымен ірі жануарларға қолданып, тексеріп көрмек.

0 пікір
Мұрағат