Жұмыссыз қалған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлем 6 айға дейін ұзартылды
Жұмыссыз қалған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлем 6 айға дейін ұзартылды
8 жыл бұрын 3755 Baq.kz ҚазАқпарат

Жұмыссыз қалған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлем төрт айдан жарты жылға дейін ұзартылмақ. Бұл туралы Сенатта "Халықты жұмыспен қамту туралы" жаңа заң жобасы қаралған отырыста ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов айтты. 

"Бүгінгі күні жұмыстан айырылған азамат мемлекттік сақтандыру қорынан төрт айға дейін әлеуметтік төлем алады. Ендігі уақытта егер азаматтар жаппай жұмыстан босатылатын болса, яғни мекеме банкроттыққа ұшырап, жабылса, не болмаса штат қысқартылса, әлеуметтік төлем 4 ай емес, 6 айға дейін төленетін болады. Әрине, бұған қосымша жұмыс іздеп келген азаматтарға кәсіби бағдар мәселесі анықталған. Отбасының әрбір мүшесіне белгіленген кедейлік шегінен аз болса, олар атаулы әлеуметтік көмек алатын болады", - дейді Б.Нұрымбетов.

Бұдан бөлек, оның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң бойынша ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға жарнаны мемлекет аударатын болады.

"Біз жұмыспен қамтудағы шараларды қолдану кезінде адамдарды қамту ауқымын кеңейтуді қарастырдық. Атап айтқанда, қолданыстағы заң бойынша нысаналы топқа 13 санаттағы азаматтар кіреді. Қолдаудың бәрі осы адамдарға көрсетілетін. Енді жаңа заң бойынша әрбір мемлекеттік қолдау шаралары бойынша адамдар санаты белгіленіп отыр. Мысалы, бүгінде кәсіби оқытуға не болмаса қоғамдық жұмыстарға тек қана жұмыссыз ретінде тіркелген азамат жіберілсе, жаңа заң бойынша енді жұмыс істеп жүрген, бірақ мәжбүрлі ақысыз демалысқа шығып кеткен адамдарды да тартуға болады", - деді вице-министр.

Сондай-ақ студенттер мен жоғары сынып оқушыларына жазғы демалыс кезінде қоғамдық жұмыстарға қатысуына да мүмкіндік берілмек. 

 

Жұмыссыздарды тіркеу тәртібі өзгертілетін болады

Қазақстанда жұмыссыздарды тіркеу тәртібі өзгертілетін болады. Бұл туралы Сенаттың Әлуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов осылай мәлім етті. Комитет отырысында «Жұмыспен қамту туралы» жаңа заң жобасы талқыланған болатын.

«Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, біз жұмыссыздарды тіркеу тәртібін өзгертетін боламыз. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша біз жұмыспен қамту орталықтарына келген азаматтарды бірден есепке алатынбыз. Ал жаңа заң жобасы бойынша біз ол азаматтарды әуелі «жұмыс іздеуші адам» ретінде есепке алатын боламыз. Сосын жұмыспен қамту орталықтары әлгі азаматқа лайықты жұмыс орнын іздейтін болады. Егерде лайықты жұмыс табылмаса, он күннен кейін ғана әлгі азамат «жұмыссыз» статусын алып, тіркелетін болады», - деді Б. Нұрымбетов.

Оның айтуынша, бұндай норма жұмыссыздарды формальді түрде тіркеуге жол бермейді. Сонымен қатар, бұл ретте ең біріншіден адамның жұмыс табу ниетіне баса назар аударылып, соған қатысты көмектер көрсетіледі. 

«Бұдан бөлек, жұмыс іздеп келген азаматтарға кәсіби бағдар беру мәселелері де толық қамтылып отыр. Ол азаматтардың отбасының әрбір мүшесінің табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен болса, онда олар атаулы әлеуметтік көмек алатын болады. Бұнымен бірге, жаңа заңға сәйкес, ресми жұмыссыз ретінде тіркелгендерге міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесіне жарналарды мемлекет аударатын болады», - деді вице-министр. 

0 пікір
Мұрағат