Тарихи тұлғаларға тіл тигізгендер жазалана ма?
Тарихи тұлғаларға тіл тигізгендер жазалана ма?
4 жыл бұрын 2970 Есет Тулеш. Ахмет Байтұрсынұлы. © adebiportal.kz

Желіде қазақтың ұлы тұлғаларын балағаттаған адамның жазбасы қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушысы Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынов, Шәкірім Құдайбердіұлы секілді зиялыларға тіл тигізген. Заңгер Думан Көпбаевтың айтуынша, тарихи тұлғаларды балағаттаған адамды жазалау заңда қарастырылмаған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Желі қолданушыларының бірі "Мұстафа Шоқайды, Ахмет Байтұрсыновты айыптап, балағаттаған. Сондай-ақ, "Шәкірім Құдайбердіұлына да тіл тигізген және "Алаш Орда" партиясын айыптаған. Алайда редакция қолданушының жазбасын жарияламауды ұйғарды. 

Думан Көпбаевтың айтуынша, мұндай балағат сөздер жазған желі қолданушысы жазаланбайды.

"Бұл тарихи тұлғаларымыз қайтыс болған. Олар қайтыс болуына байланысты тұлғаларымыздың атына нұқсан келтіргендер жазаланбайды. Оларға қатысты қылмыстық та, әкімшілік те жауапкершілік көзделмеген. Байтұрсыновты, Шәкәрімді Желіде қорлаған адам жазаға тартылмайды. Тек ресми түрде азаматтық іс бойынша сол адамнан кешірім сұратуға болады. Бірақ балағаттаған адамға сол тұлғаларымыздың туыстары, шөберелері немесе Жазушылар одағы азаматтық талап қоюы қажет. Ал басқа азамат, сіз бен мен шағымдансақ та, сот оны қарамайды. Өйткені, біздің бұл тұлғаларға қатысымыз жоқ. Сондықтан, желіде болсын, өмірде болсын, ұлы тұлғаларымызды балағаттаған адам жазаланбай, көп болса, кешірім сұрап құтылуы мүмкін", - дейді Көпбаев.

Маман ҚР Қылмыстық кодексінің "Балағаттау" бабы бойынша із қозғалмайтынын айтады.

"Желіде мұндай пікір жазған адамды Қылмыстық кодекстің 130 ("Балағаттау"), 131-баптары ("Жала жабу") бойынша жауапқа тарту үшін балағаттанған адам тірі болуы керек. Бұл жерде жәбірленуші қажет. Туыстары арыз жазғанның өзінде кінәлі адам тек кешірім сұрайды. Моральдық зиян тигізгенін дәлелдеу қиын. Ол үшін тән азабы болғанын немесе жүйкеге зиян келгенін дәлелдеу керек болады", - дейді заңгер.

Думан Көпбаев Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізуді ұсынады.

"Кей шетелде тұлғалардың есімі заң бойынша қорғалған. Араб елінде де діни тұлғаларды балағаттағандар қатаң жазаланады. Бізде де ұлы тұлғаларымызды балағаттап, мазақ етсе, қылмыстық жауапқа тарта алатындай заң қарастыруымыз қажет. ҚР Қылмыстық кодексіне жаңа қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынар едім", - деді ол.

 

0 пікір
Мұрағат