Қазақстандық балалар зиянды ақпараттан қорғалатын болады
|
Парламент мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы мақұлданды. Бұл жайында nur.kz сайты «Қазақпаратқа» сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
Жобасы бастамашының бірі депутат Алдан Смайылдың айтуынша, аталған құжат бұған дейін мақұлданған "Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы" заң жобасының нормаларына орай дайындалған. Заң жобасына мәжілістің бірқатар депутаттары бастамашылық жасап отыр.
Әуелгіде құжат бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, "Баланың құқықтары туралы", "Жарнама туралы", "Телерадио хабарларын тарату туралы" және "БАҚ туралы" заңдарға өзгерістер енгізу қамтылған болатын.
"Мәселені зерттей келе, негізгі заң жобасының мазмұны айқындалды. Соған орай, өзгерістер енгізілетін заңдардың қатары толыға түскен. Атап айтқанда, "Рұқсаттамалар мен хабарландырулар туралы", "Дербес деректер туралы", "Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы", "Білім және ғылым туралы" бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп отырмыз", - дейді ол.
Оның айтуынша, өзгерістер негізінен ақпараттық қауіпсіздіктен бастап, радиоэлектрондық немесе жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалану қағидаларының сақталуы, білім беру мекемелерінде балаларды зиянды ақпараттан қорғауды қамтамасыз ететін ақпараттық бағдарламалық кешеннің болуы секілді нормалар қамтылып отыр.
"Бұдан бөлек, жарнаманы балалар денсаулығы мен дамуына зиянын тигізетін ақпараттық өнімді насихаттау үшін пайдаланбау, интернет ресурстарына талап қою, балалардың ақпараттық қауіпсіздігі бағытындағы мемлекеттік саясат пен оны іске асыру секілді өзекті шаралар қамтылған", - деді депутат Алдан Смайыл.
Екінші оқылымда мақұлданған заң жобасы сенатқа жолданады.