Қытай Азиямен арадағы сауда үшін ұзындығы 134 шақырымдық жаңа «су каналын” қазып жатыр (видео)
Қытай Азиямен арадағы сауда үшін ұзындығы 134 шақырымдық жаңа «су каналын” қазып жатыр (видео)
1 сағат бұрын 27 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Қытай билігі Пинлу каналының жобасын белсенді түрде жүзеге асырып жатыр. Бірегей жоба бойынша халықаралық теңіз жолы үшін ішкі өзеннен кеме өткізетін, ұзындығы 134 шақырымға созылатын канал қазылуда. Бұл жайында islam.kz порталы EcoNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мұндағы мақсат оңтүстік-батыс аймағынан жүкті мейлінше жылдам жеткізуге, жолға кететін шығынды азайтуға, оңтүстік-шығыс Азия елдерімен сауда-саттықты дамытуға саяды. Осылайша уақыттан ұтуға, қаржы үнемдеуге, экономикалық байланысты жандандыруға мүмкіндік беретін ауқымды әрі стратегиялық жоба жолдың қашықтығын 560 шақырымға қысқартады. Жылына 5,2 миллиард юан (қытайлардың төл ақшасы - ред.) немесе шамамен 750 миллион доллар негізінен жол жүру уақытын қысқарту және отын шығынын азайту есебінен үнемделеді екен. Ресми хабарламалардың бірінде жобаның жоспарланған бюджеттің 90% -ға жуығы жұмсалғаны айтылған - негізгі құрылыс жұмыстарының басым бөлігінің аяқталғанын көрсетеді. Жоспарланған инвестицияның жалпы көлемі 72,7 миллиард юанды құрайды, яғни, шамамен 10 миллиард долларға тең, ал арнаны пайдалануға 2026 жылдың соңына таман беру жоспарланған. Арна тек қана Қытайдың ішінде тауарларды тасымалдауға арналмаған. Ол, сондай-ақ, көршілес елдермен, әсіресе, оңтүстік-шығыс Азиямен арадағы сауда-саттықта оңтүстік-батыс өңірлерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Соңғы деректер Қытайдың оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы (АСЕАН) елдеріне экспорты 2025 жылы 13,4% -ға өскенін, ал Америка құрама штаттарына экспорт доллармен есептегенде 20% -ға қысқарғанын көрсетті. Бұл үрдіс Бейжіңнің оңтүстікке апаратын құрлықтағы және өзендегі теңіз бағыттарына неге инвестиция салуын жалғастырып келе жатқанын түсіндіріп береді.

0 пікір
Мұрағат