Қазақстанның халал стандартын әлем елдері мойындайтын болады
Қазақстанның халал стандартын әлем елдері мойындайтын болады
2 жыл бұрын 1140 kazislam.kz

БАӘ халықаралық аккредиттеу орталығынан Халал өнімдерін сертификаттауды жүргізу құқығымен Қазстандарт зертханасын аккредиттеу туралы ресми құжат алынды. Бұл туралы kazislam.kz ақпарат көзі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың фейсбуктағы парақшасындағы жазбасына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. 

“Ел ішінде Халал халықаралық сертификатын алу мүмкіндігі экспортты арттыруға ынталандырады деп сенемін. Егер қазір кәсіпорындар халал сертификатын алу үшін (импорттаушы елде) партияға $7 мыңнан $30 мыңға дейін жұмсаса, Қазақстандағы сертификаттау құны сериялық өндіріске 700 мың теңгеден ($1,5 мың) басталады, ал партияға 90 мыңнан 700 мыңға дейін.

Бұл зертхананың сертификаттау нәтижелері Парсы шығанағындағы барлық араб мемлекеттерінің (Бахрейн, Катар, Кувейт, БАӘ, Оман, Сауд Арабиясы) аумағында мойындалатын болады. Сонымен қатар экспорт көлемін басқа аймақтарға, мәселен Иран, ТМД, Түркия және т.б. елдерге ұлғайта аламыз. Айта кетсек, Қазақстанда халал өнімдерін шығаратын 4200-ден астам өндірушілер бар: тамақ өнімдері, тоқыма, фармацевтика, тұрмыстық химия және косметика…

Әлемде халалға деген сұраныс үлкен. Халал өнімдерінің импорты 1,7 трлн доллардан асады, ИЫҰ елдерінде импорт көлемі 250 млрд-қа жетеді, айта кетерлігі, үш ірі импорттаушы елдің қатарынла Сауд Арабиясы, БАӘ және Египет бар. 2024 жылға қарай әлемдік халал тауарлар нарығы 2,4 трлн долларға жетеді деп жоспарланып отыр. Біз осы триллионның ішінде қазақстандық үлес басым болуы үшін барлық жағдайды жасаймыз.

Айтпақшы, біздің зертхана ЕАЭО пен Орталық Азиядағы халықаралық талаптар бойынша аккредиттелген жалғыз зертхана болып табылады. Демек біз Халал бойынша өңірлік хабқа айналудамыз. Азия, ЕАЭО және ТМД елдерінің кәсіпкерлері өз өнімдерінің сәйкестігін бағалау және Парсы шығанағы елдерінің нарығына шығу үшін біздің зертхананы пайдалана алады”, – деп жазды Бақыт Сұлтанов.

0 пікір
Мұрағат