Пластмасса қалдығынан жанармай алудың амалы табылды (видeо)
Пластмасса қалдығынан жанармай алудың амалы табылды (видeо)
8 жыл бұрын 3701

Жапонияда қоқысқа тастаған пластмасса қалдығынан таза жанармай алудың амалы табылды. Тың жаңалықты жария еткен экокөрме Кавасаки қаласында өтті. Бұл шаһар Жапонияда жасыл технология жағынан көш бастап тұр. Қазір Кавасаки әкімшілігі жекеменшік саламен бірлесе отырып, сутегі жобасын қолға алған. Жыл сайын кәсіпорында 200 мың тонна пластмасса қалдығы өңделеді. Қазірдің өзінде өнімнің 10-нан астам түрі шығарылады. Мамандар енді энергияны үнемдеу және автокөлік жанармайы ретінде қолданылатын сутегі шығаруды қолға алмақ. Иохей Каджиша, «Showa Denko» компания басшысының көмекшісі: - Біз тұрмыстық пластмасса қоқыстан аммоний шығарамыз. Сутегі негізінен қайта өңделетін шикізат. Қолжетімді әрі экологиялық таза өнімге автоиндустрия тарапынан сұраныс артып келеді. Қажетті сынақтарды өткізгеннен кейін біз оны өндірістік жолға қоямыз. Акиказу Кобаяши, Кавасаки әкімдігінің экономикалық мәселелер жөніндегі халықаралық бөлімінің қызметкері: - Кавасаки қаласының әкімдігі сутегі технологиясы бойынша маңызды екі мақсатты көздеп отыр. Бірінші – автокөлік жанармайы ретінде сутекті қолдануды үйрену. Екінші – сутекті жасап шығаруды толық меңгеру. Бұған толық мүмкіндік бар. Зауыттар мен зертханалар дайын. Жапония алдағы жылы Астанада «Келешек энергиясы» атауымен өтетін халықаралық көрмеге қатысушылардың бірі. Күншығыс елінің EXPO 2017 көрмесінде ұсынатын жаңалығы қатарында осы жоба да бар. Көрмеге сутегі жанармайымен жүретін көліктер шығаратын компаниялар да қатыспақ.

1 пікір
  • Негізі бұдан бұрын қазақ ойлап тапқанын жаңалықтардан көрген болатынмын.Бір бірімізге қолдау білдіруіміз керек
    8 жыл бұрын
Мұрағат